“Қырғыз” дегенде, ар жағында “ағайын” деген сөз еріксіз қосарланып тұрады. “Төсекте – басымыз, төскейде – малымыз қосылған” халықпыз. Көңіл жақын болған соң, қуаныштың да, қиындықтың да ортақ болатыны белгілі. Кезінде қырғыз ағайындар тәуелсіздігін жариялады деп қуандық, осыдан бес жыл бұрын және күні кеше билік үшін күрестің салдарынан елде қантөгіс болғанда көңіліміз қабарған.
Ағайын елдегі оқиғаға байланысты әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Әркімнің өз пікірі бар десек те, оны парасаттылықпен пайымдаған жөн болар. “Халықтың төзімі таусылды, өзі көтерілді” деп елде болған қантөгісті, осы оқиға кезіндегі тонаушылық, ұрлық-қарлық, бұзақылықтың барлығын халыққа жаба салу қиын, көтерілістің негізінде халықтың әлеуметтік жағдайы жатты дегенмен, қантөгіске апарып тіреген билікке таласушылардың мәмілеге келмеуі, ең алдымен арандатушылық әрекеттері, халықтың қолымен от көсеуі екені даусыз.
Енді біреулер сыртқы факторды алға тосады. Тіпті Ресей ақпарат құралдары Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың аузына: “Бұл халықтың Америкамен жақындасуға қарсылығы”, деген сөз салуы да саясат саудасының көрінісі. Оқиғаға көрінеу көзге теріс баға беру қиындықтан шығуға қырсығын тигізеді. Бір елді екіншісіне қарсы қою жақсылыққа апармайды. Қырғыз елі үшін дәл қазір әлемдік қоғамдастықпен, барлық елдермен тіл табысу айрықша маңызды.
Ағайын елдегі жағдайға біздің әрқайсымыздың, еліміздің көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ осынау туысқан елге дәл қазір ең керегі – ағайындық ақ көңілмен қамқор қолымызды ұсыну. Бұрын да біздің бір-бірімізге үлкен дауымыз бола қойған жоқ. Шекарамыз қалыпты, барыс-келісіміз ашық болатын. Ағайынның қиындыққа кезіккен кезінде есіктің ашыла түскені артық емес.
Қырғыз Республикасы дербес мемлекет, өз мәселесін өзі шешуі керек деген пікір де айтылып қалып жатыр. Ал сол елдің ішіндегі бір мәселенің шешілуіне ағайынның араласуы қажет болса, одан іркіліп қалудың да жөні жоқ. Қайта араағайындыққа жүру парыз. Еліміз – ЕҚЫҰ-ның төрағасы, басқа да халықаралық ұйымдарда беделі бар. Соны пайдаланып та өтпелі кезеңде тұрған қырғыз елінің халықаралық қауымдастықтармен араласуына жағдай жасап жатсақ, ол ағайынды көңіліміздің көрінісі болар еді. Ағайынның қиындығы – ағайынға сын.
Мамадияр ЖАҚЫП.