Елорда • 16 Қыркүйек, 2020

Нұр-Сұлтандағы көппәтерлі үйлер жылыту маусымына дайын

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада жылыту маусымына дайындық кесте бойынша жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтандағы көппәтерлі үйлер жылыту маусымына дайын

Нұр-Сұлтандағы көп пәтерлі үйлердің басым бөлігі жылу қосуға дайын. Атап айтқанда, 2597 тұрғын үй нысандарында осыған қажетті барлық жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы қалалық отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, жылу беруге денсаулық сақтау нысандары да толық дайын. 180 білім беру мекемесінің 178-і жылу қабылдай алады, Мәдениет нысандары 86% дайын. Елордада энергия көздерінің негізгі және қосалқы жабдықтарын жөндеу 93,2% орындалды. Елордалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, ЖЭО-1 жылу беру маусымына 90,6% дайын.

"Бұл нысанда № 2 турбоагрегат, № 4 су жылыту қазандығы, № 6 су жылыту қазандығы күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта № 3 турбогенераторды, отын-көлік цехын, химиялық цехты, электр цехын, жылу автоматикасы мен өлшеу цехын жөндеу жалғасуда", деп хабарлады басқарма.

ЖЭО-2 – 91,1% іске қосуға дайын. Онда төрт турбоагрегат, бес энергетикалық және алты су жылыту қазандығы жөнделді. Қала маңындағы алты тұрғын алабына қызмет көрсететін "Астана-Энергия" АҚ аудандық қазандықтары 98% жұмысқа дайын. Бүгінгі күні станцияларда нормативтік 20 тәуліктік отын қоры жинақталған.

Орталықтандырылған жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жылу желілері жылыту маусымына толық дайын. Электр желілерін жөндеу жақында аяқталады. Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада жылыту маусымы көшедегі орташа тәуліктік ауа температурасы бес тәулік ішінде 10 градус және одан төмен болған кезде басталады.

Бұдан басқа, тұрғын үй алаптарында газбен жабдықтау желілерін салу бойынша және техникалық шарттар беру жұмыстары жалғасуда. Мысалы, Железнодорожный ТА газ тарату желілері – 100% жабдықталса, Өнеркәсіптік және Көктал-2 – 95%, Көктал-1 – 80% салынды. Бұл жұмыстар Агрогородок, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабында да жүргізілуде. Осы тұрғын алаптардағы үйлер, оның ішінде Агроқалашықтағы үйлердің бір бөлігі биылғы жылыту маусымында газбен жылытылуы мүмкін.

Үйлерді газбен жабдықтау желілеріне қосылып, тегін техникалық шарт алу үшін тұрғын алаптарында фронт-кеңселер ашылды. Сонымен қатар биыл ЖЭО-1 және ЖЭО-2 қазандықтарын газға көшіру жоспарлануда.