ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы, подполковник Ерболат Сұлтановтың мәлім еткеніндей, оқиға 11 қыркүйек күні сағат 19.30 шамасында "Орал" халықаралық әуежайы маңында болды.
Үлкен жылдамдықпен келе жатқан "ВАЗ-2114" автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, соның салдарынан бірнеше рет аударылып түскен. Жүргізуші автокөлікке қыстырылып қалып, өздігінен шыға алмаған.
Сол сәтте 5517-әскери бөлім командирінің орынбасары, майор Мельс Дулатбаев пен келісімшартпен қызмет ететін әскери бөлім медициналық пунктінің маманы, қатардағы жауынгер Иса Нұрғалиев "Сұңқар" оқу орталығынан қайтып келе жатқан. Олар оқиға орнына шұғыл жетіп, қыстырылып қалған ер адамды босатып алған. Содан кейін Иса Нұрғалиев жедел жәрдем келгенге дейін зардап шегушіге алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткен.
"Жүргізуші ашық бас-ми жарақатын алып, едәуір қан жоғалтқан екен, қан қысымы да төмен болды. Қиын жағдайда қалған адамға жәрдем беру бәріміздің борышымыз деп білемін", деді Иса Нұрғалиев.
Адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен кәсіби қызметі үшін И.Нұрғалиев «Батыс» өңірлік қолбасшысына ынталандыруға ұсынылды.