Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, ағымдағы сессия жұмысы ауқымды болады деп күтілуде.
Комитеттердің кеңейтілген тақырыптық отырыстарында, дөңгелек үстелдерінде қоғамның өзекті мәселелері қаралады. Олардың қатарында экология, агроөнеркәсіптік кешен, ғылым, халыққа қызмет көрсетуді жетілдіру және т.б мәселелер бар.
Алдыңғы сессиядағыдай "Үкімет сағаттары" министрдің жалпы саладағы ахуал туралы емес, нақты бір мемлекеттік бағдарламаның орындалуы туралы есебімен жаңартылған нысанда өткізілетін болады.
Азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге бойынша да парламенттік тыңдаулар жоспарланған. Барлық іс-шаралар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылады.
Мәжіліс Төрағасы депутаттардың жұмыс ауқымы, ең алдымен Мемлекет Басшысы Жолдауындағы міндеттерді заңнамалық жүзеге асыруға бағытталатынын айта келіп:
"Өздеріңіз көріп отырғандай, елдегі қалыптасқан жағдайға қарамастан біз осы сессияда әдеттегідей көптеген іс-шаралар жоспарлап отырмыз. Оның ішінде, Үкімет сағаттары, парламенттік тыңдаулар, әртүрлі кездесулер және отырыстар да бар. Олардың барлығында ең алдымен, экономикалық-әлеуметтік маңызды сұрақтар талқыланатын болады. Әрине, іс-шараларды ұйымдастыру, өткізу форматында өзгерістер болса да, ол жұмыс сапасына ешқандай әсер етпейді. Ол жағынан өткен сессиядан да тәжірибеміз бар",– деді.
Нұрлан Нығматулин сонымен бірге депутаттар жұмысының ашықтығына және барлық ақпараттық мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігіне баса назар аударды.