Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
«Жұмыспен қамту-2020» жол картасы шеңберінде Торайғыр, Сабындыкөл және Жасыбай көлдеріндегі жағажайларды абаттандыру, сондай-ақ С.Торайғыров кесенесі мен Қоңыр әулие үңгіріне баратын автожолдардың орташа жөнделуін қамтитын 6 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Сондай-ақ бағдарлама аясында курорттық аймақ аумағында 10 санитарлық-гигиеналық торап орнату қарастырылған, оның 9-ы орнатылды. Курорттық аймақты үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен Торайғыр кентінің қосалқы станциясынан Жасыбай көліндегі нысандарға дейін жоғары вольтті электр желісінің құрылысы жүргізілуде.
«Биылғы курорттық аймақ аумағында демалу және жазғы туристік маусымның аяқталуына байланысты шектеулерге қарамастан, осы жобаларды іске асыру болашақта демалыс жағдайларын неғұрлым жоғары деңгейге шығаруға, сондай-ақ курорттық аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Е. Еркінбаев.
Айта кетейік, 2019 жылы Баянауыл курорттық аймағына 130,7 мың турист келіп, 2018 жылға қарағанда 7%-ға артты. Туристік қызметті дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2025 жылы туристер саны 450 мың адамға жетеді.