Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2020

Асхат Аймағамбетов мұғалімдер жалақысы қалай өсетінін түсіндірді

1164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруға арналған онлайн брифингте мұғалімдер жалақысы қалай өсетінін айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асхат Аймағамбетов мұғалімдер жалақысы қалай өсетінін түсіндірді

"Президенттің "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты жолдауында Білім және ғылым салаларын дамыту бойынша өте маңызды тапсырмалар берілді.

Алты жасқа дейінгі балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту. Бұл мәселені іске асыру үшін екі ерекшелік бар:

1. Біз бұл тапсырманы жеке меншік балабақшалардың үлесін арттыру бойынша орындайтын боламыз. Мемлекеттік тапсырысты беріп, осы уақыт ішінде жеке меншік секторды дамытудың арқасында біраз өзгерістер болды. Қамту пайызы өсті. Әрқарайда осы бағытпен жұмыс істеп, қамту мәселесін шешетін боламыз.

2. Ваучерлік механизм деген не? Мысалға ата-аналар баласының кезегі келгеннен кейін, қай балабақшаға баратынын өзі таңдайтын болады", деді ол.

Министр сондай-ақ орта білім бойынша қашықтан оқыту және ұстаздардың қосымша үстемақысы туралы айтты.

"Орта білім бойынша қашықтан оқыту бойынша платформалардың функцияналдығын, мүмкіндігін арттыру бойынша тапсырманы білесіздер. Біркелкілендіру орташа ортақ талаптарды беру бойынша бұл жұмысты бастап кеттік. Әрқарай бұл жұмысты жалғастырып, тиісті деңгейде орындайтын боламыз.

Ұстаздардың жалақысы бойынша жалпы қаржы бюджетте қарастырылды. Және де 1 қаңтардан бастап деп айтқан болатынбыз. Оған дейін Мемлекет басшысы алдыңғы жылы да тапсырма берген болатын. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап ұстаздардың дәптер тексеру бойынша үстемақылары екі есе көбейді. Сондай-ақ қыркүйектің бірінен бастап ұстаздардың сынып жетекшілігі бойынша үстемақысы да екі есе көбейіп жатыр. Биылғы жылы магистратураны бітірген әріптестеріміз бұдан былай магистрлық деңгейіне сәйкес айына қосымша 27 мың теңге алатын болады", деді министр.