Аудандағы Заречный және Елікті елді мекендерінің тұрғындары соңғы ширек ғасыр бойы Шағалалы өзенінің үстінен өтетін көпірдің жоқтығы жайында сан рет мәселе көтеріп келген болатын. Әсіресе, көктемде, өзен тасыған уақытта жол қатынасы мүлдем үзіліп қалатын. Өзге маусымда да оңай емес, ауыл тұрғындары Көкшетау-Зеренді бағытындағы күре жолдан түсіп қалып, ауылға дейінгі үш шақырым жерді жаяулап өтетін. Өзен үстіндегі ескі көпір қыл көпір тәрізді еді. Жаяу адам болмаса, жеңіл көлікті көтеретін қауметі жоқ тұғын. Биыл жоғарыда аталған бағдарлама шеңберінде жаңа көпір салынуда. Көпір құрылысын тәжірибесі толысқан «Бука» ЖШС жүргізуде. Серіктестік басшыларының айтуларына қарағанда, 2021 жылы аяқтау көзделсе де, бар мүмкіндікті қарастырып, қыс түскенше аяқтап шықпақ. Қазір көпір жұмысына 15 техника мен 30 адам жұмылдырылған. Бағдарлама аясындағы жақсылық ретінде жергілікті жердің 11 адамының уақытша болса да жұмысқа тартылғанын айта кетуіміз керек. Жоба құны – 368 млн теңге. Көпірдің ұзындығы – 76,12 метр. Бөлінген қаржы жарым-жартылай игерілген.
– Жиырма бес жыл бойы өзен үстіндегі ескі көпірден өте алмай, тауқыметті әбден тарттық. Әсіресе, екі ауылдың ауру-сырқауы, жас балалар, егде адамдар таяқтастам жердегі аудан орталығы мен облыс орталығына жету үшін арғы Садовый ауылы жақты айналып, 15-20 шақырым артық жол жүріп, әбден қиналып еді, – дейді Заречный ауылының тұрғыны Наталья Машура, – әйтеуір өтінішіміз жерде қалмай, жаңа көпір салынып отыр. Ел разы. Көпірдің қадірін білетін көпшілік ақ алғыстарын жаудыруда.
Аудан әкімі Бауыржан Ғайсаның айтуына қарағанда, жобаны жүзеге асыру оңайға соқпапты. Көпір салатын тәжірибелі мамандарды табу қиынға түскен. Енді міне, ел қамын қаузаған бағдарламаның нәтижесінде табаны күректей 25 жыл бойы шешімін таппаған мәселе бір сәтте оңынан оралып отыр.
Шағалалы ауылын екіге жарып, көлденеңінен өзен кесіп өтетін қылтадағы су өткізетін қондырғы кеңейтіліп, өзен аңғарлары топырақпен бекітіліп, нығайтылуда. Ауылға баратын жол бойы да мұнтаздай етіп жөнделіпті. Осындай ұқыпты қолдың табын Приречный, Шағалалы автомобиль жолдары бағытынан да көруге болады. Бұл өңірде де қызыл су жүрген кезде әр жыл сайын су басу қаупі төнетіні бар еді. Көлік жолын да сан мәрте су шайып кеткен. Қазір жолдың астына су өткізетін құбырлар орнатылыпты. Бір емес, он үш жерден. Енді қызыл су қанша қаптаса да жол жиегінде іркіліп қалмай, құбырлардан өткен соң арнайы қазылған арықша арқылы тоғай етегін жиектеп ағады. Ауыл ішінде 3,5 шақырымды құрайтын асфальт жол төселген.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында әлеуметтік мәселелерге мейлінше маңыз беріліп отыр, – дейді аудан әкімі Бауыржан Ғайса, – міне, өңірлердің өңі кіріп, ұзақ уақыттан бері қолымыздан келмей жатқан шаруаларды бір бағдарлама арқылы атқарып отырмыз. Қаржы жеткілікті. Ендігі мақсат – осы жобаларды тыңғылықты атқарып, елдің игілігіне жарату.
Биыл көктемде Зеренді ауданының білім саласы көп зардап шекті. 30 білім ошағының шатырын жел ұшырып әкетті. Соның бірі Приречен орта мектебі. 1965 жылы салынған орта мектепке содан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Қазір 132 оқушы білім алатын екі қабатты ғимараттың 1600 шаршы метр төбесі жаңадан жабылып, терезелері ауыстырылған. Бұл жұмысқа 5,8 млн теңге қаражат жұмсалған. Шағалалы орта мектебі де «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізілген. Бұл жұмысқа 260 млн теңге қаражат жұмсалып, көне мектеп жаңадан салынғандай кейіпке бөленіпті. Іші кірсе шыққысыз болып жайнап тұр.
Викторовка ауылы ондаған жыл бойы ауыз судың азабын тартып келген елді мекен. Биыл жалпы құны 260 млн теңге болатын жиырма шақырымдық су құбырын тарту көзделсе, бүгінге дейін жұмыстың 85 пайызы орындалыпты. Қара суық түскенше ауыл тұрғындары тегіс сумен қамтылады. Су мұнарасы дайын, екі шақырымдық қашықтықта су алатын ұңғыма қазылған.
Аудан тұрғындарының орынды өкпе-назын тудыратын жағдайдың бірі – елді мекендер арасындағы аудандық маңыздағы жолдың жағдайы. Үстіміздегі жылы Викторовка ауылында 4,6 шақырымды құрайтын елді мекен ішіндегі жол төселген. Сөз арасында мұндай жолдың 11 ауылдық округте қолға алынғанын айта кетсек болады. Осы мақсатқа 652 млн теңгенің бөлінуі қамқорлық емей немене? Облыстық маңыздағы Еленовка – Чистополье – Есіл – Қоныспай – Сейфуллин – Қызылсая бағытындағы жолға 1,4 млрд теңге қаражат бөлініп, қазір жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар аудандағы бар жолдың 54 пайызының жақсара түсуіне ықпал етеді.
Ауданда ауыз су мәселесі де өткір күйінде еді. Қазіргі күні Викоровка, Приречное, Павловка, Жаңауыл, Қоныспай тәрізді 11 елді мекенге ұзындығы 32,2 шақырымды құрайтын су желісі тартылуда. Бұл жұмыс үшін 422 млн теңге қаражат бөлінген. Аудан орталығында абаттандыру жұмыстарына 44,5 млн теңге қаржы бөлініп, Зеренді ауылының ажары кіріп қалыпты. Қай тарапқа қарасаңыз да, ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Бұл өңір келімді-кетімді кісі жиі қатынайтын курортты аймақ болған соң ажар-келбеті алыстан менмұндалап тұрғаны жақсы емес пе?! Ұзақ жылдар бойы қамқорлықтан қағыс қалған мәдениет саласында да тәп-тәуір серпіліс бар екен. Аудандық мәдениет үйінің көрермендер және би залы жөнделген. Мұндай жанашырлық Қызылтаң, Қоныспай ауылдарындағы мәдениет ошақтарын да қамтыған. Атап айтқанда, 69,7 млн теңгеге осы саланың нысандары жөнделіп, жұтындырылып қойыпты. Оған қоса, білім ошақтарына да тәп-тәуір көңіл бөлінген. Алты мектептің терезелері ауыстырылып, жылу жүйелері жөнделген.
Бір сөзбен айтқанда, ел еңсесін көтеруге айрықша септігі тиіп отырған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ел іргесін бекітетін ықпалы мол, игілікті шара.
Ақмола облысы