Қоғам • 17 Қыркүйек, 2020

Үйге газ кіргізу құны неліктен 1 млн теңгеден жоғары?

2314 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет қолдауының нәтижесінде бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде, әсіресе ауылды жерлерге газ тарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Дегенмен Жамбыл облысы Шу ауданының орталығы Төле би ауылына газ тарту мәселесі бес жылдан бері әлі шешімін таппай отыр.

Үйге газ кіргізу құны неліктен 1 млн теңгеден жоғары?

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ

Кезінде, яғни 2012 жылы желтоқсан айында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Бұхара – Ташкент – Бішкек – Алматы» ха­лықаралық магистралды газ құбы­рына жалғанған «Қордай – Шу» жоғары қысымды газ құбы­рының тұсауын Ұлттық телекөпір арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кесіп, сәттілік тілеген болатын. Жер­гілікті халық та ауылға көгіл­дір отынның келетінін естіп, шын қуан­ған. Алайда 2015 жылғы 14 мамырдан бастап «Париев» ЖШС Төле би ауылын газдандыру үшін белгіленіп, газ тарту үшін мердігер жоғары баға қойған. Аталған мәселені тұрғындар талай жылдан бері аудан, облыс әкімдеріне айтып жүріп шеше алмай, ақыры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, хат жазды. Аталған компания мен жергілікті билік басшылары ортақ тіл табысып, бағаны шарықтатып отыр деген тұрғындардың жанайқайы әлі басылар емес. Аспандаған баға, сапасыз жұмыс та ауылдықтардың ашуына әбден тиген.

Жалпы, Төле би ауылында 21 мыңнан астам халық тұрады. Аталған компанияның әрекеті осы уақытқа дейін жергілікті жұртшылықтың наразылығын тудырып отыр. Шу ауданының құрметті азаматы, Төле би ауылы­ның тұрғыны Мәкен Уақтегінің айтуынша, 2017 жылдың сәуір айында бағаны төмендету мақ­сатында облыстық бюджеттен 251 млн 145 мың теңге бөлінген екен. «Нәтижесінде, Шу қаласы мен Төле би ауылының аралық 8,7 шақырымдық жоға­ры қы­сымды газ құбыры аудан әкім­дігінің теңгеріміне сатып алын­ғанымен, айлалы қулық­пен мұны мердігер басшыла­ры ар­зан­датпаған. Ауыл тұрғын­дарын еліміздегі жоқ қымбат бағамен жас баладай алдап келе жат­қандарына бес жылға аяқ бас­қанымен, мәселенің әлі де ше­шімі табылатын емес», дейді ол.

Ауыл тұрғындарын газбен қамту үшін «Париев» ЖШС-і басында бағаны әр үйге 380 мың теңгеден қояды. «2015 жылы 14 мамырда жердің үсті арқылы болат құбырлармен әр үйге 380 мың теңгеден газ жүргіземіз» деп «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жам­был облыстық филиалынан техни­калық шарт алады да, дәл сол 14 мамырда жерасты полиэтилен құбыр­лары­мен газ жүргізу қымбатқа түсе­ді деп халықты алдайды. Кейбір қатыс­паған адамдардың да орнына қол қойып, екі бірдей жалған хаттама толтырады. Сөйтіп, бағаны 40 мың теңгеге қымбаттатып, 420 мың теңгеге көтереді. Аудан орталығындағы 4200 үйді 40 мың теңгеге көбейтсек, 168 млн теңге шығады екен», дейді Мәкен Уақтегі. Әңгіме мұнымен де бітпей, ақыры 2016 жылдың жаңа жылынан тағы да материалдар қымбаттады деген желеумен бағаны бірден 570 мың теңгеге көтереді. Жалпы, тұрғындар осындай негізсіз қымбатшылыққа наразы. Негізі әрбір ауыл тұрғыны үйлеріне газ тарту үшін 503 мың теңгеден төлеуі керек екен. Алайда ауылдықтар мұны да қымбатсынуда. Өйткені одан бөлек пеш және тағы да қажетті заттарды сатып алу үшін тағы сондай көлемде қаражат керек. Сондықтан төлебиліктер бұл бағаның негізсіз екенін айтып, дабыл қағуда. Ауыл тұрғыны Шүкір Абдуллаевтың айтуынша, ол осыдан екі жыл бұрын өз қаражатымен үйіне газ кіргізген.

«Алматы қаласына екі рет барып пеш, батарея сияқты қажетті заттарды өз қаражатыма алып келдім. Бір пештің өзі 240 мың теңге болды. Жалпы, барлық шығынды қосқанда бір үйге газ тарту құны 1 млн 260 мың теңгеге шықты», дейді тұрғын. Әрине, бұл бір отбасы үшін аз қаражат емес. Ауыл тұрғындарының бәрінің әлеуметтік жағдайының бірдей емес екенін ескерсек, тіпті көп үйлерге газ кірмей қалу қаупі бар. Мәселен, тағы бір ауыл тұрғыны Жеңіс Әбсат 503 мың теңгенің өзі қымбат екенін айтады. «Биылғы қаңтар айында үйге газ кіргіздік. Енді газ кіргізу құнын, жұмысының ақысын, керекті материалдардың көлемін есептейтін болсақ, 1 млн теңгеден астам ақша кетеді. Біз бастапқы қаражатын ғана төле­дік. Енді қалғанын осы қазан айы­на дейін төлеуіміз керек. Ауылда істейік десек, жұмыс жоқ. Азын-аулақ малға қарап отырмыз. Амал жоқ, сол малды сатсақ та ақшасын береміз», дейді Жеңіс Әбсат. Негізі­нен қарапайым халықтың пікірі осы. Көпшілік аспандаған бағамен үй­леріне газ тартуға қауқарсыз.

