Бұл кезеңде спортшылар Ле Тей мен Эгуаль арасы, жалпы 191 шақырымды жүріп өтті. Қазақстандық Алексей Луценко қарсыластарынан қара үзіп, мәреге бірінші болып жетті. Ол жарыс кезінде пелотоннан алты минутқа озып кетті. Мәреге жақын тұста Луценко мен негізгі топтың арасы үш минутты құрады.
Дегенмен «Астананың» бұрынғы велошабандозы Фабио Ару (UAE Team Emirates) мен Хесус Эррада (Cofidis) біздің спортшыға айтарлықтай қарсылық көрсеткен. Алайда жарыс жолының аяқталуына он шақырым қалғанда Арудан қауқар кетті. Ал Эррада соңына дейін күрескенімен, Луценко қарсыласынан оқ бойы озып, мәреге бірінші болып келді.