01 Қараша, 2013

Дау мұраты – бітім

568 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Көп ұзамай Қазақстан Судьяларының VI съезі болады. Онда да өткен өзге де съездегілердей өзекті мәселелер көтерілетіні белгілі. Мәселен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Судьялардың V съезінде: «Сот тәртібінде қарастырылуға жататын даулар санын азайтып, оларды шешудің балама тәсілдерін, соның ішінде бітімгершілік рәсімдер мен медиация­ларды енгізу маңызды. Бұл сот төрелігінің қалыпқа келуіне мүмкіншілік туғызады», деген еді. Алайда, дауласқан соттасушыларды бітімгершілікке шақыратын арнайы нақты заңнамалық шаралар болмаған соң, бітімге келудің қарасы, яғни дауласушылардың санын азайтудың амалы көрінер емес. Тіркелген 1700 медиатордың 357-сі ғана нақты қызмет көрсетеді екен. Оның үстіне медиацияны кәсіби және кәсіби емес медиаторлар да жүзеге асырады. Әрине, сотталғандар мен соттасушылар, яғни дауласушылар санының өте көптігіне басқа да бірқатар құқықтық-мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық себептер әсер ететіні анық. Біз бүгін осы Судьялар съезінің қарсаңында аталған мәселелерге тағы да бір жан-жақты назар аудара отырып, оны түпкілікті шешу жолдарына тоқталуды жөн көрдік. Әйтпесе, бұл белең алған дауласушылық қазақ қоғамын қайда апарып тіремек?

*Қазақстан Судьяларының VІ съезі қарсаңында

Көп ұзамай Қазақстан Судьяларының VI съезі болады. Онда да өткен өзге де съездегілердей өзекті мәселелер көтерілетіні белгілі. Мәселен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Судьялардың V съезінде: «Сот тәртібінде қарастырылуға жататын даулар санын азайтып, оларды шешудің балама тәсілдерін, соның ішінде бітімгершілік рәсімдер мен медиация­ларды енгізу маңызды. Бұл сот төрелігінің қалыпқа келуіне мүмкіншілік туғызады», деген еді. Алайда, дауласқан соттасушыларды бітімгершілікке шақыратын арнайы нақты заңнамалық шаралар болмаған соң, бітімге келудің қарасы, яғни дауласушылардың санын азайтудың амалы көрінер емес. Тіркелген 1700 медиатордың 357-сі ғана нақты қызмет көрсетеді екен. Оның үстіне медиацияны кәсіби және кәсіби емес медиаторлар да жүзеге асырады. Әрине, сотталғандар мен соттасушылар, яғни дауласушылар санының өте көптігіне басқа да бірқатар құқықтық-мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық себептер әсер ететіні анық. Біз бүгін осы Судьялар съезінің қарсаңында аталған мәселелерге тағы да бір жан-жақты назар аудара отырып, оны түпкілікті шешу жолдарына тоқталуды жөн көрдік. Әйтпесе, бұл белең алған дауласушылық қазақ қоғамын қайда апарып тіремек?

Дауласқанға дауа бар ма?

Ал бұрынғылар «Дауласқанға дауа жоқ» деген екен. Мұндағы астарлы ойда, адал адам айыпты болса кінәсін дауласпай-ақ мойындайтыны білдірілген ғой. Өйткені, айыбын мойындамай дауласқан адамға дауа жоқ екені бесенеден белгілі. Ендеше, байқап қарасаңыз, бұл сөз бұрынғы заманға емес, нақты қазіргі кезеңге қарата айтылған секілді. Себебі, жасыратыны жоқ, бүгінде біздің елімізде не көп, дауласушы жан көп. Нақтырақ айтқанда, дауласушы деп отырғанымыз соттасушылар. Құқық қорғау органдарына, басқа да адам құқын қорғайды-ау деген мекемелерге жолданған арыз-шағымдардан жер қайысады. Өз қолымыз өз аузымызға жетіп, дәп мына тәуелсіздігімізді алған шақта аз ғана халқымыздың екі миллионға жуығы бір-бірімен соттасып жүреді дегенге кім сенген?

Бірақ сенбеске амал жоқ. Қазіргі күні дауласуды қоятын жан көрінбейді, бәрінікі дұрыс, кінәлі ешкім жоқ. Сондықтан дау­ласушы екі тарап та істі аяғына дейін жеткізуге барын салады. Соңғы тиыны қалғанша соттасады. Ақыры шаршаған сот олардың бірін соттап тынады. Сонда да қоймайды, үдеріс қайтадан басталады. Екі тараптың бірі шын мәнінде кінәлі болса да, оны қолмен ұстағандай нақты айтып беретін жан жоқ. Оның кінәсін дәл тауып, бетіне басса айыбын мойындап түзелуге қадам жасар ма еді деп ойлаймыз. Өйткені, кезінде Абай атамыз: «Мен егер Закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», деп айтқандай, о заманда қандай қылмыс жасаса да түзелмеген адам болмаған. Яғни түрме де, түрмеде «ас ішіп, аяқ босататын» сотталғандар да болған жоқ. Міне, қазір Батыс елдері қақсап айтатын нағыз демократия деген сол біздің ата-бабамыздың заманында болған екен. Оған айғақ Уинстон Черчилль де: «Маған түрмелеріңді көрсетіңдер, сонда мен сендердің демократияларың қандай екенін айтамын», деп шынайылықты танытқаны анық. Ендеше, етек алған дау­ласу мен соттасуды, осыны өздеріне табыс қылатындардың заң бұзушылықтарын тоқтатудың жолын ойланатын кез әбден жеткен секілді.

Әйтпесе, мұндай келеңсіздік ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берер болса, әбден сүйекке де, қанға да сіңіп, әдетке, тіпті, дәстүрге айналып кетпесіне кім кепіл? Сонда ертеңгі ұрпақ болмашы ұрыс үшін дау шығарып, соттасып жүрген кезінде өзіне басу айтқанға: «Болмайды, бұл аға ұрпақтан қалған өнеге, әдет, дәстүріміз» десе, не дейміз? Қандай демократия туралы сөз қозғай аламыз сонда? Өткен жылы республика соттары 600 мың талап арыз, 300 мың әкімшілік және 40 мың қылмыстық іс қарады. Былайша айтқанда, бір миллионға жуық іс деген сөз. Осының салдарынан жыл сайын сот процесіне ең аз дегенде 2 миллион­ адам тартылады, яғни осыншама адам тек соттасумен жүреді екен. Бұл, өзде­ріңіз де байқағандай, ел халқының белсенді экономикалық бөлігінің ширегі деген сөз.

Сонда ел халқының нағыз жұмыс істей алатын ширегі соттасумен жүрсе, ­43129-ы­ түзеу мекемесінде отырса, 6762 адам тұтқындалып тергеу оқшаула­ғы­шында, 27964 адам қоғамнан оқшау­лан­баған жазаға тартылса, 21902 адам уақытша қамау изоляторларында ұс­талса және 65086 адам әкімшілік қа­мауда болса, бостандықта жұмысқа жарамды жандардан кімдер қалғаны? Қазақстанда бар болғаны, барлық ұлт өкілдерін қосқанда 17-ақ миллион адам бар. Олардан зейнеткерлікке шыққанын, ЖОО студенттерін, мектеп жасындағы оқушыларды, балабақшадағы, баласын баққан жас аналар, халықтың әлеуметтік әлсіз қорғалған топтары мен жұмыссыздар армиясын алып тастаңыз. Сонда не болды? Бізге мемлекетімізді өркендету үшін жұмыс қолдары ауадай қажет дейміз, сондықтан шет елден қолынан іс келетін жұмыс күшін шақыру тиімді дейміз, ал өзіміздің бірнеше миллион адамдарымыз бір-бірін түрмеге отырғыза алмай дауласып жүр. Дауласа алмағандары түрмеде отыр.

