Қоғам • 14 Қыркүйек, 2020

Бидай баптағанға бітеді

555 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыстағы озат шаруашылықтардың қатарынан саналатын «Викторовское» ЖШС гектар берекесін 22 центнерден айналдыруда. Бұл әзірге өңірдегі ең жақсы көрсеткіштің бірі.

Бидай баптағанға бітеді

Масағы кереқарыс, дәннен басын көтере алмай тұрған егістік алқап самал желмен теңіздей толқиды. Ынтымақты еңбектің нәтижесінде ырыс тұнған, тілін тапқанға берері мол жомарт дала. Бірін-бірі өкшелей он астық комбайны дарқан даланы еселі еңбек дүбіріне бөлеуде. Сабағына береке байланған егістік шетінде серіктестік басшысы Владимир Андрюхинді жолықтырдық. Ісі алға басып тұрса да, көңілінде сәл-пәл қобалжу бар.

– Жинар көбейсін! – дедік біз тәжірибелі шаруашылық басшысына, – егініңіз бітік шыққан тәрізді. 

– Еңбекпен өскен, – деді ол, – жиырма бес маусымды өткердім, соның ішінде биылғыдай көк­темгі егіс кезіндегі қат-қабат сұра­пыл қиындықты басымнан ке­шірмеппін. Жаман тұмау жаға­дан алды. Техниканы жөн­деу кезінде қолбайлау көп болды. Оның үстіне қаржының же­тіс­пеушілігінен қысқа жіп күр­­меуге келмей, қаңтарылып тұрып қала жаздадық. Әйтеуір, ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қамқорлығының арқа­сында мол қаржы бөлінген соң жоспарланған 17 мың гектар алқапқа тұқым сіңірдік. 7 мың гектары – бидай, қалғаны өзге дақылдар.

Комбайншылар соңғы тәулік­терде бір сәт тоқтамапты, екі ауы­сыммен жұмыс істеуге көшіріл­ген. Әйтпесе, күздің қара жауынына ұрынамыз ба деген қауіп бар. Үлгеру үшін уақытпен санас­пай, мүмкіндігінше жылдам­дату керек. Серіктестіктің бар жұмысшысы егін орағына жұ­мыл­дырылған. Далада да, қыр­манда да қызу еңбек. Қыр­ман қызыл дәнге толуы үшін серік­тестік басшысының айтуына қарағанда, маңдай теріңді сы­пырып аянбай еңбек етуің шарт. Жұмсалған қаражат та аз емес. Егістік алқаптарды құнар­ландырып, зиянкестерден қор­ғаудың өзіне 100 млн теңге қар­жы бағытталған.

– Биыл бидай бағасы қымбат­тауы мүмкін, – дейді серіктестік бас­шысы, – мысалы, қазір тон­насы 87 мың теңге, ауыл шаруашылығының көктемгі егіс, ала жаздайғы алқап күтімі, күзгі орақ кезіндегі бар шығынын жа­уы­п, пайдаға шығу үшін би­дайдың әр тоннасы 100 мың тең­геден кем бағаланбауы керек. Біз қазір мемлекетке 2800 тонна астығымызды тапсырғаннан кейін қалғанын коммерциялық баға­мен сатамыз. Соның өзінде қысқа жіп күр­меуге келмейді.

Шынында да, озат шаруа­шылықтың толымды табысының өзі бар шығынды жабуға ғана кетуі мүмкін. Сүдігер жырт­қаннан бастап, егін орағына де­йінгі технологиялық үздіксіз жұ­мыс­тарды атқару үшін көп қара­жат жұмсалған. Табыс сырын сұрағанымызда, кәнігі диқан былай түсіндірді. Мұның барлығы маңдай термен келген табыс.

– Менің ойымша, – дейді ол, – кез келген жерде ырыс дәнін молайтып, толымды табыс алуға болады. Биыл жаз қуаңшылық болды. Жазда жаңбыр аз жауды. Есесіне алапат ыстық жаңа көктеген өскінді күйдіріп тас­тады. Сол себепті көрші танап­­тағылар 7-8 центнерді ғана қанағат етуде. Біз абырой бол­ған­да, жерге қажет нәрсенің бәрін бердік. Енді сол еңбектің зей­нетін көріп жатырмыз. Жер жұмылып адал еңбек істеген адамға ғана иеді.

Зер салып қараған адам ал­қап­тағы егіс бояуының әрқилы екендігін көрер еді. Кей тұсы сап-сары болып тұрса, ал кей тұста әлі жасыл бояудың табы бар. Оның себебі, көктемгі ылғал жабу жұмысының нәтижесінде екен.

Сөз арасында жан аямай жұ­мыс істеп жатқан дала ерле­рінің еңбекақысын білмек ниет танытқанбыз. Бұл арадағы жұмыс әдісі жаңа сатыға көтеріліпті. Цифрландыру арқылы кім қанша іс тындырды, айта-қатесіз көрініп тұрады. Әрбір комбайншының қанша гектар алқапты атжалға жыққаны, қанша тонна астықты бастырғаны тайға таңба басқан­дай ап-анық. Басшының айтуына қарағанда, өнімді жұмыс істейтін комбайншылардың күндік табысы 50 мың теңгеге дейін жетіп қалады екен.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы