Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2020

Бағдат Мусин Цифрландыру министрлігінің алдына қойылған басты міндетті атады

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Президент Жолдауы аясында өзі жетекшілік етіп отырған ведомствоның басты мақсатын атады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Бағдат Мусин Цифрландыру министрлігінің алдына қойылған басты міндетті атады

"Президенттің Жолдауына бір құжат күйінде ғана қарамау керек. Себебі Мемлекет басшысының бұған дейінгі айтқан сөздері мен көтерген бастамалары осы Жолдауды толықтырып тұр. Бізге қатысты ең басты айтылғаны цифрландыру – бүкіл реформаның базалық элементіне айналуы тиіс. Бұл – мақсатқа жетудегі құрал. Әртүрлі саладағы межелерге жету, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту секілді салаларда цифрлық мақсаттар бар. Ал біздің мақсат – шынында да бүкіл реформалар процесін жеделдететін базалық элементке айналу. Жалпы Мемлекет басшысы бізге жүктеген процестерді жеделдететін базаны құруымыз керек", деді Бағдар Мусин Президенттік жастар кадрлық резервіндегі азаматтармен кездесу барысында.

Министр Мемлекет басшысының онлайн-петициялар туралы айтқан бастамасы қолдауға ие болғанын, оны әзірлеуге өзі жетекшілік ететін министрлік Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірге атсалысатынын жеткізді.

"Data-орталықтар мен майнингті істер бойынша біз Қазақстанға 500 млрд теңге инвестиция тартуымыз керек. Сонымен қатар, Президент бізге ІТ-саланы өнеркәсіп саласына жақындатуды жүктеді. Әлем экожүйе стартапын қалыптастыру фазасына өтіп кетті. Осынау қатты жылдамдықпен келе жатқан әлемдік трендтен біз де қалысқымыз келмейді. Шынында да екінші whatsapp немесе қандай да әлеуметтік желілер түрін ойлап табуға болады. Ал бірақ шынтуайтында біз мемлекет ретінде өз басымдықтарымызды айқындап алуымыз керек. Өзіміздің базалық ресурстарымыздың арқасында қандай да бір он үздік саланы алайық. Мәселен мұнай, тау-кен өнеркәсібі саласында Қазақстан әлемнің 10 немесе 20 үздік мемлекетінің қатарында. Міне, біз экожүйелердің стартаптарын осы индустрияға жақындатқымыз келеді",  деді ол.