Табиғат музейіне биылғы жылдың басында ежелгі Тетис теңізінің түбі болған Маңғыстау облысының аумағынан табылған Мезазой дәуіріне тиесілі мегалодонның тікелей атасы – Otodus акуласының тісі әкелінген болатын. Табиғат музейінің меңгерушісі (PhD) Гүлжан Назымбетова Отодус акуласы 60-45 млн жыл бұрын палеоцен-эоцен кезінде мұхиттарда үстемдік құрғандығын айтады. Акула 9-10 метрге дейін өсіп, салмағы 900-1800 килоға жеткен. Өткір тістерінің ұзындығы 10 сантиметрге дейін жеткен алып теңіз жануары негізінен киттерді жемтік еткен.
«Тетис мұхиты 250–265 млн жыл бұрын ежелгі Гондвана мен Лауразия құрлықтары арасында орналасқан. Миллиондаған жылдар бұрын қазіргі Қазақстан және Еуразияның басым бөлігі алып мұхиттың түбінде болғаны белгілі. Гималайдан Альпіге дейін Тетис су массиві алып жатты. Уақыт өте келе Тетис мұхиты тартылды. Нәтижесінде Қара теңіз – Палео-Тетис мұхитының қалдықтары, ал Каспий мен Арал – оның аласа жерлерде орналасқан қалдықтары саналады. Бүгінде Маңғыстау облысының аумағында ежелгі дәуірдің ғажайып олжалары сақталған. Өңірден табылған аммониттер, омыртқалардың қалдықтары және тістері, аяқтары қорларда сақталып, музей залдарына қойылған. Бір кездері мұндағы толқыны қатты Тетис мұхиты Қара, Азов, Каспий және Арал теңіздеріне бөлінді. Тетис мұхитының түбі күні бүгінге дейін ғажайыптарымен таңғалдырып келеді», дейді Гүлжан Назымбетова.
Музей залдарынан маржандар, теңіз кірпілерінің қалдықтарын, тасқа айналған белемниттерді көруге болады. Ал палеонтология бөлімінде еліміз аумағындағы палеозой, мезозой және кайнозой геологиялық дәуіріне тиесілі жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің сирек қорлары сақталған.
АЛМАТЫ