Спорт • 13 Қыркүйек, 2020

Теннисші Кукушкин Римдегі іріктеу сайыстарының финалына шықты

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық Михаил Кукушкин Рим ATP турнирі іріктеу сайыстарының финалына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Теннисші Кукушкин Римдегі іріктеу сайыстарының финалына шықты

Әлемнің 90-ракеткасы М.Кукушкин іріктеу сайыстарының жартылай финалында рейтингте 112-орында тұрған жапониялық Таро Дэниелмен кортқа шықты. Қазақстандық теннисші жекпе-жек барысында басымдылығын айқын байқатып, қарсыласын 6:2, 6:2 есебімен жеңді.

Бәсеке 1 сағат 16 минутқа созылды. М.Кукушкин іріктеу додасының финалында рейтингте өзінен бір саты төмен тұрған германиялық Доминик Кёпферды тізе бүктірсе, негізгі турнирге өтеді. Д.Кёпфер бүгін осы жарыстың екінші, әлемнің 52-ракеткасы, франциялық Жиль Симонды 7:5, 2:6, 6:3 есебімен ұтып кетті. Жүлде қоры 3,854 млн еуроны құрайтын Рим мастерс турнирі 14-22 қыркүйек аралығында болмақшы.

Оған Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-ракеткасы Александр Бублик арнайы шақырту алды. Оның қарсыласы – әлемнің 38-ракеткасы, 2014 жылғы US Open жарысының жеңімпазы, хорватиялық Марин Чилич. Әйелдер арасындағы осы турнирде Қазақстанның бірінші және екінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева бақ сынайды.

Әлемнің 17-ші, жарыстың 10-ракеткасы Е.Рыбакина рейтингте 29-орында тұрған ресейлік Екатерина Александровамен кортқа шығады. Е.Александрова қазақстандық теннисшіні биыл Шэньчжэнь (Қытай) турнирінің финалында және Цинциннати додасының алғашқы айналымында ұтқан болатын.

Енді қарымта қайтарар кез келді. Биыл US Open турнирінде табысты өнер көрсетіп, ширек финалға дейін жеткен әлемнің 35-ракеткасы Ю.Путинцева рейтингте 48-орындағы швециялық Ребекка Петерсонмен кездеседі. Р.Петерсон бұдан бір жыл бұрын Қытайдағы Наньчан жарысының финалында Е.Рыбакинаны сүріндірген еді.