Әлем • 11 Қыркүйек, 2020

Калифорнияда өрт салдарынан қара түнек орнады

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Калифорниядағы орман өрті қазір барлық рекордты басып озды. Қызыл жалын 12 мың шаршы шақырым аумақты күйретіп, 12 адамның өмірін жалмады. Жалыннан штат аспаны қызғылт сары түске боялған, деп хабарлайды Egemen.kz

Калифорнияда өрт салдарынан қара түнек орнады

Калифорнияның солтүстігіндегі жойқын орман өрттері тамыз айының ортасынан бастап 1906 шаршы шақырым аумаққа таралды. Бұл ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып отыр. 

Тілсіз жаумен күресуге 14 мың өрт сөндіруші жұмылдырылыпты. 10 қыркүйектегі жағдай бойынша 29 жерден өрт ошағы анықталған.

Айта кетейік, 2020 жылдың басынан бері орман өрттері Калифорнияда 12 мың шаршы шақырым аумақты жойған.  Осы кезеңде орын алған өрт оқиғасының алтауы 1930 жылдан бері қарай есептегенде, мемлекет тарихындағы ең үлкен өрттер тізіміне енгізілді. 

Бірнеше күн бойы жалғасып келе жатқан қызыл жалын салдарынан Калифорния аспаны қызғылт түске боялып, күндізгі уақытта да дала қараңғы болып тұрады. Тіпті, қара түнек себебімен қалалар бұл уақытта көше шамдарын жағуға мәжбүр.

Биліктің мәліметінше, осы маусымдағы өрт салдарынан 12 адам қайтыс болған. Бірақ құрбандардың саны әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Өйткені кейбір аудандардағы шығынды есептеу әлі мүмкін болмай тұр. Әзірге, өрт салдарынан 3900 ғимарат қирады. Сарапшылар бұл тізімнің де алдағы уақытта өсуі мүмкін екенін айтып отыр.