Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2020

Зиялы қауым өкілдері Президент Жолдауын талқылады

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

"Egemen Qazaqstan" газеті редакциясында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен  зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауын талқылады, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Зиялы қауым өкілдері Президент Жолдауын талқылады

Дөңгелек үстелге ҚР Мәжіліс депутаттары, еліміздегі беделді ЖОО басшылары, облыстық газеттердің бас редакторлары, ақын-жазушылар мен баспасөз өкілдері  қатысты. 

Жиын барысында сөз алған Мәжіліс депутаты Дархан Қамзабекұлы әр Жолдау реформаларды жүзеге асыру үшін жасалатынын атап өтті.

"Президенттің кезекті Жолдауында сабақтастық бар. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан 5 жыл бұрын Елбасы көтерген мәселелердің көпшілігін әрі қарай жүзеге асырудың жолдарын ұсынды. Президент Жолдауда "кеш қабылданған шешімнің өзі жай ғана зиян емес, ол ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді" деді. Біздің бүгінгі жиын да өте дер кезінде жасалып отыр. Әр депутаттың тиімділігі болуы керек. Сонда ғана жақсы сапалы заңдар болады. Біздің атқарушы билік те заңға жай қарай салмай, бүкіл болашақ стратегиялық мақсатын орындауын көздеуге барынша атсалыссын деп айтып отыр. Меніңше ол өте дұрыс мәселе", - деді ол.

Сондай-ақ Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Жолдау халықтың мүддесіне бағытталғанын сөз етті.

"Осыдан 1 жыл бұрын сайлауалды науқанға Президент халықтың үніне құлақ асатын мемлекет қажет деп айтқан болатын. Сол сөз биліктің ұстанымына айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан да болар осы аралықта көптеген мәселелер көтерілді. Барынша оперативті түрде көп мәселе шешіліп жатыр. Билік пен халық арасында үнемі байланыс болуы керек.  Бізде халықтың ойын естіп отыратындай механизм болуы керек. Оны жасайтын партиялар, қоғамдық ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, мәжіліс, мәслихаттар. Осы ұйымдарға баса назар аударылды. Құжатта оларға қосымша құқық берілетіні айтылды. Мәслихаттар билікке петициямен шығуға дейін бару керек екенін айтып отыр. Бұл революциялық шешім. Осы шешім көңілімізге жақсы ұя салып отыр. Бұл қоғамдық ұйымдар жүйелі түрде екі арада байланыс жасап отырғанымен, билік пен халықтың саяси мәдениетінің деңгейі бір біріне жақын болу керек",- деді Ерлан Сыдықов.

Айта кетейік, жиыннан соң Аида Балаева "Egemen Qazaqstan" газетінің тілшілерімен кездесті. Басылымның атқарып жатқан жұмысына оң баға берген министр ұжымға министрліктің атынан автокөлік сыйға тартты.