13 Сәуір, 2010

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ҚАРЫМЫ

701 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
мемлекеттік қызметкерлер мен БАҚ өкілдері арасынан шыққан балуандар арқылы да тағы бір танылды Қазақтың төл спорты санала­тын қазақ күресі текті күрес екенін бүгіндері біраз ел мойындап үлгерді. Оған осыған дейін екі рет әлем, бес мәрте Азия және бір­неше дүркін ел чемпионаттары өт­кені дәлел. Бұған шүкір дейміз. Десек те, елімізде қазіргі таңда аталмыш спортымызды жан-жақты насихаттауда кемшін тартар тұстарымыз аз емес. Наурыз мере­кесі қарсаңында ғана кей жерлерде балуандарды белдестір­ген түр көр­сет­кенімізбен, қалған уақыттарда тек жоғарыдағы сияқты бірін­шіліктерде ғана балуандарымызды кездестіруге мүмкіндік туады. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында қараған жанның қаны қызатын осынау бекзат өнерімізді насихаттаудың жаңа үлгісі жан­күйер­лерге жол тартты. Тұңғыш рет елордада мемлекеттік қызмет­керлер арасында ұйымдастырыл­ған республикалық жарыс қазақ күресі десе ішкен асын жерге қоя­тын жандарды бір серпілтіп таста­ды. Республикалық ақпараттық-сараптамалық “Тіл” журналы мен “Тіл жанашыры” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен отызға жуық балуан қатысып, бақтарын сынады. Астанадағы “Астаналық Цирк” ғимаратында шоу-бағдарлама негізінде өткізілген жарыс ережесі бойынша қатысушылардың мем­лекеттік қызмет өтілі бір жылдан кем болмауы өз алдына, мемлекет­тік тілді еркін меңгеруі басты талап болды. Сондай-ақ сайысқа түсетін балуандар салмағы 70 пен 100 кило аралығында болуы да міндетті болып танылған. Жалпы алғанда, ұлттық нақыштарға өр­нек­телген бұл сынның балуан­дарды таныс­тыруы бізді ерекше сүйсінтті. Ұлт­тық киім үлгісінде киініп шыққан төрешілермен балуандардың жеке-жеке ата дәс­түр мен иіліп сәлем беруі де бір ғани­бет болды десек қателеспейміз. Сайыста алғашқы белдесуді Төтенше жағдайлар министрлігі­нен келген Талғат Нұрахметов пен Бейбіт Есин (Экономикалық қыл­мысқа және сыбайлас жемқорлық­қа қарсы күрес агенттігі) өткізді. Бұл белдесуде Бейбіттің асығы алшысынан түсті... Ақтық сынға барар жолдама үшін күреске дейін үш айналымды артқа тастаған балуандардан сайдың тасындай іріктеліп төрге төртеуі шықты. Финалға шығу жолында қызылор­да­лық Жасұлан Досымов ақмола­лық Нұрлан Жамаловтан басым түссе, жамбылдық Нұржан Қазы­беков Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Дәулет Ескендіровтен айласын асырды. Ақтық айқаста Нұржан Қазы­беков пен Жасұлан Досымов бір-біріне беріспей біраз жүрді. Алайда соңғы минөтте Жасұлан қарсыла­сын айлалы әдіспен алып ұрып, жарыс жеңімпазы атанды. Сөйтіп, Қызылорда облысының Қармақшы ауданынан келген жас балуан белгілі кәсіпкер, меценат Оралбек Ботбай тіккен темір тұл­парды ол­жа­лады. Ал күміс жүлде­гер Нұржан Қазыбеков Түрік әуе компаниясы тағайындаған әлемнің 150 елінің біріне барып-қайту билетіне ие болды. Боз кілем­де сұлу күрес өнерін көрсетіп, көрер­менін сүйсінт­кен рухты нар ұл Нұржан өзінің Меккеге барғысы келетінін жасырмады. Үшінші тұғыр үшін қарсыласын қапы қалдырған Ақмола облысының үкілеген үміті Нұрлан Жамалов жарысты ұйым­дас­тырушылар тарапынан дайын­далған теледи­дар­ға иелік етті. Елімізге белгілі эстрада жұл­дыз­дары Қыдырәлі мен Қарақат Болмановтар, Гүлбаушан Тергеу­бекова, “Ұлытау” тобы және астана­лық цирк әртістерінің өнерін тамашалаған жұртшылық шоу-бағдарламаға қатысамын деген үміткерлердің қазақ күресіне деген ынта жігерлеріне де шек қойыл­мады. Әу бастағы ережеге сәйкес 100 килодан артық салмақтағы балуандар белдеспейді деп көр­сетіл­ген-ді. Десе де аса ауыр салмақта келген қос балуан бөлек сынға түсті. Президенттің күзет қызметінен келген Арман Әбеуов пен Ішкі істер министр­лігінің өкілі Талғат Қожа­баевтың белдесулері де тар­тысты өтіп, Арман Әбеуов жеңіске жетті. Ол Эйр Астана әуе компаниясы әзірлеген Еуропаға барып қайту жолдамасын қалтасына басты. Қызықтың көрігі БАҚ өкілдері арасындағы күресте қызды. КТК телеарнасының операторы Нұр­болат Құлманов пен СТВ телеар­на­­сы­ның журналисі Бақытбек Ха­митов күресінде Нұрболат басым­дық танытты. Қос әріптесі­міз де “Алтын софт” сауда белгісі шығар­ған қос тілді (қазақша-орысша, орысша-қазақша) электрон­ды қалта сөздіктеріне ие болды. Тұсаукесері баршаның батасын алған игі бастама алдағы уақытта жыл сайын жалғасын тапса екен дейміз. Қазақ күресінің көсегесінің көгеруіне қарлығаштың қанаты­мен су сепкендей демеу беретін осын­дай қанатқақты жобаға демеу­шілер жиірек шығып жатса, спортқа деген қамқорлықтың үлкені осы болмақ! Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Астана.