Парламент • 09 Қыркүйек, 2020

Мәжіліс бірқатар заң жобасын мақұлдады

132 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата актілеріне адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу кезінде ұстау мерзімдерін реттеу мәселелері бойынша депутаттар әзірлеген заң жобасына түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліс бірқатар заң жобасын мақұлдады

Заң жобасын қабылдау адам құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнамаға халықаралық стандарттарды енгізу мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Конституциялық Кеңестің адамдарды (шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды) елімізден тысқары жерлерге шығарып жіберу кезінде ұстап алу мерзімдерін қосымша заңнамалық реттеу туралы ұсыныстарын орындау, оларды ұстап алу және кейіннен ішкі істер органдарының арнаулы мекемелеріне орналастыру тәртібін регламенттеуді қарастырады.

Осы міндеттерді іске асыру азаматтардың, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың бостандығына және жеке басына қолсұғылмаушылығына құқықтарды қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіруді қамтамасыз етеді. Бүгінгі отырыста депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Люксембург арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы.

Бұл хаттаманы ратификациялау инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасауға, экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы екі мемлекеттің салық қызметінің ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Хаттамада табыс көзі болып табылатын мемлекетте дивидендтерді егер мұндай дивидендтердің нақты иесі Үкімет немесе орталық немесе жергілікті билік органы, Орталық (Ұлттық) Банк немесе Үкіметке толығымен тиесілі кез келген басқа мекеме болса, салық салудан босату көзделеді.

Сонымен қатар ШЫҰ мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасын мақұлдады. Хаттамаға сәйкес Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісім Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшесі болып табылатын кез келген мемлекеттің оған қосылуы үшін ашық. Бүгінгі жалпы отырыста Палата «Нотариат туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Осының қатарында ЕАЭО мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы құжаттарды ратификациялауға қатысты заң жобалары бар.

Сонымен қатар бүгінгі жалпы отырыста депутаттар алтыншы сессияға арналған негізгі парламенттік іс-шаралар жоспарын бекітті. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, ағымдағы сессия жұмысы ауқымды болады деп күтілуде. Комитеттердің кеңейтілген тақырыптық отырыстарында, дөңгелек үстелдерінде қоғамның өзекті мәселелері қаралады. Олардың қатарында экология, агроөнеркәсіптік кешен, ғылым, халыққа қызмет көрсетуді жетілдіру және т.б мәселелер бар.

Алдыңғы сессиядағыдай «Үкімет сағаттары» министрдің жалпы саладағы ахуал туралы емес, нақты бір мемлекеттік бағдарламаның орындалуы туралы есебімен жаңартылған нысанда өткізілетін болады. Азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге бойынша да парламенттік тыңдаулар жоспарланған. Барлық іс-шаралар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылады.

Мәжіліс Төрағасы депутаттардың жұмыс ауқымы, ең алдымен Мемлекет Басшысы Жолдауындағы міндеттерді заңнамалық жүзеге асыруға бағытталатынын айта келіп:

- Өздеріңіз көріп отырғандай, елдегі қалыптасқан жағдайға қарамастан біз осы сессияда әдеттегідей көптеген іс-шаралар жоспарлап отырмыз. Оның ішінде, Үкімет сағаттары, парламенттік тыңдаулар, әртүрлі кездесулер және отырыстар да бар. Олардың барлығында ең алдымен, экономикалық-әлеуметтік маңызды сұрақтар талқыланатын болады. Әрине, іс-шараларды ұйымдастыру, өткізу форматында өзгерістер болса да, ол жұмыс сапасына ешқандай әсер етпейді. Ол жағынан өткен сессиядан да тәжірибеміз бар,– деді.

Нұрлан Нығматулин сонымен бірге депутаттар жұмысының ашықтығына және барлық ақпараттық мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігіне баса назар аударды. Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Д. Нұрманбетова, И.Аронова, Д.Еспаева, М.Магеррамов, И. Смирнова, А.Перуашев.