Полиция қызметкерлері "ВКонтакте" әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу барысында деструктивті ағым өкілінің діни мазмұндағы аудиофайлдар мен фотоматериалдарды тарату фактісін анықтаған. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жазбалардың авторы анықталды. Ол бұрын сотталмаған Петропавлдың 33 жастағы тұрғыны болып шықты.
Деструктивті діни ағымдардың жетегінде кеткен бұл әйел өзінің бүлінгенімен қоймай жеке парақшасында басқаларды да тартып, жат ағымның аудио және фото құжаттарын дәріптеп, орналастырған. Қалыптаспаған жас саналар мұндайларды көріп, айсыз қараңғы түнде жүргендей адасатыны хақ. Тіпті туған ата-анасын да жат санап кететіндер бар. Сондықтан оның бүліншілік қасіреті орасан. "Дайын аудио мен фотоларды ғана парақшама салдым" деп жеңіл құтылғысы келетін сылтау мұндай қылмысқа жүрмейді. Қасиетті дінімізді бұзып, оған түрлі деструктивті ағымдарды араластырушыларға қоғам мүлде қарсы екені хақ.
Аталған факті бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн, сол сияқты өзге де өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау және таратуды қарастыратын 453-бабтың 2-бөлігі бойынша қазір материалдар жинастырылған. Тіркелген контент Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетінің дінтану сараптамасына да жіберілген еді. Сарапшылар оны "материалдар экстремистік болып табылады және оларды ел аумағында тарату мен сақтауға тыйым салынған", деген қорытынды шығарды.
Қыркүйек айының сегізінші жұлдызында Петропавл қаласының Мамандандырылған әкімшілік соты бұзушыны қылмыскер деп тауып, ӘҚБтК 453-бабы 2-бөлігі бойынша айыптап, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.
"СҚО ПД ЭҚІҚБ қызметкерлері дін заңнамасы саласында құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізеді. Тұрғындардың деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар қатарына қосылып кетуін болдырмау үшін алдын алу жұмыстары жасалады. Қазір экстремистік ағымға жаңа ұстанушыларды тарту негізінен мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылады. Ағымға тартушы адам сақтықпен әрекет етеді. Дей тұрғанымен, жыл басынан бері СҚО аумағында дін саласында 13 құқық бұзушылық анықталды. 8 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қалғандарына дінтану сараптамалары тағайындалды", - деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаров.