13 Сәуір, 2010

БАҒЫНДЫРАТЫН БІР БЕЛЕС БАР

514 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Осы күндері Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың Бокс федерациясында жұмыс істейтінін жанкүйерлер жақсы білсе керек. Оның қазіргі қызметі – ұлттық құраманың жұмысын үйлестіру. Бұл жұмысқа Бақыт­ты оның Олимпиададан кейін біраз уақыт тынығып, жарақатын емдеп алған соң федерация басшылығы өз ісіне жауапты, бокстың барлық қыр-сырын білетін маман­дар­ды тартып, бапкерлермен, өзінің өкшесін басып келе жат­қан былғары қолғап шеберлерімен жұмыс істеу мақсатында шақырған болатын. Содан бері, міне, біраз уақыт өтті. Б.Сәрсекбаевты турнирлер мен жарыстарда жиі кез­дес­ті­реміз. Жақында онымен Бокс федерациясында жүз­десудің сәті түсіп еді. Оған алғашқы сауалымыз да боксқа қайтып келуге ниеті бар-жоғын білуге қатысты қойылды. – Боксқа қайта оралуым туралы мәселе әлі толық шешілген жоқ. Оның бәрін уақыт көрсетеді. – Егер боксқа қайта келіп жатсаң, қай салмақта қаласың? 69-да ма? ­– 69-да. – Осы салмақта бізде бір-бірімен бәсекелес жігіттер бар ғой. Солардың ішінде кімді атап айтар едің? – Ешкімді бөліп-жарып ата­май-ақ қояйын. 69-да бізде талант­ты, дарынды боксшылар бар. Мұны биылғы Қазақстан чем­пионаты көрсетіп берді. Кімнің мықты, кімнің осал екені осындай бәсекелерде көрінеді. Қазір біз жастарымыздың өздерін көрсету­леріне мүмкіндік беріп отырмыз. Дегенмен, орыс халқында “Свой не свой, а на дороге не стой” де­ген бар. Сол сөз дұрыс айтылған. – Олимпиададан кейін бокспен қоштасқанда жүрегіңнің түкпірінде бәрібір боксқа қайта келермін деген ойға орын болды ма? – Иә, Олимпиададан кейін қолымнан жарақат алып, боксты осымен біржолата қоярмын деген ойым болды, әрине. Маған ол кезде біраз уақыт демалып, жара­қатымды емдеу керек еді. Енді екінші рет талпыныс жасай­тын уақыт келген сияқты деп ойлай­мын. Мұны өзімнің, жастар­дың бабы қалай екен, соны байқап көру үшін жасап отырмын. – Бокс федерациясында істеп жүргеніңе біраз уақыт болды. Қа­зір­гі жұмысың туралы не айтасың? – Қазір ұлттық құраманың жұмысын үйлестіруші болып істеймін. Федерацияда бұдан басқа әйелдер ұлттық құрамасы және төрешілер жұмысын үйлестіруші болып белгілі бокс маманы Берік Мыржықбаев, жастар және жасөс­пірімдер командасының жұмысын үйлестіруші, мемлекеттік бапкер Болат Әбдірахманов, Қазақстан­ның ішкі жарыстарын өткізу және WCB бүкіләлемдік сериясына қатысуды ұйымдастыру жұмысын үйлестіруші Болат Манкенов, халықаралық байланыс жөнінде үйлестіруші Әзиз Қожамбетов пен ғылыми жұмыс және медицина­лық қызмет көрсету жөнінде үйлес­­тіруші болып Садат Молда­кәрім жұмыс істейді. Менің мін­детім – бас бапкермен, аға бап­кер­лермен тығыз байланыста жұмыс істеу. Біз қазір келешегінен үміт күттіретін жастарға жол көрсетіп, оларды үйретіп жатыр­мыз. Ол үшін шетелден де мамандар шақырдық. Олар өз тәжірибелерімен бөлісуде. Жалпы, қазір еліміз бойынша бокстың беделін көтеру үшін үлкен жұмыстар қолға алынып отыр. Қазақстан Бокс федерация­сына президент болып Тимур Құлы­­баев келгелі бері еліміздің барлық өңірлерінде боксты дамы­ту­дың жаңа жоба-жос­пар­лары жасала бастады. Мысалы, биылғы жылдың қыркүйек айына дейін барлық облыстарда “Бокс сарайы” салынатын болады. Мұны көп жерде жанкүйерлер аузынан тастамай айтып жүр. Бұл әуелі балалар мен жастардың арасынан талантты боксшыларды іріктеп алуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан боксты бұқаралық спорт деңгейіне көтеруге ықпал ететін болады. Федерацияның қолға алған тағы бір жұмысы – ұлттық құра­маны жасарту. