Жаңа жобаны таныстыру барысында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Е.Нысанбаев қазіргі кезде бүкіл әлемде экотуризм өте танымал болып келе жатқанын атап өтті. Өткен жылы ел Үкіметінің қаулысымен Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның 10 басым бағытының бірі – құрамында 4 ұлттық парк (Алтын-Емел, Шарын, Көлсай көлдері және Іле – Алатауы) бар Алматы облысының тау (шаңғы) кластері.
Сонымен қатар вице-министр өткен жылы 20 мыңнан астам адам келген Шарын ұлттық паркіндегі туристік инфрақұрылым заманауи талаптарға сай келмейтінін және қонақтарға толыққанды әрі жайлы тұруы үшін жағдай жасалғанын атап өтті. Осыған орай, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен және «Қазақ туризмі» ҰК» АҚ-пен бірлесе отырып, АҚШ-тың халықаралық тәжірибесін зерделеді, құқықтық базаны, тәсілдер мен тетіктерді зерттеді, сонымен қатар экологиялық туризмді дамытудың негізгі принциптерін анықтады. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері белгіленді.
Онлайн жиында туристік бағыттар мен жолдарды дамытуға баса назар аударылады, сонымен қатар жеңіл құрылымдарды қолдана отырып, күрделі құрылыстарсыз заманауи сапарлау орталықтарын, глэмпингтер, кемпингтер, этноауылдар мен караванингтер құру жоспарланып жатқаны белгілі болды. Бұл табиғи ортадағы күйзелістерден аулақ болуға, қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ететін бірыңғай туристік өнім құруға мүмкіндік береді.
Е.Нысанбаевтың айтуынша, Шарын ұлттық паркінде жеке инвестиция тарту арқылы қазіргі заманғы 2 келу орталығын орналастырып, 4 жаяу туристік маршрутты ұйымдастыру, түнемелік орын сайлау, сонымен қатар этноауыл құру, 3 көру алаңы, глэмпинг алаңдары, кемпингтер, керуен алаңдары, тамақтану орындары мен кәдесый өнімдерін сату орындарын орнату белгіленуде. Сонымен бірге шатқалдағы рекреациялық жүктемені азайту үшін туристерге қызмет көрсететін барлық нысандарды шатқалдардың сыртында орналастыру арқылы экотуризмді дамыту жоспарланған.
Егер жоба көпшілік талқылауынан кейін қабылданса, жоспарды іске асыру үшін ашық конкурс арқылы болашақ инвесторларды тарту көзделеді. Сонымен бірге Экология министрлігі бұған дейін бірнеше рет атап өткендей, ұлттық парктердің жерлері Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, мемлекет меншігінде толықтай қала отырып, жеке тұлғалардың иелігіне ешқандай жағдайда берілмейді. Инвестор өз міндеттемесін орындамаса, туризмді дамыту үшін бөлінген жерлер кез келген уақытта келісімшартты бұзу мүмкіндігімен уақытша пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар тұсаукесер аясында Е.Нысанбаев, ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов, сондай-ақ Ұлттық парктің өкілдері жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді. Барлық көтерілген мәселе, ескерту мен ұсыныс жобаны әрі қарай дайындауда ескерілетін болады.