Енді жоғарыдағы келеңсіз сандарды сараласаңыз Қазақстанда жұмысқа жарамды үркердей ғана топ қалған секілді. Бірақ солардың көбі жұмыссыз ғой және олардың тең жарымы базар жағалап кеткен. Сонда біздің өндіріс орындары, кәсіпорындар, зауыттар қайда? Оларда кім жұмыс істеп жатыр? Әлде «аты бар да, заты жоқ», яғни нарықтық бәсекеге қабілетсіз зауыттар ма? Халық ауыл шаруашылығы жұмысына тартылған дейін десек, ауылдың да оңып тұрғаны шамалы. Ауылына барған адамның жүрегі қарс айырылады. Ендеше, біздің елде неліктен дауласушы тараптар мен сотталғандар көп дегенде, бұл мәселеге біржақты ғана қарауға болмайды екен. Бұл жағдайда бар кінәні сотқа аудара беру де қисынсыз. Еліміздің Қылмыстық кодексі орта ауырлықтағы қылмыстарды қайталап жасағаны үшін шартты жазаға тартуға мүмкіндік бермейді. Мәселен, Ақтөбе қалалық соты В.Крамарды шұжық ұрлағаны үшін екі жылға соттады. Крамардың бұрынғы соттылығы бітпеген. Сондықтан ҚК-тің 59-бабы, 175-баптың 2-бөлігі бойынша сот оны қалайда соттауға тиіс. Крамар сотталатындығын біле тұра ұрлыққа барған. Бұл арада, әрине, жалпыға тән негізгі әлеуметтік себептерді ұмытуға болмайды. Осының салдарынан өскен «түрме тұрғындарының» санын азайту мақсатында 1991-1996 жылдары екі мәрте рақымшылық жасалғанымен, бәрібір сотталғандардың саны 41 пайызға өсіп, «түрме көрсеткіші» бо­йынша Қазақстанды үшінші орынға бір-ақ «шығарды». Негізгі себеп, жасалған қылмыстардың көптігі, шартты соттау институтын жою және ең бастысы КСРО құлағаннан кейін әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы еді. Осыған байланысты қамауға алынғандар саны күннен-күнге шарықтап бара жатты. Қылмыс жасағандар мен дауласқандар өте көп. Не істеу керек? Содан 1997 және 2000 жылдары бір емес, тағы екі мәрте рақымшылық жасалды. Егер сол кезде тап осы рақымшылықтар болмағанда, 2001 жылы сотталғандар саны сонау кеңестік кезеңдегі, яғни 80-ші жылдардың орта кезіндегі сотталғандар санынан да асып кететін еді.

Бірақ 1998 жылы жаңа Қылмыстық кодексті енгізу арқылы сотталғандар саны қайтадан 8 пайызға көбейді. Оған не себеп болды дегенде, жазалау мерзімі ұлғайып, 15-тен 30 жылға жеткенін, бұрынғы Қаз.КСР ҚК-дегі 2 дәреженің орнына, қылмыстарды 4 дәрежеге бөлуді және қылмыстардың қауіптілігіне байланысты жазалаудың жаңа ережелерін енгізуді айта аламыз. 2002 жылы ізгілендіру туралы заңына байланысты ҚК-тің кейбір баптары жеңілдетілді, мерзімінен бұрын босатудың уақыты қысқарды, сөйтіп, тағы «түрме тұрғындарының» саны біршама төмендеді. Алайда, мұндай шаралар уақытша ғана тиімділік беріп, артынша қайтадан «түрме тұрғындарының» саны шарықтап кетті. Міне, сондықтан да тек заңдарды қатайту, жазалауды күшейту, бас бостандығынан айыру мерзімін ұзарту секілді шаралармен ғана айналысу, ешуақытта оң нәтиже бермейді екен. Демек, мәселе адамдардың қылмысқа неге жиі баратынын және оны болдырмаудың жолын ашып, анықтап, арсыз шенеуніктердің қолындағы билігін баюға ғана пайдаланатынын және оларға көпшіліктің нәпақасын сыбайлас жемқорлықпен жалмай беруге неліктен жол берілетінін түпкілікті саралауда жатыр. Осыдан нақты қорытынды шығарылса, бетперде сыпырылып шындық ашылар еді.

Кешірімділік – кішірею емес

Кеңестік кезеңнен мұра болып қалған көптеген еңбекпен түзеу колониялары КСРО-ның жазалау саясатына сай күштеп жер аудару, тың жерлерді игеру секілді мақсаттарына пайдаланылғаны белгілі. Егер өткен ғасырдың 90-жылдары КСРО-да 700 мың сотталған түрмеде отырса, соның 100 мыңы немесе әр жетіншісі – Қазақстандағы колонияларда ұсталған екен. Демек, сонда 2000 жылға дейін колонияларға бірінші рет түскен 450 мың адамның әр 35-шісі қазақстандық болған, әр 18-ші 18-50 жас аралығындағылар, әр 9-шы ер адам бір буыннан болған көрінеді. Сонда әр 9-шы отбасында бір сотталған адам бар деген сөз. Ал бұған ұстау жағдайы түрмедегіден бір кем емес басқа да жазалау мен еңбекпен емдеу профилакториясынан өткен он мыңдаған адамдарды қоссаңыз, нағыз боямасыз тірлікті көз алдыңызға елестете аласыз. Қазіргі күні «түрме тұрғындарының» саны қайтадан өсуі байқалады. Оған негізі себеп, сотталғандардың 95 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін отырғандар, 18 мыңы екі және одан көп мәрте бұрын бас бостандығынан айырылғандар. Әр жасалған қылмысты міндетті түрде тіркеу жауаптылығы жалпы қылмыстың көп екендігін көрсетті.

Әрине, бұл орайда дауласушылар да, соттасушылар да елде көп деп тұтас халыққа мін таға алмайсыз, кінәлауға да болмайды, бірақ адамдар кемшілігін айтпау мүмкін емес. Ал кемшілік неде? Кемшілік сол, ешуақытта кешірімді бола алмау. Қашанда тек менікі ғана жөн, сондықтан «қанға-қан, кекке-кек» деуден танбау. Ата-бабамыз кешірімді бола білген. Ал қазіргі дауласқандар есік алдындағы көршісіне, тіпті өзінің ағайынына қарата қолданады мұны. Дауласқанның басын тұқыртпай айызы қанбайды. Кейбір шет­елдерде, мәселен, Испанияда алдын ала бітімгершілікпен қатар, кешірім жасау институты бар. Оларда көбіне бітімгершілік соттың үкіміне дейін жүзеге асса, көптеген жағдайда жазаны өткеріп жатқан уақытта кешірім жасалады екен. Сөйтіп, дауға тез арада нүкте қойылады. Біздің қоғамда адамдардың бір-біріне кешірімшіл болуы сонау ата-баба ғұрпынан бастау алады. Тек сол алтын жіп өзегі кеңестік дәуір кезінде үзіліп қалғаны жанға батады. Көшпелі қазақ қоғамының идеологиясына сай билер сотының түпкі мақсаты – дауласушы жақтарды бітімге келтіру, татуластыру, табыстыру болған. «Дау мұраты – біту» деген сөз содан қалса керек.

Қазақ әдет-ғұрпын терең зерттеген Левшин, Баллюзек, Козловтар «Қазақ билер соты – келісім соты» деп, таңдана жазған екен. Ал қазақстандық ғалым Күлтелеев «Уголовное обычное право казахов» атты кітабында 120 мың Ресей шаруаларының бастарына түскен дауларын шешу үшін қазақ билеріне жүгінгенін жазады. Олар өздерінің мемлекеттік соттың бюрократиясынан, процессуалдық қиындығынан қашқан­дығын атап көрсеткен. Сонымен қатар, қазақ билер соты тақырыбында академик Салық Зимановтың бастамасымен жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, бірнеше рет үлкен іс-шаралар өткізілгені белгілі. Иә, адамдардың бір-бірін кешіре білуі үлкен құрмет, бірақ оның кілтін таба білу нағыз билер қолында тұрған іс.

АҚШ-та, Германияда, Фран­цияда және т.б. шетелдерде дауласу­шылар, сотталғандар біздің елдегімен салыстырғанда, яғни жалпы тұрғындар санына шаққанда әлдеқайда аз. Себебі, оларда әлеуметтік-тұрмыстық күй ж­оғары, соған сай сотқа дейінгі бітімге келтіру институттарының жұмысы жолға қойылған. Яғни, даудың туындауы секілді ықтимал жанжалдардың алдын алу шаралары жүзеге асырылған. Халыққа көрсетілетін тиімді қызмет түрлері тұрмыс­ты жақсарта түседі. Жұрттың заң сауат­тылығын көтеру, құқықтық мәдениетті арттыру жоғары деңгейде жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, халық үшін ғана жасалған жағдай адамдардың жүйкесін тоздыратын мәселелерді жойып, олардың бір-бірінің құқын сақтаушылық, құрметтеушілік, сыйлай алушылық қасиеттерін тудырады. Ал біздің елде бір ғана мысал, яғни өз­дері­ңіз де байқап жүргендей, егер кенет­тен көлік тізгінін жаңа ұстаған жүргізуші жолдың тарлығынан, ашық қал­ған құдықтан немесе ойдым-ойдым шо­қалақтардан қашып, байқамай біреудің ал­дына кесе-көлденең түсіп кетсінші, бітті, анау әкесін өлтіргендей ашуға мініп, дабылды барынша дабылдатып, ойқастай орап өтіп, «намысын таптаған» жанның жолына қасақана кедергі туғызып, айызын қандырады. Сосын жайына кетсе жақсы ғой, мұндайда ашумен бір-біріне соғылып жол апатын тудыратыны немесе тіпті бір-бірін жол бермедің деп мылтық алып атып тастай салатындары да бар емес пе. Оларға не дейсіз?

Дауласушылардың осылайша бір-біріне «артықтығын», «осал еместігін», «мық­тылығын», бірақ «намысы таптал­ған­дығын» көрсетуі сот алаңында да жал­ғасын табады. Қай тарап болса да оппо­ненттерін тұқыртып, моральді құр­тып жіберуге кіріседі. Бұл, жоғарыда айтқанымыздай, тараптарды тығырыққа тірейді. Сөйтіп, нәтижесінде болмашы ғана дау үшін, тіпті, ең жақын адамдар: ағасы мен інісі, әке мен бала, анасы мен қызы өштескен жауға айналып шыға келеді. Бұл уақытта олар материалдық та, моральдық та шығынға ұшырап, әбден күйзеліске түсіп бітеді. Осыдан кейін оларды татулыққа, бітімгершілікке шақырып көріңіз. Өйткені, «Уақытында бітімгершілікке жасалмаған қадам километрлерге алшақтап кетеді» деген халықтық афоризм өміршеңдігі растала түседі. Ендеше, кешірімділік кішірею емес, кемелділік екен.

Сотталғандар саны да салмақ

Адамдар арасындағы мұндай өршіп бара жатқан текетірес жақсылыққа апармайтыны анық. Бұрынғы кеңес өкіметінің кесірлі жүйесінен жұққан өнеге сүйекке сіңіп, әдетке айналды. Дауласқандар соңғы демі қалғанша жағаласады. Сол тараптар арасындағы даудың туындауына және оның өрши беруіне не себеп? Әрине, қоғамдық жағдай екендігі белгілі. Ал оған мән беріп жатқан билік бар ма? Байқасаңыз жұмыссыздық, кедейшілік, соған орай ұрлық, тонау, қарақшылық үйреншікті жағдайға айналған. Бұған қарапайым халықты жылатып, шектен шыққан шенеуніктердің озбырлық әрекетін қосыңыз. «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дегендей, оларға «әй» дер ажа, «қой» дер қожа жоқ. Елбасы айтқандай, бақылау жоқ болғандықтан жол бойында соғыс жүріп жатқандай, адамдар жол апатына ұшырап, опат болуда. Бұл бір ғана мысал, ал биліктің кейбір салаларының міндетіне салғырт қарауынан сыбайлас жемқорлық дендеген соң ауылдық жерлерде қаншама адам зардап шегіп отыр. Осының салдары кейбіреулердің амалсыз ашынуына соқтырып, небір қылмыстардың орын алуына әсерін тигізеді. Қылмыстың алдын алу жөніндегі қолданыстағы заңдардың жетілмеуі және бар заңдардың талапқа сай орындалмауы дауласушы тараптар санының өсуіне әкеп отыр. Өткен жылы қайталанып жасалған ауыр қылмыстардың саны 15 пайызға өскен, ал қоғамдық орындарда жасалған қылмыстың саны 73,7 пайызға көтерілген.

Заң демекші, біздің елде қылмыстық заңдардың жазалау салмағы да басым түседі. Бас бостандығынан айыру мерзімі өте көп және оған балама ретінде берілетін жазалау түрлері жоқ. Елімізде Қылмыстық кодекстегі жазалаудың ең жоғарғы шегі – 30 жыл, ал Еуропа елдерінде – 15. Мәселен, Швецияда – 14 күннен 10 жылға, Финляндияда – 1 айдан 12 жылға, Германияда – 1 айдан 15 жылға дейін. Сөйтіп, өткен жылы елімізде сотталғандардың әр үшіншісіне 5 жылдан 10 жыл мерзім берілген. Ал ұсталғандар жыл, ай, апта сайын сотталып жатқанын ескерсеңіз, 10 немесе 20 жылға сотталғандардың қай кезде түрме төрін босататындығы беймәлім, яғни үсті-үстіне қамала бермек. Бұдан қандай қорытынды шығады? Сотталған түрмеде неғұрлым ұзақ отырған сайын, соғұрлым бұзыла түседі екен. Әлеуметтік байланыстар үзіліп, шаңырақ шайқалып құлайды. Бұрынғы өмірлік икемділік пен түсініктерден айырылып, «жатыпішер арамтамақтық» қалыптасады. Ақырында жұмыссыздар саны одан әрі артып, тұрақты мекенжайы жоқтар көбейе түседі. Бұл түрлі қылмыстың өршуіне қайтадан себеп емес пе? Ал бұдан елге қандай пайда бар? Пайда жоқ, керісінше соңғы он жылда пенитенциарлық жүйеге шығын көлемі 4,5 есеге өсіп, 2013 жылы 47,5 млрд. теңгеге жетті. Сонда мемлекетке бір сотталғанды жыл бойына ұстау үшін 613 мың теңге керек екен. Сөйтіп, адамды түзейді деген түзеу мекемеңіз қылмыстың «фабрикасы» атанып, қоғамға да тамырын жайып, тырнағын батыра бастады.

Дау көп, нәтиже жоқ

Ендеше, дауласқан жандарды дау-дамайынан қайткенде, қалайша құтқаруға болады? Жалпы, бір-бірімен жанжалдасып қалған жандардың дауын ушықтырмай, тіпті, сотқа да жеткізбей екі тарапқа да тиімді болатындай етіп шешу жолдары бар ма? Бар екендігі сөзсіз. Алдына келген дауласқан жандарды бір-ақ ауыз сөзбен келістіріп бітімге келтіріп, татуластыра білген ата-баба жолы бар. «Қалауын тапса, қар да жанады» дегендей, бұрынғы билердің артықшылығы – әділдігі мен адалдығында ғана. Алайда, қазіргі соттарға мұны ұстану өте қиын. Оған себептер де өте көп. Мың жерден соттар тәуелсіз дегенімізбен, бәрібір оларға қысым жасалатыны анық. Екіншіден, олар «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей бола алмайды. Болғызбайды. Демек, Елбасы халыққа арнаған Жолдауында айтқандай: «Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет».

Бірақ бұл тетіктерді қарастыру үшін, ең алдымен, құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы кемшіліктерді жою қажет. Әзірге сарапшылар мұндай кемшіліктер жиыны онға жетіп жығылады дейді. Осының салдарынан ең аяғында «түрме тұрғындарының» саны көбейе беретіні дәлелденіп отыр. Қылмыстық заңдылықты қуғын-сүргінге айналдыру бас бостандығынан айырудың жоғары мерзімдерін тағайындауға соқтырады. Бұл көбіне балама жазалау түрлерін қолдануға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, қылмыстардың дәрежесін айқындау кезінде оның белгілерін жетілдірмеу ауыр қылмыс үшін соттаудың үлесін арттыра түседі. Бұған қайталап қылмыс жасағандарды соттау кезіндегі жаза тағайындаудың қатаңдығы да әсер етпей қоймайды.

Оның үстіне тергеу және анықтау органдарының істі сотқа жолдаудағы жарысы «жақсы» көрсеткіштерге жетудің бір жолы. Мұны тергеушілердің ешқайсысы да жоққа шығара алмайды. Өйткені, оларға жоспарды орындау керек. Бұл соттарға деген жүктемені бірнеше есе арттырып жібереді. Көрінген адам соттасып жүрген секілді. Мәселен, соңғы бес жылда азаматтық істердің көлемі 40 пайызға артқан. Айына бір судьяға 60 істен келеді екен, ал Алматы мен Астанада – 150 істен түседі. Демек, судья бір күнде 7 іс қарайды, ал осы істердің әрқайсысы бойынша қаншама қағаз толтыру қажет. Оның бәріне уақыт қажет емес пе? Ал уақыт жетпейді, яғни әр істі елеп-екшеп, талдап-талқылауға мүмкіндік жоқ, өйткені, судья бекітілген мерзімде барлық істі қарап үлгеруі тиіс. Сол үшін «оң келгенін оң, сол келгенін сол» дегендей, өз ыңғайына лайықтап, тездетіп нүкте қоюға тырысады. Бұл ашық айтқанда, бітпес дауға шырмалған «адам тағдырларының конвейері» деген сөз.