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Яғни, талантты жастарды негізгі командаға шақыр­­тып, оларды ірі халықара­лық жарыстарға қатыстыру бас­талды. Бүгінде Бокс федера­циясы осындай жарыстарға үлкен мән беріп келеді. Өйткені, биыл Қытайдың Гуаньчжоу қаласында жазғы Азия ойындары өтеді. Сондықтан федерацияның басшысы Тимур Асқарұлы ұлттық құрамаға да, жастар құрамасына да ерекше мән беріп, олардың дайын­дығы үшін барлық жағдайды жасау­да. Осындай халықаралық дең­гейдегі және республикаішілік шараларды үйлестіруде федерация­ның атқарушы директоры Данияр Әбілғазин үлкен жұмыстар атқа­рып келеді. – Мысалы, қандай? – Мысалы, бірінші нөмірлі боксшылар 2 500, ал екінші нөмір­лі боксшылар 1 500 доллар­дан жалақы алып тұрады. Мұның өзі боксшылар үшін үлкен демеу, қолдау емес пе. Жалпы, бүгінде Қазақстан боксын дамыту үшін жақсы жобалар іске қосылып отыр. Федерация басшысы еліміз­дің барлық өңірлерінде балалар мен жастардың бокспен айналы­суына жақсы жағдай жасау үшін нақтылы жұмыстарды бастады. Оның ішіне арнайы бокс мектеп­терін ашу, төрешілер дайындау, жарыстарды халықара­лық талап­тарға сай өткізу, ғылы­ми-медици­налық жетістіктерді пайдалану сияқты жұмыстар кіреді. – Енді өзіңе қайта келсек, қазір жаттығу жасайды екенсің. Бап­керіңмен неше сағат жатты­ғасың? – Мен ешқашан боксты тастадым деп жаттығудан қол үзген емеспін. Күн сайын 2-2,5 сағат жаттығамын. Бапкерім Кәрім Махмұдовпен көп нәрсені ақыл­дасамын. Сол кісінің кеңесіне әрдайым жүгініп отырамын. Қазір жаттығуларды техникамды жетіл­діру үшін жасап жүрмін. Мен сіздерге бірден шаршы алаңға шығып, өзімді қайта көрсетемін деп айта алмаймын. Өйткені, оған уақыт керек, сосын оған көп ең­бек­тену керек. Ақыл тоқтат­қаннан кейін бәріне кәсіби тұрғыдан, жаңаша көзқараспен қарайды екенсің. Кезінде бәрі де тез өтсе екен, тез болса екен деп ойлаушы едім. Қазір олай емес, әр нәрсені таразыға салып жасайсың. – Әлі бағындырмаған бір белесің бар екен. Ол әлем чем­пионы болу ғой... – Иә, оның рас. Әлем чемпионы атану әркімнің арманы. – Қазір әлем чемпиондығына лайық деп кімдерді атап айтар едің? – Бокста болжап айту қиын. Бұл – спорт. Ал спортта бабы мен бағы келіскен саңлақтың ғана жеңіске жететіні белгілі. Сосын бәрі боксшының дайындығына, ұрымтал сәтті пайдалана білуіне байланысты. Көп жағдайда мәселені адамның атағы емес, шаршы алаң шешеді. – Біздің бапкерлердің жұмысы­на қандай баға бересің? – Мен ешкімнің жұмысына баға бере алмаймын. Әркім өз жұмысымен айналысуы керек деп ойлаймын. – Ырымшылсың ба? – Бір Аллаға ғана сенемін. – Әңгімеңе рахмет. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.