Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2020

Қаруды қауіпті жағдайда ұстағандарға 429 хаттама толтырылды

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстікқазақстандық полицейлер өңірдегі орман, су алқаптарына профилактикалық рейдтерді аңшылық маусымы басталған 5 қыркүйектен бері жалғастырып келеді. Онда аң-құсты заңсыз  ату ғана емес, отты қаруды сақтау және тасымалдау қағидалары, өрт және жеке қауіпсіздік техникасын сақтау, аңшылық құжаттарының бар-жоғы және т.б. тексеріледі, деп хабарлайды Egemen.kz

Қаруды қауіпті жағдайда ұстағандарға 429 хаттама толтырылды

Отты қаруды белгіленген нұсқамаға сәйкес сақтамау – аңшының өзі мен маңайындағы адамдарға қауіп тудырады. Оғы оқпаннан шығарылмай тастай салған мылтық жанған оттың жанында жатса өздігінен атылып, біреуді мерт қылмаса да жаралауы әбден мүмкін. Ал аңшылықты сүйетін адамдардың көбі мылтықтың қатаң сақталуына мән бере қоймайды. Оларды жайылған дастархандағы мөлдіреген шынылар алдымен қызықтырып жатады.  

Міне, осындай аңшылармен учаскелік инспекторлар және табиғатты қорғау полициясы аңшылық шаруашылығындағы қорықшыларымен бірлесе отырып, әңгіме өткізіп, мылтықты қауіпсіз сақтаудың ережелерін естеріне салып отырады.

Облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы, полиция майоры Құрман Мусин қаруды сатып алу, сақтау немесе тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін жыл басынан бері 429 хаттама толтырылғанын айтты. Әкімшілік кодекстің осы бұзушылықтың жазалайтын бабына сәйкес жеке тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Сонымен қатар, аңшылар қажетті құжаттардың тізімін білуі, сондай-ақ кәсіпшілік немесе спорттық аң аулау кезінде 2015 жылғы 27 ақпандағы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген «Аң аулау қағидаларына» сәйкес қаруды тасымалдау талаптарын мүлтіксіз сақтаулары қажет. Жолдаманың қолданылу аумағынан тыс жерде аңшы атыс қаруын оғы алынған және бөлшектенген күйде ұстауы керек. Сонымен қатар аң аулау кезінде ішімдік ішуге тыйым салынады. Алайда осы талапты сақтайтын аңшылар аз кездеседі.

Сонымен бірге тіркелмеген қаруды ұстап жүретін аңшылар да кездеседі. Ондай қару бірден тәркіленеді. «Егер сіз тіркелмеген қару тауып алсаңыз немесе ол қайтыс болған туыстарыңыздан қалған және тағы басқа жағдайда табылған болса – бұл жайында «102» нөмірі бойынша шұғыл полицияға хабарлау қажеттігін естеріңізге саламыз», - дейді Құрман Мусин. «Мекенжайға жедел-тергеу тобы барып, қару белгіленген тәртіп бойынша алынатын болады. Қаруды ерікті түрде тапсыру, егер адамның іс-әрекетінде өзге қылмыс құрамы болмаған жағдайда қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершіліктен босатады».

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында отты қаруға байланысты 661 құқық әкімшілік бұзушылық анықталған.

Солтүстік Қазақстан облысы