«Мемлекеттік тіркеуден өтпеген­діктен, құрылыс жұмыстары техно­ло­­гиялық талапқа сай орындал­ма­ған­дықтан 2018 жылы 11 ақпан күні «Жандос» дүкенінің алдында және Сәду Шәкіров пен Қорағаты көше­лерінде үш жерде жерасты жары­лыстары орын алды. Соның кесірі­нен Төле би ауылындағы үйлер бір­неше тәулік бойы жылусыз қалған күн­дер де болды. Сондықтан Шу ауда­ны­ның әкімі Нұржан Кален­деров­ке қоғамдық комиссия құрып, «Париев» компаниясының 8,7 ша­қы­рымдық магистальды құбыр мен аудан орталығындағы газдан­дыру жұмыстарын жан-жақты тек­серу қажеттігін айттым. Ма­гист­ральды құбыр дұрыс орналас­ты­рыл­мағандықтан және Төле би ауылы мен тағы да басқа көршілес 4 ауылға жалғанғандықтан қыстың аязды күндері газ қысымының жетіс­пеушілігі орын алуы әбден мүмкін екенін жеткіздім. Сондықтан аудан орталығындағы көгілдір отынға қосы­ла алмаған 2600-ден астам үйді іргедегі Абай ауылының магистральды құбырына жалғауға көмек те сұрадым», дейді М.Уақтегі.

Сондай-ақ аталған серіктестіктің ауыл ішіндегі атқарған жұмыстары сапасыз болғандықтан «ҚазТрансГаз» мекемесі облыстық филиалының тексерісімен 163 адам өміріне аса қауіпті нүктелер анықталған. Нәти­жесі, міне үш жердегі жарылыс бо­л­ып отыр. Тұрғындар сапасыз жұ­мыс­тар осылай жалғаса берсе, түбі адам өміріне қауіп төне ме деп қорқатындарын айтуда.

Негізінен көпшілік бұл әрекетке «Париев» ЖШС-і мен аудан бас­шы­лығын да кінәлайды. Мәселен, осы мәселе туындағалы соңғы бес жыл­дың бедерінде ауданда біраз әкім ауыс­ты. Бірақ «жабулы қазан жабу­лы кү­йінде» қалып отыр. «Төрт-бес жыл аудан орталығы тұрғын­дарын газдандырудағы жосықсыз әре­­кет­­терін атышулы мердігер ком­па­­ния­ның басшылары Шу ауда­ны­­ның кей атқамінерлерінің қолдауы­мен үзбей жалғастырумен келеді. Тіп­тен, мені қорқытып 2017 жылдың сәуір айында жұмысымызға кедергі кел­тір­ді деген сылтаумен 2 млн теңге айып­пұл төлетуге Шу аудандық сотына та­лап-арыз да берді. Заңгер М.Нү­сіпов бастаған көзі ашық аза­мат­тар­дың қолдауымен әрі судья Г.Бө­ле­ге­но­ваның әділетті шешімімен ма­ған айып­пұл төлетудің орнына өз­дері­нің кей былықтары ашылып қал­ды. Аудан әкімінің орынбасары Нұр­лан Жақ­сыбаев көпшілікті қолдау­дың орнына, облыс әкімінен бастап Пре­зи­дентке дейін жалған жауаптар беріп, мер­дігер кәсіпорын басшыларын қол­дап келеді. Әйтпесе бұл мәселе әлде­қашан-ақ шешілетін еді», дейді М.Уақтегі.

Ауыл тұрғындары талай уақыттан бері еліміздің бірқатар құзырлы орын­дарына аталған мәселе бойынша ша­ғым­данған. Жуырда Шу ауданы­ның әкі­мі Н.Календеров аудан орта­лы­ғы Төле би ауылының тұрғын­дары­мен кез­дескенде де бұл мәселе тағы көтеріл­ген. Өз сөзінде аудан әкімі об­лыс бас­­шы­сымен және тиісті бас­қар­ма бас­­шы­ларымен ақылдасып, осы газ­­­­дан­­­ды­ру мәселесін шешуге әре­кет­­­те­ніп жатқанын жеткізген. Н.Ка­лен­­­деров­тің айтуынша, 5 жылда ауыл тұр­­­ғын­­дарының тек 30 пайызы ғана кө­гіл­­дір отынға қосылған. Яғни мұндай қым­­­бат бағаға қаражаты барлар ғана қол жет­­кізген. Ал қалған тұрғындар қайт­­пек? Бұл да талай жылдан бері тұр­ғы­н­дар үшін өзекті мәселе күйінде қалып отыр.

Төле би ауылының тұрғындары атал­ған мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайтынын жеткізді. Бес жылдан бері қордаланған мәселенің түйінін тарқатып, қарапайым халыққа салмақ салып келген тиісті басшыларға шара қолдануға және «Париев» ЖШС-нің тұрғындардан алған артық ақшасын қайтартып беруге Президенттің көмек­тесуін сұрайды. Әйтпесе, бес жыл бойы созылып келген мәселе тағы да талай жылға жалғасып кете ме деген тұр­ғындардың қорқынышы басым.

 

Жамбыл облысы