Онлайн режімдегі бейнеконференция Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев пен Үндістанның Сауда және өнеркәсіп министрінің орынбасары Бидьют Бехари Свейннің теңтөрағалығымен өтті. Шараға екі елдің Төтенше және өкілетті елшілері, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері қатысты.
Қайрат Төребаев атап өткендей, Қазақстан Үндістанмен өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлкен мән береді. Жұмыс тобының осы жолғы онлайн жиыны Қазақстан басшысы Қ.Тоқаевтың Үндістанға сапарына дайындық кезеңдерінің бірі болып табылады.
Отырыста қызмет көрсетудің түрлі салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сауда, инвестициялар, көлік және байланыс, ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп және тағы басқа салалардағы атқарылған жұмыстар екі мемлекеттің арасындағы сауда көлемінің ұлғаюына оң әсер етуі тиіс.
Талқылау барысында қазақстандық тарап үнді тарапын металлургия, тамақ, химия, машина жасау өнеркәсібі және құрылыс тауарлары сияқты салаларда жалпы сомасы 271,4 млн долларды 60 түрлі тауарды жеткізе алатынын айтып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін ұлғайту мүмкіндігін жеткізді. Әріптес елге Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен Иран арқылы Үндістанға логистикалық сервис ұсынды.
Екі елдің өнеркәсіптік кооперациясын одан әрі дамыту мақсатында біздің тарап Ауғанстан мен Үндістанды Орталық Азиямен және Еуропамен, Орал, Сібір және Қиыр шығыс өңірлерімен байланыстыратын «Солтүстік-Оңтүстік» Орталық Азия көлік-транзиттік экономикалық дәлізін дамыту туралы бірлескен зерттеу жүргізуді ұсынды.
2019 жылы Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 1,9 млрд АҚШ долларын құрағанын айта кетейік. Бұл 2018 жылға қарағанда 55,8%-ға жоғары көрсеткіш. Қазақстаннан Үндістанға жіберілген экспорт көлемі былтыр 65%-ға өсіп, 1,6 млрд долларға жетті. Үндістаннан келетін импорт болса 20,1-ға ұлғайып, 291,6 млн доллар болды. Биыл жеті айда екі ел арасындағы тауар айналымы 2,2 есе артқанын да атап өткен ләзім.