Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2020

Сынған трактор теміржол өткелінде тұрып қалды

204 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

9 қыркүйек күні СҚО-ның Аққайың ауданы полиция бөлімінің кезекшісіне Қиялы және Смирново ауылдарының арасындағы "Жаңа жол" теміржол өткелінде К-700 тракторы сынып, тұрып қалғандығы жөнінде хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сынған трактор теміржол өткелінде тұрып қалды

Оқиға орнына аудандық полиция қызметкерлері жетті.

Аудандағы жауапкершілігі шектеулі серіктестің бірінде жұмыс істейтін 38 жастағы жұмысшының трактордың тіркемесімен аудан орталығына бидай тасымалдап жүргені анықталды. Көлік теміржол өткелінен өте берген кезде тіркемесінің артқы дөңгелегі кенеттен білектен ажыратылып кеткен. Білек өткелге қысылып қалып, трактор қозғалысын жалғастыра алмады. Аталған теміржол учаскесі арқылы жолаушылар пойыздары жиі өтетіндіктен, теміржолшылар және серіктестік жұмысшыларымен шұғыл іс-шаралар ұйымдастырылып, К-700 тракторы жолдан әрең дегенде сүйреп әкетілді. Сағат 22-ден асқанда тоқтатылған "Алматы-Петропавл" бағытындағы 15-ші жолаушылар пойызы қозғалысын жалғастырды.

Ертесіне теміржолшылар өткелдің үстін жөндеуге кірісті. К-700 тракторының жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің "Құжаттары жоқ және басқару құқығыжоқ адамның көлiк құралын басқаруы" бабы және "Жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа жол құрылыстарын бүлдiру" бабы бойынша материалдар жиналуда. Кейін ол сотқа жолданатын болады.


Солтүстік Қазақстан облысы