Медицина • 08 Қыркүйек, 2020

Батыс Қазақстанда 67 мың адам тұмауға қарсы вакцина салдырады

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 67 мың адам тұмауға қарсы егілмекші, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстанда 67 мың адам тұмауға қарсы вакцина салдырады

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен бөлінген 58 млн астам теңгеге Ресейде өндірілген "Гриппол +" вакцинасы сатып алынды.

М.Арыспаевтың сөзіне қарағанда, биыл облыста тұмауға қарсы жоспарлы екпе қыркүйектің ортасынан басталады. Бұл азаматтардың жедел респираторлық аурулар кезінде тұмауға қарсы тұрақты иммунитетін қалыптастыру үшін жасалады.

Тұмауға қарсы екпені ақысыз негізде медицина қызметкерлері, алты айдан асқан жиі ауыратын балалар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйлерінде тәрбиеленушілер, екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер, эпидемиологиялық көрсеткіштері бойынша және жүрек-қан тамыры, тыныс алу жүйесінің созылмалы дертіне шалдыққан адамдар, қарттар үйлерінің тұрғындары алады.

"Сонымен қатар тұмаудың алдын алу үшін екпеден басқа сақтық шараларын ұмытпау керек. Атап айтқанда, халық көп жиналатын жерлерге баруды шектеу, бір реттік маскаларды жабық бөлмелерде және адамдар көп жиналатын жерлерде қолдану, түшкіру немесе жөтел сияқты ауру белгілері бар адамдармен байланысты шектеу, қолды сабынмен жиі және мұқият жуу, мұрын қуысын тұзды ерітіндімен жуу, бөлмені жиі желдету және тазалау, ылғалдандыру, С дәрумені бар тағамдарды мүмкіндігінше көп қолдану (мүкжидек, шырғанақ, қарақат, лимон және т.б.), дәрігердің ұсынысы бойынша иммунитетті арттыратын дәрілер мен препараттарды қолдану, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану және үнемі жаттығулар жасау қажет», деді департамент басшысы.

Жіті респираторлық вирусты жұқпалар және тұмаудың эпидемиологиялық маусымы биылғы 1 қазаннан алдағы жылдың мамыр айына дейін созылады. 2019-2020 жылғы маусымда өңірде 24 222 адамның ЖРВЖ-мен ауырғаны тіркелді. Сондай-ақ 204 адам тұмауға шалдықты. Жыл сайын облыста тұрғындардың 10 пайызынан астамына тұмауға қарсы екпе жасалады.