Осындайда еске мұхиттың арғы бетінде АҚШ-та қара нәсілділерді құқық қорғау қызметкерлерінің қорлауына, өлтіруіне байланысты басталған Black Lives Matter қозғалысы еске түседі. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары бетінде бұған қатысты қарсы пікір айту – кәсіби мансабыңды аяқтаумен тең. Жалпы, бүгінде қара нәсілділерге қатысты жағымсыз пікір айту, оларды «Н» әрпінен басталатын сөзбен (этикалық мәселеге байланысты Nigger сөзін осылай жазуды жөнді көрдік) атау қауіпті. Өйткені бұлай атау олардың сеніміне селкеу түсіреді, нәсілдік бөлінуге әкеледі-мыс.
Әйтсе де, бүгінгі таңда расизмге қатысты мәселе тым күрделеніп, айқай-шуға толып кеткен. АҚШ-та Бубба Уоллес деген автошабандоз бар. Осы саладағы қара нәсілділердің ең үздігі. Бірнеше додада топ жарғаны болмаса, былайғы жұртқа танылған емес.
Өткенде бүкіл әлем Black Lives Matter деп шулап жүргенде біреулер Уоллестің гаражына дарға асатын жіп іліп кетіпті. Ал бұл – расизмнің негізгі элементі саналады. Кезінде АҚШ-та «Ку-клукс-клан» қозғалысы ойран салып, қара нәсілділерді заңсыз өлтіріп жүргенде дарға асатын жіп нәсілшілдіктің негізгі белгісі ретінде қалыптасты.
Уоллестің гаражына қатысты оқиғадан кейін мұхиттың арғы бетінде қызу пікірталас басталды. Бүкіл БАҚ мұны жарыса жазды. Тіпті, Буббаның әріптестері оны қолдап, жарыс кезінде ерекше құрмет көрсеткен. НАСКАР да Уоллесті қолдайтынын білдірген. Істің насырға шапқанын көргеннен кейін бұл іске тіпті Федералды тексеру бюросы (FBI) араласыпты.
Оқиғаның соңы қалай аяқталғаны тіпті қызық. FBI тексере келе, сол маңдағы шабандоздардың бәрінің гаражынан осындай дарға асатын жіп тауыпты. Сөйтсе, есікті ашып-жабуға арналған бұл жіп әу баста осылай тұрған екен. Яғни былтырғы қараша айынан бері дарға асатын жіпке ұқсап тұрған. Ол кезде Уоллес мырзаның бұл гараждарға мүлдем қатысы болмаған. Ешкім оған мән де бермеген.
Бұл аз болса, Black Lives Matter қозғалысының өкілдері Еуропада, АҚШ-та көрнекті тұлғаларға қойылған ескерткіштерді құлатып, кейбіріне ауыр сөздер жазып кетті. Олардың қатарында жиһангез Христофор Колумб, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилл секілді танымал тұлғалар бар.
Осы қозғалыстың салдарынан әлемдік әдебиет саласына да өзгерту енгізуге тура келіп тұр. Мәселен, танымал детектив жазушы Агата Кристидің «Он негр баласы» атты кітабының атауы қоғамдық қысым салдарынан өзгертілді. Тіпті, Харпер Лидің Пулитцер сыйлығын алған «Сайқымазақты өлтіру» (To Kill a Mockingbird) туындысы да кітапхана сөрелерінен жоғалды. Тіпті, Марк Твеннің «Гекльберри Финнің басынан кешкендері» кітабы да расизм дауына ұшырады. HBO арнасы өзінің қорынан «Жел ұшырғандар» (Gone with the Wind) фильмін өшіруге мәжбүр болды. Басты себеп – расизм.
АҚШ-та, жалпы, Батыс әлемінде нәсілшілдікке қатысты мынандай жазылмаған заң бар. Қарапайым жұрттың «Н» әрпінен басталатын сөзді айтуға құқығы жоқ. Алда-жалда байқамай аузыңнан шығып кетсе, жауапқа тартылып, тіпті қылмыстық қудалауға ұшырауың мүмкін. Бірақ қара нәсілді ағайын бір-біріне бұл сөзді емін-еркін қолдана береді.
Айтпақшы, біздің осы бағанды жазуымызға Шарли Эбдо журналының Мұхаммед пайғамбарды әжуалаған суретін қайта жариялағаны себеп болып отыр. Биыл аталған журналдың редакциясына террористік шабуыл жасалғанына 5 жыл толды. Charlie Hebdo қайғылы датаны осылай атап өтуді жөн көріпті. Естеріңізде болса, 2015 жылы екі француз азаматы журнал редакциясына басып кіріп, автоматтан оқ жаудырып, 12 адамды өлтіріп, 11 адамды жаралаған-ды. Кейіннен бүкіл әлем «Мен Чарлимін» деп әлемге үндеу тастады.
Бір қызығы, адам құқығы, сенім құқығы деп ұрандатушылар 2 миллиард мұсылманның ардақ тұтар тұлғасын қорлағанға жақ ашар емес. Ешкім Charlie Hebdo-ны айыптап, заңмен қудалап жатқан жоқ. Осылайша, қара нәсілділерге қатысты мәселеде шектелген сөз еркіндігін мұсылмандарға келгенде ауыздықтау мүмкін болмай тұр...