Екі команда турнир кестесінде қатар келеді. Сондықтан ойынның тартысты өтетіні белгілі еді. Елордалық клуб ойын барысында қарсыластар қақпасына белгіленген екі пенальтиді мүлт жіберген жоқ.
Оны 57 және 64-минуттарда Рунар Сигурьонссон шебер орындады. Оған 70-минутта "Ордабасы" ойыншысы Жоао Пауло бір голмен жауап берді. Кездесуде "Астана" қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде 14 ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Көш басында 18 ұпаймен "Қайрат" командасы тұр. Естеріңізге сала кетелік, кеше аталған турдағы екі ойын өткізілді.
Бұл күні "Жетісу" "Оқжетпесті" 1:0 есебімен басым түссе, "Шахтер" мен "Тараз" 1:1 есебін қанағат тұтты.
Сондай-ақ, бүгін "Тобыл" мен "Қызылжар", "Қайрат" пен "Қайсар" командалары жасыл алаңға шығады.