Әлем • 14 Қыркүйек, 2020

Ауғанстан: Қырық жылдық қырғынға нүкте қойыла ма?

705 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде Қатар астанасы Дохада Ауғанстан үкіметі мен Талибан арасындағы алғашқы келіссөздер басталды. Бұған дейін бірнеше рет кейінге шегерілген бұл жиын жыл басында жасалған АҚШ пен Талибан арасындағы мәміленің жалғасы.

Ауғанстан: Қырық жылдық қырғынға нүкте қойыла ма?

Келіссөздердің ашылу рәсіміне Ауғанстан үкіметі тарапынан Ұлт­тық татулық жоғарғы кеңесінің төр­ағасы Абдулла Абдулла, Талибан басшысының орынбасары Абдул Гани Барадар және АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео қатысты. Екіжақты талқылаудың қанша уақытқа  созылатыны белгісіз. Өйткені үкімет пен Талибан өкілдері алғаш рет бетпе-бет кездесіп отыр.

Жиынның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген А.Абдулла татулық пен тұрақтылықтың маңызына тоқталып, ел үкіметі бейбітшілік орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

«Егер бір-бірімізбен қол алысып, бейбітшілік үшін шынайы жұмыс істесек, еліміздегі қазіргі берекесіздікті тоқтата аламыз деп сенемін. Біз мұнда 40 жылға созылған қанды қырғынды тоқтатып, ел аумағында бейбітшілік орнатуға деген ізгі ниетпен келдік. Қазіргі дағдарысты соғыс не әскери қақ­тығыс арқылы жеңу мүмкін емес. Егер шиеленісті саяси және бей­біт жолмен шешіп, халықтың мүд­де­сін ойласақ ешкім жеңіліске ұшыра­майды», деді ол.

А.Абдулланың айтуынша, ақпан айында АҚШ пен Талибан келісімге келіп, америкалық сарбаздарды Ауғанстаннан шығаруға кіріскелі бері ел аумағында 12 мың тұрғын қаза тауып, 15 мыңы жараланған. Осыған байланысты үкімет өкілі Талибан тарапын  атысты тоқтатуға шақырды.

А.Барадар өз сөзінде Талибан ұйымы Ауғанстаннан ел басқаруда Ислам жүйесін енгізуді талап ететінін атап өтіп, сабыр мен шыдамдылық қажет деп түйіндеді. Сондай-ақ Ауғанстанның болашағы туралы жоспарымен бөлісті.

«Біз Ауғанстанның тәуелсіз, азат, дамыған және еркін ел болғанын қалаймыз. Елде Ислам жүйесі орна­ты­лғаны керек. Сол арқылы тұрғындар үйлесімде, татулықта өмір сүре алады», деді Талибан басшысы.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы М.Помпео Ауғанстанның келешекте қандай саяси жүйе таңдайтыны ел үкіметі мен Талибан ұйымына тікелей қатысты деп есептейтінін жеткізіп, бей­бітшілік орнатуға берілген бірегей мүм­кіндікті ұтымды пайдалануға ша­қырды.

«Әрқайсыңыз жүректеріңізге үңі­ле­тіндеріңізден үміттенемін, әр­қай­сыңыз үлкен жауапкершілік жүк­­тей­­тіндеріңізге сенемін. Бірақ сіз­дер жал­ғыз емессіздер. Бүкіл әлем ке­лі­сімге келгендеріңізді қалайды. Бәрі де өз қолдарыңызда», деді М.Помпео.

Жоғарыда бұл жиынның АҚШ пен Талибан арасындағы келісімнің жалғасы екенін айтқан болатынбыз. Соған сәйкес, Ақ үй Ауғанстаннан өз әскерін шығаруы тиіс. Ал оның есесіне, Талибан аймақта терроризмге қарсы әрекет етуге көмектеседі.

Осы келісім аясында АҚШ пен НАТО 14 ай ішінде Ауғанстаннан сар­ба­з­дарын әкетеді. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Ал Талибан  ел үкіметімен бірге әл-Каида секілді террористік ұйымдардың өңірдегі әрекетіне қарсы күресетін болады.

Сондай-ақ Ақ үй тарапы Тали­бан­ға салынған санкцияларын алып тас­тауды, осы бағытта БҰҰ-мен бірлесіп жұмыс істеуге уәде берді. Бұдан бөлек, келісім аясында 5 мыңға жуық Талибан мүшесі түрмеден босатылып, мыңға жуық Ауғанстан үкіметінің қауіпсіздік қызметкері азат етілмек.

Ауғанстан үкіметі мен Тали­бан арасындағы келіссөздер нау­рыз айында өтуі тиіс еді. Бірақ тұт­қын­дарды алмасудағы түсініспеушілікке және елдегі қарулы қақтығыстарға байланысты бірнеше рет кейінге шегерілді. Мәселен, билік өкілдері Талибан басшылары босатуды сұраған кей тұтқындардың қанды шабуылдарға қатысы бар деп есептейді. Сондықтан үкімет бейбіт халықты қырғандарды босата алмайтынын мәлімдеді.

Әйтсе де, өткен айда Ауғанстан үкіметі Талибанның 400 мүшесін босатуға кірісті. Осылайша, тұралап қал­ған келіссөздерді бастауға мүмкіндік туды. Дегенмен, тізімдегі 6 адам­ның түрмеден шығуы екіталай. Фран­ция мен Аустралия билігі олар­дың өз азаматтарын өлтіруге қатысы бар деп санап, босатылуына келіспей отыр. Қазір олар Дохаға жеткізілген. Олардың тағдыры осындағы келіс­сөздер барысында анықталады.

Әрине, келіссөздердің қиын болатыны түсінікті. Себебі Ауған­станда әлі күнге дейін атыс тоқтаған жоқ. Оның үстіне, Талибан мен ел үкі­меті арасында келіспейтін мәселелер өте көп. Сондықтан бір келіссөз арқылы бәрін шешу мүмкін емес екені түсінікті. Дегенмен, Дохадағы жиын жақсылықтың нышанын көрсетеді. Екі тарап та бейбітшілік орнатуға ынта білдіріп отыр.

Мұны келіссөздерге қатысқан тараптар да мойындайды. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео шешілмеген түйіннің көптігіне тоқталып, бейбітшілік жөніндегі келісім елдің болашағы үшін тиімді болатынын атап өтті.

А.Абдулла да осы жиын барысында екі тарап бір-бірінің ұсыныстарына 100 пайыз келісуге міндетті емес еке­нін жеткізді. Әйтсе де, үкімет өкілі қарапайым тұрғындарға бағытталған шабуылды доғарып, атысты тоқта­тудан үміттенетініне екпін берді.

Талибан көсемдерінің бірі А.Барадар Ауғанстанда Исламдық бас­қару жүйесін орнатуды ұсынғанымен, ұйымның өзгеруге бет алғанын аңғару қиын емес. Мәселен, елдегі қақтығыс басталғанда Талибан шариғатты қатаң ұстануды ғана айтатын. Бұл жолы билікке жаңашыл Ислам жүйесін әкелуге деген ниетін сөз арасында байқатып қалды. Дегенмен, бұл келі­сімнің келешегі әзірге беймәлім. Кей сарапшылар Талибанның көзге көрінетін міндеттерді ғана орындап, басқа мәселелерге мән бермейтінінен қауіптенеді. Оған себеп жетерлік.

АҚШ-Талибан келісіміне сәйкес, АҚШ пен НАТО әскері Ауғанстаннан шығарылады. Өз кезегінде Талибан ұйымы кез келген террористік топтың Ауғанстанда бас көтеруіне тосқауыл болуы тиіс. Бірақ «Өзі жоқтың көзі жоқ» демекші, Талибан америкалықтар кеткен соң қалай әрекет етпек? Кімді террорист деп санайды? АҚШ пен оның жақтастарына қауіп төндіретін топтарды қалай анықтайды? АҚШ пен Талибанның түсінігіндегі «терро­ристік топ пен террорист» ұғымдары сай келе ме? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Мәселен, әл-Каида тобына Тали­бан қозғалысы жетекшілік ететіні та­лай мәрте айтылды. Ұйым басшылығы мұны жоққа шығарған. Кейіннен, тіпті, талибандардың өкілі  тарапынан 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террористік шабуылға әл-Каида жауапты емес деген әңгіме де айтылып қалды.

Осы орайда айта кеткен жөн. Қазақстан Ауғанстандағы ахуалды жақсартып, өңірде тұрақтылық пен бейбітшілік орнатуға мүдделі. Екі ел арасындағы ынтымақтастық жолға қойылып, Қазақстан ауған сту­денттерінің білім алуына көмектесіп келеді. 2010 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде қазақстандық жоғары оқу орындарында Ауғанстанның 1 мыңнан астам азаматы білім алады.

Сондай-ақ 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіз­дік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланған кезде де Қазақстан тарапы Ауғанстан мәсе­лесін естен шығарған жоқ. Мәсе­лен, Ауғанстан/Талибан коми­тетіне, ИЛИМ/Әл-Каида комитетіне және Сомали/Эритрея Санкциялық коми­тетіне төрағалық ету тапсырылып, еліміз аталған міндетті абыроймен атқарып шықты.

Қазақстан тарапы Орталық Азия және Ауғанстанды бейбітшілік, ын­ты­мақтастық және қауіпсіздіктің үлгісіне айналдыруды көздейді әрі осы мақсатта жұмыс істеп келеді. 2018 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 520,6 млн долларды құрады, оның ішінде экспорт – 516,4 млн доллар, импорт – 4,2 млн доллар.

Қорыта айтқанда, Дохадағы жиын­да тыныштық кеткен бір мемлекеттің тағдыры шешілмек. Талибанның өз міндетін орындауына қатысты күмән туғанына қарамастан, сарапшылар келіссөздер барысында бірқатар түйт­кілдің түйіні тарқайтынына сенімді. Бастысы, Талибан мен Ауғанстан үкіметі арасындағы жылдар бойы қатып қалған тоң жібіді.