13 Сәуір, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДА

508 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қаруларын қысқартпақ Өткен аптаның басты оқи­ға­сының бірі – АҚШ пен Ресей Федерациясының президенттері Барак Обама мен Дмитрий Медведев Чехияның астанасында стратегиялық шабуылдаушы қаруларды (СШҚ-3) қысқарту жөніндегі шартқа қол қойды. Бұрынғы шарттың мерзімі өткен жылғы желтоқсанда-ақ өтіп кет­кен еді. Біраз мәселелер жөнінде келісімге қол жетпей келген. Тіпті Ресейдің бұл шарттан бір жақты шығу мүмкіндігі барлығын ескерткен мәлімдемесі де болған. Бірақ екі держава басшылары да жағдайды тым шиеленістіру жақ­сылыққа апармайтынын ұғып, келісімге тоқтады. Соның арқа­сында екі жақтың ядролық ар­сеналының үштен біріндейі қысқармақ. Сайлау ерте өтеді Авиаапаттан қаза болған Польша президенті Лех Качинь­ский­дің алғашқы билік мерзімі осы жылдың аяғына таман бітуге тиіс еді. Бұл елде президент сай­лауының науқаны басталып та кеткен болатын. Марқұм Ка­чинь­скийдің өзі де екінші мер­зімге қайта сайлануға түсуі мүм­кін еді. Енді жағдай мүлде өзге­ріп отыр. Кезектен тыс сайлау бұрынырақ өтуі мүмкін. Ел басшысының міндетін атқарушы Сейм Маршалы Б.Коморовский кезектен тыс сайлаудың болатын уақыты жақында жариялана­тынын мәлімдеді. Кетудің себебі не? Жұма күні биліктегі Моңғол халықтық-революциялық пар­тиясы­ның төрағасы Санжийн Баяр өз қызметінен кететінін мәлімдеді. Кетуінің себебін ол денсаулығына байланыстырып отыр. Ал саясатшылар оны соңғы күндердегі оқиғаларға байланыс­ты­рады. Дүйсенбі күні Улан-Ба­тордың көшесіне бес мыңдай адам митингіге шығып, парла­мент­ті таратуды, үкіметтің қыз­ме­тінен кетуін талап еткен бола­тын. Қазір 2,7 миллион халқы бар Моңғолияда адамдардың 40 пайыздайы кедейшілік шегінен төмен тұрады. Билік үшін күрес Ұлыбританияда 6 мамырда өтетін парламент сайлауының науқаны басталды. Онда жеңген партияның өкілі билік тізгінін ұстайды. Лейбористер, міне, 13 жыл бойы билікте. Алдымен Тони Блэр үш мерзім премьер-министр болса, одан эстафетаны қабылдаған Гордон Браун өз партиясын жеңіске жеткізе ала ма, жоқ па, ол белгісіз. Ал олар­дың бас қарсыласы консерва­тор­лар осы жолы қалай да жеңуді мақсат етіп отыр. Оппозиция ыдырауда Күні кеше президенттікке таласқан Юлия Тимошенконы оның достары тастап кетіп жатыр. Сатқындық кімнен болса да жақсы емес. Бұдан бұрын өз фракциясының депутаттарын Аймақтар партиясы 1 миллион доллармен сатып алып жатыр деп мәлімдесе, оны дәлелдеу қиын. Бұл үшін Тимошенконы прокуратура шақырып, жауап алуда. Әрине, ешкім ақшаға сатылдым дей қоймайды. Бірақ Тимошенконың басқаға өкпелей­тін жөні жоқ, өзі де кезінде В.Ющенконы сатып кеткен. Аса ірі жаттығу Сенбі күні Пәкстанда соңғы 20 жылдағы ең үлкен әскери жаттығу басталды. Оған барлық әскер түрінің 45 мың жауынгер­лері мен офицерлері қатыспақ. Жаттығу кезінде қарулар мен құралдардың жаңа түрлері сынақтан өтеді. Жұртшылық бұл ірі жаттығуды көршілерге қыр көрсету деп қабылдады. Ең үлкен жалақы Не нәрсенің болса да тым артықтығы өрескел. Басқа ел­дер­ге қарызы шаш-етектен, өзі бас­қа елдің басқыншылығы жағ­дайын­да күн көріп отырған Ирак­тың премьер-министрі Нури әл-Маликидің айлық жал­ақысы 2 миллион доллар екен. Жұрт оның жалақысын АҚШ президенті Барак Обаманың жалақысымен салыстыратын көрі­неді. Оныкі – 48 мың дол­лар. Маликидің бір айда тапқанын 3 жылда табады. Қызбайтын шам Еуроодақ елдері алдағы уа­қыт­та дәстүрлі Эдиссон ойлап тап­қан қыздырылып жарық бе­ре­тін электр лампаларын шығар­май­тын болып отыр. Олардың орнын электр қуатын үнемдейтін шамдар басатын болады. Еуро­одақ үкіметі – Еурокомиссия сон­дай шешімге келіпті. Ал кон­сер­вативтеу келетін неміс жұрты ескі шамдарды бар кезінде көп­теп сатып алып жатқан көрінеді. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.