Руханият • 07 Қыркүйек, 2020

Қазақстан мен Қырғызстан өкілдері онлайн конференцияда "Манас" эпосын талқылады

68 рет көрсетілді

Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы ассамблясының "Жыр орталығы" Қырғызыстанның "Манас" және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясымен, Еуразиялық шығармашылық гильдиясымен (ECG – Лондон) бірлесіп "Манас. ЖаҺандану бастауы" атты халықаралық онлайн конференция өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz

Конференцияға ғалымдар, манасшылар, ҚХА этномәдени бірлестіктері мен Еуразиялық шығармашылық гильдиясының мүшелері қатысты. ZOOM бағдарламасында өткен шараға "Қырғызстан – Астана" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаилов төрағалық етті.

Онлайн жиында алдымен сөз сөйлеген Нұр-Сұлтан қаласының ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова Достық үйінде ашылған "Жыр орталығы" елорда өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті. Сондай-ақ орталықтың халықаралық деңгейге шығып жатқанына қуанышты екенін айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Сонан соң шараның модераторы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов "Манас" эпосы дүниежүзілік мәдениеттің алтын қорына қосылған адамзатқа ортақ мұраның бірі екенін атап өтті.

"Эпостың зерттелуі туралы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов 1961 жылы өзінің еңбегінде кең көлемде тоқталды. Қазақстанда "Манас" 1961 жылы қырғыздың халық батырлық дастаны ретінде 4 том болып басылып шықты. Содан бері "Манас" қазақ пен қырғыздың, бүкіл түркі халықтары мен барша адамзаттың ортақ мұрасына айналды. Сондықтан бүгінгі конференцияның көтерген жүгі де, алға қойған мақсаты да екі халықтың достығы, тарихи тамырластығы болса дейміз", деді А.Алматов.

Өз кезегінде Қырғызыстан тарапының модераторы, "Манас" және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясының манастану бөлімінің меңгерушісі Ташманбет Кененсариев жырдың көлеміне әлемде бірде-бір эпикалық ескерткіш теңесе алмайтынын атап өтті.

"Мәселен, Сағымбай Орозбақовтан жазып алынған жырдың көлемі 250 мың жолдан тұрады. Бұл Фирдоуси "Шахнамасынан" 2 есе, Гомердің "Илиадасынан" 16 есе көп. Бұған Саяқбай Қаралаевтан жазып алынған Манастың баласы мен немересі суреттелетін "Семетей", "Сейтек" жырын қоссаңыз ақындықтың айшықты құдіретін тани аласыз. Жалпы, жырдың барлық нұсқаларын жинақтасақ, шамамен 3 миллион жолға жетеді", деді Т.Кененсариев.

Одан кейін сөз сөйлеген Еуразия шығармашылық гильдиясы төрағасының орынбасары Марат Ахметжанов гильдияның 2015 жылдан бері эпосты әлемге насихаттауда атқарған шараларына тоқталып, "Манас" феномені әлі де терең зерттеуді қажет ететінін атап өтті.

Сонымен қатар конференцияда ҚР мәдениет қайраткері, ақын Баянғали Әлімжанов эпостың зерттелу тарихы, оған үлес қосқан қазақ ғалымдары туралы баяндама жасап, жырдан үзінді оқыды. "Манас" және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясының президенті Топчубек Тургуналиев "Манас" және қырғыз халқының әлемдік мәдениеттің эпикалық қазынасына қосқан үлесі» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ "Манас-Мурас" қоғамдық қорының атқарушы директоры, Қырғыз

Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, манасшы Рысбай Исаков "Манас" эпосынан үзінді орындады.

Шара соңында қатысушылар манастану мәселелері, "Манас" эпосын мыңжылдықтың шежіресі ретінде насихаттау туралы ой қозғады. Конференция Еуразиялық шығармашылық гильдия мүшесі Б.Әлімжановтың "Сказ столетнего степняка" кітабының тұсаукесерімен қорытындыланды.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар