Серіктестіктің бас директоры Алтынбек Сапаров – жомарт жүректі азамат. Ол былтыр «Жыл меценаты» атағымен марапатталған. Туған ауылы кірсе шыққысыз болып жайнап тұр. Әрбір үйге ауыз суы тартылған, көшелер асфальттанған. Ауылдағы жұмысы қайнап жатқан ФАП, 200 орындық клуб, жарқыраған мектеп үйі мен спорт алаңдарын көргенде бұл ауылды жердің жұмағы ма дерсің. Бірнеше жаңа үйлер де салынған. Түнгі жарықта самаладай болып жайнап тұрады.
Бұрын «Красный партизан» деп аталған осынау қазақ ауылының атына осы жерді мекендеп, елге билік жүргізген Ноғайбай ақсақалдың атын алып берген де Сапаровтар әулеті. Ноғайбай – Алтынбектің арғы атасы. Елге сыйымды, әділетті, ақылгөй би болған. Текті тұлғаның есімін немерелері қайта жаңғыртты.
Биылғы жаман індетпен күресте Алтынбек Сапаров белсенділік танытып, алдымен облыстық ауруханаға 2,5 млн теңге көлемінде көмек берді. Одан кейін «Зерде» қоғамы ұйымдастырған халыққа көмек беру қорына 500 мың теңгемен үлес қосты. Өзі облыстық мәслихаттың депутаты. Қашан көрсең жүзінен нұр төгілген азамат ұзақ жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысады. Табиғи тектілік оның өне бойынан есіп, үлкенге ізетпен, кішіге құрметпен тұрады.
«Ноғайбай» ЖШС-ның егіс көлемі 12 мың гектардай. Биыл соның 7 мың гектарына бидай егілген. Биылғы ыстықтың, жауын-шашынның аз болуына қарамай күтімді жердің астығы жақсы өнім беріп жатыр. Жерге тыңайтқыштар мол себілген, гербицид шашу уақтылы жүргізілген. Таңғы шықтың пайдасы да егіске өз пайдасын тигізген. Соның нәтижесінде осы күні гектар берекесі 19 центнерден айналуда. Шаруашылық арпа, сұлы және майлы дақылдар да егеді. Мал өсіретіндіктен 300 гектар жерге сүрлемдік азық еккен.
Қазіргі ауа райының қолайлығында әр күнді тиімді пайдаланған шаруашылық техникалары күндіз-түн астық басында жүр. Соның ішінде жоғары сапалы 18 комбаин, астық тасымалдайтын он шақты жүк автомобилі мен тіркемелі тракторлар егістік даласы мен қырман арасында үздіксіз сабылуда.
Алтынбек Сейпілұлы үлкен орақты алдағы 5-6 күнде толық аяқтайтынын айтты.
«Ауа райы осылай тұрса орақты толығымен аяқтауға жақынбыз. Енді тек еңбегіміздің жемісін көрсек болды. Биыл бидайдың үшінші класының бағасы 88-90 мың теңгеден айналып тұр. Бұл аз емес болғанымен гербицидтер мен тыңайтқыштардың қымбаттауына байланысты бұдан да көбірек болса, тіпті жақсы болар еді», дейді ол.
Шаруашылық тұрғындарға пай беруде де жомарттық танытады. Мұндағы тұрғындардың жер үлесі – 4 гектардан болған. Соған бес центнердің ақшалай баламасы беріледі. Оның үстіне жергілікті тұрғындарға сабан, шөп үйіліп, жем де беріледі. Әйтеуір, ауыл тұрғындары Алтынбекке дән риза.
Шаруашылыққа Ноғайбай ауылымен қатар көршілес Надежка елді мекені де қарайды. Қазір екі ауылдағы барлық тұрғындар арасынан шаруашылық 80-дей адамды жұмыспен қамтып отыр. Әрине, маусымдық жұмыстар аяқталған соң жұмыс орындары қысқаратыны сөзсіз. Бірақ шаруашылық басшысы тыңғылықты жұмысшыларын таратпай, оларға басқа жұмыс тауып беруге қам жасап жүр.
Міне, Солтүстіктегі қуатты шаруашылықтардың бірінің қысқаша айтқандағы тыныс-тіршілігі осындай.
Солтүстік Қазақстан облысы,
М.Жұмабаев ауданы