Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2020

Жарқыраған өмірге не жетсін...

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күндіз жайнап тұратын қала көшелері түнде тұңғиыққа батса, ондай шаһардың күтімі ойдағыдай емес екені белгілі. Тұрғындар аз жүргенімен өз шаһарының түнде де жарқырап тұрғанын қалайды.

Жарқыраған өмірге не жетсін...

Жарқырап тұрған көшелер ең алдымен керек дүниені оңай табуға, үлкен-кішінің адаспай жүруіне қолайлы болса, екінші жақтан суық қолды адамдардың, бұзақы жандардың еркін босуына жол бермейді. Жарықта көрініп қалатын болатындықтан ондайлар еркін ойқастай алмайды. Сондықтан жарқыраған жарық тәртіптің сақталуына, адамдардың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.

Соңғы кездері Петропавл көшелерінің де түнде жарық болуы қолға алынып, қала әкімі Болат Жұмабеков бұл істі қатты қадағалап отыр. Қазір көптеген көшенің күйіп кеткен шамдары ауыстырылып, жаңалары қойылып жатыр. Қала әкімдігінің "Тұрғын-үй коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" бөлімі "Еуропалық Қайта құру және Даму" банкінен осы шараларға несие алып отыр. Алынған және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат қаланың жарты тұрғындары (120 мың адам) тұратын бөлігін толықтай жарықтандырмақ.  Биыл ең үлкен деп саналатын 16 көшеге жаңадан шамдар іліну көзделген. Оның 11-нің қаражаты жергілікті бюджеттен болса, 5-еуі "Қайта құру және даму" банкінен алынған несиенің есебінен қаржыландырылады.

Соның ішінде, қазірдің өзінде Әуезов көшесі толығымен қайтадан жарықтандырылды. Барлық бағандардағы күйген шамдар ауыстырылды. Әуезов көшесі қаланың үлкендерінің бірі еді, енді ол түнде де жарқырап тұратын болды. Ал қазір Кеншінбаев, Астана, Бөкетов, Уәлиханов көшелерінде бұл жұмыстар жалғасын тауып жатыр. Барлығы 6 мыңдай жаңа шам іліну жоспарланған.

Жарықта тұрып, жарықта өмір сүргенге не жетсін? Мұндай жаңалықтар Қызылжар тұрғындарын қуанта түсуде.