Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ
Жұмыр жердің бетін жаман тұмау жайлағалы әлемнің әр қиырында азық-түлік тапшылығы байқала бастады. Дастарқанымыз тоқ деп арқаны кеңге салатын заман емес. Ұлан-байтақ жеріміздің әр пұшпағын тиімді пайдалансақ қана ауыл шаруашылығы саласының көсегесі көгереді. Ал ауыл шаруашылығы облыс экономикасының негізін құрайды. Өңірде ел Президенті айтып отырған мәселе өте өзекті. Бір әттеген-айы, топырағы құнарлы, сулы, нулы өңірде қаншама жер игерілмей, бос жатыр.
Жерді тиімді игеру төңірегінде сөз сабақтайтын болсақ, оралымсыздық менмұндалап тұратындығы анық. Ел Президентінің Жолдаудағы нақты міндеттерінің астарында атан түйеге жүк боларлық салмақ жатыр. Ендігі арада ұзын арқан, кең тұсауға салмай, ауыл шаруашылығын дамыту қажет. Бұл үшін барымыз бен жоғымызды бір түгендеп алсақ. Бар кінәрат сұраныс көп болғанымен, ұмтылғандардың қолы жетпей қыруар жердің бос жатуында. Мәселен, облыста 14 613,2 мың гектар жер болса, оның 74 пайызы – ауыл шаруашылығы жерлері.
Облыстық әкімдік пен прокуратура бекіткен биылғы 31 қаңтардағы реестріне назар аударсақ, 1 500 мың гектар алқаптың бос жатқанын көреміз.
Игерілмей жатқан не деген байлық?! Егер осы жердің игілігін ел көрсе, ырысымыз арта түспес пе еді? Бос жатқан жердің 1 096,6 мың гектары жайылымдық жер де, қалғаны егістік. Жер пайдалану құқығы басқа субъектілерге берілген көлем де аз емес, 202,418 мың гектар. Оның ішінде 20,7 мың гектары егістік жер де, 180,1 мың гектары жайылымдық жерлер, 1,5 мың гектары басқа мақсатта пайдаланылатын жер телімдері.
Бір өңірде тусыраған жер туырылып бос жатса, ірі елді мекендердің маңында жер тапшылығы көптен бері туындап отыр. Малсақ қауым алға ұмтылғысы келгенімен, төрт түлігіне жайылымдық, мал азығын дайындауға шабындық жер таппай күйзелуде.
– Макинка қаласында тұрғын көп. Қала шетінде тұрғандықтан мал ұстасақ күн көрісімізге дұрыс болар еді, – дейді Мақсұтхан Мұратхан, – ежелден мал сүмесімен күн көрген елміз ғой, қолымыздағы бірер бас түліктен айырылғымыз келмейді. Бірақ, жанды қинайтыны – жайылым мәселесі. Шабындық та жоқ. Егер жемшөбін сатып алатұғын болсаңыз, қысы алты айға созылатын бұл өңірде қара мал ұстау мүлдем тиімсіз. Мал ұстағысы келетін адам көп. Егер осы аумақтағы жерді дұрыстап бөлсе, қаншама отбасы мал өнімдерімен өздерін өздері қамтамасыз етер еді. Артылып жатқаны қалған жұрттың игілігі.
Негізгі кінәрат жергілікті әкімдіктерде тәрізді. Ірі шаруашылық құрылымдарына жер телімдері бөлінген кезде мал сүмесімен күн көріп отырған халықтың қолындағы төрт түліктің санына сәйкес жер телімдерін елді мекенге жақын жерден бөлу қажет сияқты. Өткен жылы осы мәселе түбегейлі зерттеліп, 426,3 мың гектар алқаптың пайдаланылмай жатуына орай ұйғарылымдар берілген. Бос жатқан жердің 148,3 мың гектары егістік, қалғаны жайылымдық жерлер. Иесіз мүлік ретінде есепке 76 мың гектар жер алынды.
Мораторий жағдайында тексеру мүмкін болмағандықтан, бұл тараптағы жауапкершілік аудан әкімдіктеріне берілген. Қазір аудан әкімдері жер пайдаланушылармен жұмыс жүргізуде. Не өздері пайдаланбай, не өзгеге бермей, берекенің бастауы, игіліктің бесігі саналатын жерді бауырына басып отырғандарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланылмаған жағдайда әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылатыны жеріне жеткізіле айтылуда.
Атбасар, Бурабай, Целиноград аудандарының және Степногор қаласы әкімдіктерінің жүргізген жұмыстарының нәтижесінде 35,2 мың гектар кәдеге аспай жатқан жер учаскелері кейін қайтарылды. Мораторий шарттарын бұзбауы үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің қаншалықты пайдаланылып жатқанын анықтау мақсатында ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Осылайша жергілікті атқарушы органдар тарапынан веб-порталды пайдалану арқылы бос жерлердің нақты көлемі анықтала бастады. Бүгінгі таңда Көкшетау, Степногор қалалары мен бірнеше аудан әкімдіктері 1,725 млн жайылымдық жерді өз мақсатында пайдалану туралы 937 хабарлама жіберілді.
Ендігі бір айта кетерлік мәселе, жерді тиімді пайдалану. Әлемде астық өндіретін мемлекеттердің ең алдыңғы қатарындағы Ирландияда гектар берекесі – 99, Жаңа Зеландияда 91 центнерден айналады екен. Біздің түсімізге кіріп көрмеген өнім. Рас, біздің бидайдың сапасы жақсы, әсіресе, Жақсы, Есіл, Жарқайың аудандарында бидайдың қамырлылығы 30 пайызға дейін жетеді. Солай бола тұра, гектар берекесін арттыру, егіншілік мәдениетін жетілдіру тарапынан кем түсіп жатырмыз.
– Бүгінгі таңда гектар берекесін арттыру айрықша маңызға ие, – дейді Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Әбілжан Құсайынов, – ең бастысы, тұқым селекциясына көңіл жеткілікті бөлінбейді. Оның басты себебі, тұқымның шетелдерден әкелінетіні. Сайып келгенде шеттен әкелінген тұқым өңірдің табиғи ерекшелігіне бірден көндіге алмайды. Демек, өзімізде өнгіштік қасиеті мол жаңа сұрыптарды дайындайтын ұлттық селекция ұтымды жүргізілуі керек. Көктемгі егіс кезінде тұқым таппай қапылған шағын шаруа қожалықтары репродукциядағы стандартқа келмейтін тұқымды егуге мәжбүр.
Ғалымның айтуына қарағанда, табиғаттан мол алғымыз келгенімен, береріміз жоқтың қасы. Қайтарым қағидатын берік ұстанбағандықтан соңғы жылдары егістік алқаптар тозып кеткен. Сондықтан да гектар берекесі көңіл көншітпей отыр. Осы арада бір дерек келтіре кетелік, елімізде егістік алқаптардың әр гектарына 6-8 кило ғана тыңайтқыш сіңіріледі. Алысқа бармай-ақ, іргедегі Ресейге қарасаңыз, бұл көрсеткіш 45 килоны құрап отыр. Ал АҚШ-та 135 килоны құрайды екен. Осыдан кейін жерге өкпелеудің жөні жоқ.
Алқаптардың құнарлылығын арттыру барысында ең қолайлысы органикалық тыңайтқыштарды пайдалану. Қазір шаруашылықтар қай алқапқа қанша тыңайтқыш қажет екенін білмейді. Ендігі арада егістік алқаптарының картограммасы жасалып, қатаң есепке алыну керек. Сонда ғана жер жомарттығын танытады.
Тыңайтқыштың оңдысы – органикалық тыңайтқыш. Оған мемлекет тарапынан субсидия төленбейді. Есесіне экологиялық жағынан таза, экономикалық жағынан арзан, кез келген шаруа қожалығына қолжетімді.
Бос жатқан жерге қаншама мал өсіруге болады. Ғалымдардың есептеуіне қарағанда, әр түлікке 6-8 гектар жер қажет. Облыстағы бос жатқан жайылымды тиімді пайдаланып мал өсірсек, азық-түлік молшылығына кенелер едік. Қазір сырттан келетін 6 түрлі азық-түлікке тәуелдіміз. Оның ішінде ет және ет өнімдері де бар. Өзімізде осыншалықты мол мүмкіндік бола тұра, өзгеге қол жайғанымыз тіптен ұят.
Сөз соңында әзірге кәдеге аспай жатқан мыңдаған гектар жерді мақсатты әрі тиімді пайдаланғанда ғана дастарқанымыз тоқ, қазанымыз майлы болатынын айтқымыз келеді.
Ақмола облысы