Театр • 07 Қыркүйек, 2020

"Астана Опера" театры жаңа маусымын ашады

24 рет көрсетілді

"Астана Операның" сегізінші театр маусымы ашылады, деп хабарлайды Egemen.kz Театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

18 қыркүйек күні Tengri TV мен "Астана Операның" YouTube-арнасынан тікелей эфирде театрдың бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен "Опералық классикаға саяхат" атты Гала-опера бағдарламасын ұсынады.

Гала-опера театрдың Үлкен залы сахнасынан онлайн өтеді. Бағдарламаға ұлттық және әлемдік мұраның үздік үлгілері – А.Жұбанов, Л.Хамидидің "Абай", Дж.Россинидің "Севильдік шаштараз", П.Чайковскийдің "Евгений Онегин" операларынан көріністер енген. Тыңдарман алдында елордалық труппаның танымал солистері өнер көрсетпек.

Театр дирекциясы 2020 жылдың екінші жартысы мен 2021 жылы жұртшылықты айтулы премьералар мен ғаламат концерттік бағдарламалар күтетінін айтты. Қазан айының басында Г.Доницеттидің "Дон Паскуале" операсының премьералық онлайн-көрсетілімі өтеді, жаңалықтар тізбегін В.А.Моцарттың музыкасына көрнекті хореограф И.Килианның қойылымындағы "Алты би" эксклюзивті балеті жалғастырмақ. Одан кейін театрсүйер қауым назарына көптен күткен премьералар: Г.Доницеттидің "Махаббат сусыны" операсы және Т.Қажығалиев, Р.Гайсин мен К.Пино-Кантананың музыкасына Патрик де Бананың қойылымындағы "Дала үні" ұлттық балеті ұсынылмақ.

Тибор Кочактың музыкасына Дьюла Харангозоның "Ақшақар мен жеті ергежейлі" балеттік спектаклі баршаға кішкентайынан таныс ертегі желісімен жаңа қызықты интерпретацияда өнерсүйер қауымға жол тартады. Асқақ классика жанкүйерлеріне алдымыздағы жылдың басты премьерасы – Е.Рахмадиевтің "Алпамыс" ұлттық операсын ұсынбақ.

"Бұл маусымды біз өзімізге тосын, дағдыланбаған форматта ашқалы отырмыз: әртістер залдағы көрерменсіз сахнада өнер көрсететін болады. Қойылымдар мен концерттердің тікелей көрсетілімдері қыркүйек айына жоспарланып отыр. Қазіргі сәтте солистер осыншалық ұзақ үзілістен кейін жұмысқа белсене кірісіп кетті. Олар дайындық залдарында өнерлерін шыңдауда, алайда, тыңдармандармен алғашқы кездесуіміз онлайн-форматта өтетіндігіне қарамастан, сөзсіз, қобалжу үстінде. Театрдың көркемдік кеңесі ұлттық және әлемдік опера мен балет классикасын, камералық музыка концерттері және, әлбетте, балалар мен жасөспірімдер аудиториясы бағдарламасын қамтитын сегізінші маусымның мазмұнды репертуарын әзірледі. Көптеген жоспарларымыз коронавирус пандемиясының кесірінен жүзеге асырылмаған болатын. Карантинге қарамастан, біз онлайн режимде белсенді жұмыс атқардық, көптеген түрлі жобалар жасадық және қашан да біздің театрдың өнерін сүйіп тамашалайтын азаматтардан оң пікірлер мен хаттар түрінде жауаптар алып отырдық", - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Астана Опера" театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар