Әлем • 11 Қыркүйек, 2020

Нью-Йорк коронавируспен қалай күресті?

147 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомоның коронавирус пандемиясымен күрестегі қабылдаған шешімдері мен әрекеті көпке үлгі. Бүгінде мұхиттың арғы бетінде Куомо мырзаны білмейтіндер кемде-кем. Тіпті, оның атағы дүркіреп, рейтингі президенттерден де асып түсті.

Нью-Йорк коронавируспен қалай күресті?

Нью-Йорк қаласы біразға дейін пан­­демия таралуының нағыз ордасына айналғаны белгілі. Наурыз айынан ма­мырға дейін АҚШ-тағы науқастардың 60 пайызға жуығы Нью-Йорк штатына тиесілі еді.

Жалпы, Нью-Йорк штатының ішкі жал­пы өнім көлемі 1,5 трлн доллар­ды құрайды. Егер Нью-Йорк мем­лекет болғанда экономикасының ауқымы жөнінен 11-орынды иеленіп, Канада мен Оңтүстік Корея арасында орналасқан болар еді. Штат АҚШ-тағы ішкі жалпы өнім көлемі бойынша үшінші орында тұр. Штаттың халқы 20 млн адамға тең.

New York Times газетінің хабарлауынша, Эндрю Куомоның корона­вирус індетімен күрес барысында жа­саған күн сайынғы брифингі оны АҚШ-тағы ең беделді тұлғалардың біріне айналдырды. Әрі дағдарыс кезіндегі көшбасшылық қабілетін анық көрсетті. Ол 2011 жылы 62 жасын­да губернаторлыққа сайланған еді. Э.Куомо өзінің брифингінде Нью-Йорк­тегі коронавирус жағдайының күн­­­делікті өзгеру статистикасын, болжа­мын және нақты деректерді баян­дап отыр­ды. Сондай-ақ пайдалы ақпарат­тармен бөлісіп, нақты тенденцияны түсін­ді­румен болды.

Коронадағдарыс жағдайында қалған АҚШ-тың бүкіл арналары күн сайын губернатор Куомоның брифингінен хабар тарататын. Тіпті, олардың қатарында қарама-қарсы саяси көзқарастағы арналар – либералды MSNBC-тен бастап, консервативті Fox News-ге дейін бар.

Э.Куомоның ерекшелігі оның жеке қабілеті мен халықпен байланыс орната білуінде жатыр. Оның зейіні, ұс­там­дылығы, нәтижеге басымдық беруі және қабілеті жаһандық індетпен күрес кезінде америкалықтарға зор кө­мек көр­сетті. Губернатордың мәсе­лені ке­шенді шешуі мен күнделікті бри­финг­тері тұрғындарға сенім ұя­латып, батыл­дыққа жетеледі. Сондай-ақ ол әлеуметтік желілер арқылы ел халқымен байланыс орнатып, өз пікірін ашық жеткізді.

Эндрю Куомо әрдайым Демо­кра­тиялық партияны қолдап кел­ген. Оның әкесі Марио Куомо да демократ еді. Ол 1983-1994 жылдар ара­лығында Нью-Йорк қаласының губер­наторы лауазымын атқарды. Кейінгі кезде Э.Куомоның бітіс­пес сая­си қар­сыластарының өзі оның же­тістігін мойындауға мәжбүр болды.

Президент лауазымынан үміткер, Демократиялық партия өкілі, бұрынғы вице-президент Джо Байден Нью-Йорк губернаторының брифингін «көш­бас­шылық сабағы» деп, көпшілік алдында мәлімдеді.

Э.Куомоның наурыздағы рейтингі АҚШ тарихында болмаған өте жоғары деңгейге жетті. Бүкіл штаттағы сауал­намаға қатысқан тұрғындардың 85 пайы­зы оның коронадағдарыспен күресін қолдайтынын жеткізген.

Биылғы көктемде, Э.Куомоның та­ны­малдылығы артып тұрған сәтте оның есімі Демократиялық партия атынан пре­­­зиденттік лауазымға үміткерлер қа­та­рын­да атала бастады. Бірақ губернатор бірнеше мәрте президенттік додаға түспейтінін мәлімдеді.

New York Times газеті журналис­терінің мәліметіне сүйенсек, губерна­тор­дың танымалдылығы Ақ үй баспасөз қызметінің жұмысын қайта қарап, президенттің сөз сөйлеуін өзгертіп, ке­шірек уақытқа, Э.Куомоның күнделік­т­і кон­ференциясы аяқталғаннан кейін қоюға мәжбүрлеген. Қысқасы, мұның ешқайсы губернатордың Ақ үйді қатаң сынауына кедергі келтірген жоқ. Ол федеральды билікті баяу қимылдап, АҚШ-тағы эпидемияның таралуымен тиімсіз күресті деп айыптады.

Наурыздың ортасында Э.Куомо штат­­тағы вирус жұқтырғаны анықталған науқастар  саны әр үш күн сайын екі есеге өсіп отырғанын мәлімдеді. Сон­дықтан ол штатқа федеральды биліктің Нью-Йорк штатына әкелген 400 өкпені желдету аппаратының орнына 30 мың жабдық керек болатынын айтты. Вашингтон губернаторды тыңдады. Сол күні АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс қосымша 2000 аппарат Нью-Йоркке жеткізілгенін хабарлап, бір күн ішінде тағы осы көлем­де жабдық жеткізуге уәде берді.

Қазір Нью-Йорк штатындағы нау­қастар саны басқа штаттағылардан әлдеқайда  аз. Нью-Йорк губернаторының айтуынша, бұл күнделікті өмірге оралу үшін әлі де көп жұмыс жасап, күш-жі­герді ұлғайтуға серпін беруі тиіс. «Нью-Йорк ел көлеміндегі Оңтүстік Корея секілді», деді Т.Чан атындағы қоғам­дық денсаулық сақтау гарвардтық мектебінің профессоры Томас Цай.

Қоғамдық денсаулық сақтау саласы өкілдерінің пайымдауынша, штатты уақытында жабу, содан кейін кезең-кезеңмен ашу шаралары, әлеуметтік қашықтықты сақтау мен бетперде та­ғуды қатаң орындау секілді губернатор енгіз­ген шешімдер жағдайды бақылауға мүмкіндік берді. Алайда сарапшылар коронавирустың кез келген сәтте күрт көбейіп кетуі мүмкін екенін айтып отыр. Яғни, 32 мың адам коронавирустан қайтыс болған штат оның екінші тол­қынына қаншалықты төтеп бере алады?

Сарапшылардың айтуынша, Нью-Йоркке басты қауіп төндіріп тұрған – билік бекіткен 14 күндік карантин режі­мін сақтамай, осы штатқа келген басқа штаттың тұрғындары. Нью-Йорк билігінің сөзіне сенсек, жаңадан тір­келген жағдайлардың 20 пайызы штат­тың сыртына шыққандардан табылып жатыр. Әсіресе, Флорида, Джорджия және Нью-Джерси штатына барып кел­ген­дердің жиі вирус жұқтырғаны анық­талды.

Нью-Йорк штатындағы корона­вирус­тың таралуын тізгіндеудегі тағы бір маңызды мәселе – губернатор Куо­моның бизнесті біртіндеп іске қосу жөніндегі шешімі. Соған сәйкес, жабық жерлердегі мейрамханаларға баруға рұқсат етілген жоқ. Басқа штаттардағы індеттің күрт көбеюі осындай шешім қабылдауға мәж­бүрлегені сөзсіз.

Қала билігі 20 шілдеде карантиндік шараларды жеңілдетудің төртінші кезе­ңіне өтті. Онда қауіпсіздік шараларын сақтай отырып қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына, ашық аспан астында спортпен шұғылдануға, музей, жәрмеңкелер, жоғары оқу орындарының қызметіне рұқсат етілді. Бірақ жабық ғимараттардағы көңіл көтеру мен демалыс орындарының қашан ашылатыны әлі белгісіз.

Локдаун кезінде қатты зардап шеккен барлар мен мейрамханалардың иелеріне көмек ретінде штат билігі қазан айына дейін ашық аспан астында жұмысын жалғастыруға рұқсат етті. Қазір мұндай 9,5 мың нысан бар. Осыған қарамастан, басқа саладағы бизнес өкілдеріне штат билігі мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеу ықтималдығын қарастыруды сұрап отыр.

Нью-Йорк қоғамдық көлік бас­қар­масы карантин кезінде де тұрғын­дарды көлікпен қатынауды тоқтатқан жоқ. Метро, автобус, қала маңы пойыз­дары кіретін басқарманың хабарлауынша, 2020 жылғы көктемде қоғамдық көлікті пайдаланғандар саны былтырғы сол уақытпен салыстырғанда 87 пайызға азайған. Ал 1 қыркүйек күні, сейсенбіде метро қызметін 1,2 млн адам қолданды. Бұл былтырғы осы күнмен салыс­тырғанда әлдеқайда аз (5,77 млн), бірақ биылғы мамырдағы сей­сенбі күнімен салыстырғанда екі есе көп (600 мың).

Солтүстік Америкадағы ең ірі саналатын осынау қоғамдық көлік жүйесі федеральды көмекке мұқтаж. Яғни, коронавирус пандемиясы кезінде жолау­шылардың күрт азаюы компания­ны 12 млрд доллардан айырды.

Нью-Йорктегі жағдайдың жақса­руына байланысты губернатор Куомо білім алудың аралас түрін қолдана­тын мектептерді ашуға шешім қабыл­дады. Қазіргі таңда штаттағы жаңа жұқ­тыру­лар көлемі 1 пайызды құрайды. Ал соң­ғы дерек бойынша, тест алынған 46 185 адамның 386-ы ғана оң нәтиже көрсеткен. Нью-Йоркте 1800 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда 1,1 млн бала тәлім алады. Бұл елдегі ең үлкен көр­сеткіш. Қазіргі таңда Нью-Йорк қала­сы жаңа оқу жылын офлайн режімде ашу­ды жоспарлаған АҚШ-тағы ең ірі аймақ саналады.

АҚШ-тың басқа штаттарында нау­қастардың қайта көбеюіне байланыс­ты Нью-Йорктегі медициналық меке­мелер көктемгі жағдайдың қайтала­нуы­на дайын­далып жатыр. Қоймалар 90 күнге жететін жеке қорғаныс құрал­дары­мен толықтырылып, ауруханалар арасында жедел байланыс жасау жүйесі іске қосылып, медициналық қызмет­кер­лерді шұғыл қажет ететін орындарда қызметкер алмасудың жолдары қарастырылған.

Қорыта айтқанда, Нью-Йорк штаты­ның губернаторы Эндрю Куомоның қабылдаған шешімдері бір кездері коро­навирустың ошағы саналған штаттағы жағдайды тұрақтандыруға зор үлес қосқаны анық.

 

Мақала Қазақстанның Нью-Йорктегі консулдығымен бірлесіп әзірленді