Жоғарыдағы жағдайлардың салдары тек соттарға ғана емес, прокурорларға да, сот орындаушыларына да ауыр салмақ артады. Мәселен, прокурордың бір көмекшісі ғана үш-төрт судьяның процестеріне тартылады. Ал мұндай жағдайда қызметкерлердің санын арттыру біз ойлағандай нәтижеге жеткізбейтіні анық, өйткені, сот істері көлемі арта берген сайын аталған қызметкерлер санын да көбейте беру мүмкін емес қой. Ендеше, бүгінгі таңдағы сот төрелігінің ең басты мәселесі – оған шектен тыс жүк артылуында болып тұр. Судьялар мен прокурорлар қағазға көміліп қалған. Мұның бәрін біз текке айтып отырғанымыз жоқ, осының салдары сот шешімінің сапасына орасан ықпал етеді. Ал сот шешімі дұрыс болмаған соң, соттасушылар саны да ешуақытта азаймайды. Ашынған адамдар қатары да көбейіп, қоғамда шиеленіс артады. Осыдан келіп қарапайым адамдардың билік органдарына деген сенімі төмендейді. Күнбе-күн ағыл-тегіл арыз хаттар ағыны соттарға, прокуратураға, Парламентке, партиялардың қоғамдық қабылдауларына, Президент Әкімшілігіне жолданады. Тек өткен жылы ғана соттар мен прокурорлар сот актілеріне байланысты 90 мыңның үстінде арыз қабылдады. Бұл біле-білген жанға аз сан емес. Алайда тиісті органдар басшылары мың түгілі, бір рет те ойланып, оң шешім шығарар емес.

Әрине, бір тарап болмаса да, екінші тарап сотта жеңіске жетіп, реніш азаятын шығар деп ойлайсыз ғой. Жоқ. Сотта жеңген адамның да мемлекетке деген өкпесі қара қазандай қайнап жатады. Өйткені, сот мың жерден шешім шығара берсін, сот актілері түгел орындалмайтыны да бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, жыл сайын республика соттары бірнеше мыңдаған істерді қарайды. Барлық қылмыстық іс­тер бойынша мемлекеттік айыптаулар­ды про­курорлар қолдап отырады. Мәсе­лен, Семейдің №2 қалалық соты (15 судья) 2012 жылы 2002 іс қараған. Ал бір істі сапалы қарап, оң шешім шы­ға­ру үшін қаншама жұмыс тындыру қа­жет. Ағымдағы жылдың басынан бері қылмыстың өсуімен соттар мен про­ку­рорлардың жүктемесі де өсе түсуде. Егер 2012 жылдың 1-тоқсанында 7 805 қылмыстық іс қаралған болса, 2013 жылдың 1-тоқсанында 9 149 қылмыстық іс қаралды. Сот талқы­лауы­ның саны 15 пайызға артты. Азаматтық процес­терде де жыл сайын соттарға жарты миллионнан астам талаптар түседі. Осылайша бітпес даулы істердің өсуінің бірқатар себептері бар екені анық.

Мұның ең басты себебі, яғни жоғарыда айтқанымыздай, дауласқандарға дауа болмай тұрғаны, оларды бітімге келтірудің амалы жоқ. Демек, дауласқан жандарды сотқа дейін-ақ бітімге келтіріп, татулас­тыру жолын тауып, бітімгершілік жобасын жүзеге асыру қажет. Әйтпесе бара-бара не болмақ, жоғарыда айтқанымыздай бұл жаман әдетке бой үйреніп, сүйекке сіңсе қайтып арылу мүмкін емес. Болашақ ұрпақтың бірлігін қазіргі кезден ойлаған дұрыс. Біздің қазақ халқының бойынан кішіпейілділік, кешірімділік, жығылғанға жұдырық жұмсамау, қиналғанға қол ұшын беру, иілгенге иілу, құрметтеу секілді ізгілікті қасиеттердің іздері әлі жойыла қойған жоқ. Тек соған қозғау салар әділ де адал реттелетін заңды тетіктерді таба білу қажет. Әйтпесе, соттарға жүгінудің саны жыл сайын өсіп барады. «Медиация туралы» 2011 жылы шыққан заң жағдайды жақсарта алмай отыр. Өйткені, соттан тыс шешілетін даулар 1 пайызға да жетпейді, ал еуропалық елдерде бұл көрсеткіш 70-80 пайызды құрайды. Демек, алдында айтқанымыздай, қалайда, қайткенде де «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұстанымды нақты қолдану қажет. Соның бірі – бітімгершілік.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».