Сан мыңдаған боздақтардың өмірін қиып, сан мыңдаған отбасына қайғы-қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыстың тамырына балта шабылғанына биыл 65 жыл толғалы отырғаны баршамызға белгілі. “Бәрі де майдан үшін – бәрі де жеңіс үшін” деп елде қалған барша жұрттың тынымсыз еңбегі де жеңісті жақындатуға сеп болғаны сөзсіз. Мамыражай тірлікте күн кешіп жатқан қаршадай қарадомалақтардың балалық шағы осы алапат соғысқа дөп келіп еңбекке ерте араласты. Бұғанасы қатпаған балғындар таңның атысы мен күннің батысы қара жұмыста болды. Ел басына түскен осынау нәубет соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ шығар, сірә. Солардың бірі – біздің әулет. Уақыт өткен сайын сол кездердің елесі көз алдыңа сол күйінде келе бере ме қалай? Әсіресе, ол Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында жиі ойға оралады. Енді сол жылдарға шегініс жасап көрейін.
Мен бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласында туып-өстім. Тарихы ғасырды құраған елордадағы Жамбыл Жабаев атындағы № 4 мектепті бітірдім. Осы кез Рабиға Ғұмарова, Мария Қарабекқызы сынды ұстаздардан тәлім-тәрбие алдым. Өздері көркем, мінезге бай, аяулы жандарды әліге дейін жадымнан шығарған емеспін.
Алаңсыз білімге бой алдырып жүрген шуақты күндердің бірінде: “Соғыс басталыпты!” деген суық сөз жетті. Соғыс туралы тарихтан ғана оқитын біз үшін осы бір суыт хабарды естігенде балалық бал дәуреніміз өзіміз асыр сала ойнап жүрген Есілдің суымен бірге ағып кеткендей әсерде болдық. Үйге келсем, анам Дәулет пен көрші апалар жылап жүр екен. Сонда ғана соғыстың не екенін түсінгендей болдым.
...Көп кешікпей әкемнің інісі Төлеубай ағамды қазіргі Астана теміржол вокзалынан майданға шығарып салдық. Вокзал маңы қоштасуға жиналған қарақұрым халық. Ағамның артында алты айлық ұлы мен жары қалды. Ұлын соңғы рет емірене иіскеп тұрып ағам жеңгеме: “Мына баланы дұрыс тәрбиеле”, – деп тапсырған-ды. Амал нешік, Төлеубай аға сол кеткеннен мол кетті, оралмады. Жеңгем көпке дейін бізбен бірге тұрды. Кейін ата-анасы шақырып сонда тұрып, бертінде ұлы да, өзі де дүние салды.
Төлеубай ағаны аттандырғаннан кейін көп ұзамай анамның туған інісі Текен аға да соғысқа кетті. Оны да екі баласы, әйелі және біз жылап шығарып салған едік. Онда да жылап-сықтаған қара халық. Бірі бауырын, енді бірі әкесін жіберіп дегендей... Әйтеуір пойыз жүріп кеткенше шулаған дауыстар...
Қатал тағдыр нағашыма да туған жер топырағын бұйыртпады. Нағашымның алғаш шайқасқа кірер алдында жазған мына бір өлең шумақтары хатпен келген еді.
Туған соң өмір де бар, өлім де бар,
Зат емес, бұл екеуі сатып алар.
Тұрмыстың қай жағында жүрсеңдағы,
Жазмышта осы екеуінің бірі болар.
Хош болып тұр ата-ана көріскенше,
Кездесіп, сәлемімді беріскенше.
Белгісіз қай араға тоқтайтыным,
Жүрміз біз Батыс жақтың жерлерінде.
Мәжіра тете өскен жеңгетайым,
Болдың ба, амандықта қалай жайың.
Ойынмен түлеп өсіп жүрсіңдер ме?
Рауза, Совет, Сәбит, Бағатайым.
Осы хатты оқығанда үйімізде көңілі босамаған жан қалмады. Маған жаттатып қайта-қайта айтқызатын еді марқұм әжем.
...Әкем Әкпар еңбек армиясына алынып, одан 1944 жылы басынан ауырып елге оралды. Алайда ауруы жиі меңдей берді...
Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақмолаға Украина жерінен 165 кісісімен № 317-әскери зауыт көшіп келіп, соғысқа керекті құралдар жасады. Зауыт директоры Н.А.Муравьев деген азаматқа өтініш жазып, оқушы болып жұмысқа тұрдым. Бір кило нанды тізіммен береді. Ішінде үлкен пеші бар цех темірлерді балқытып, деталь қалыптайды екен. Мен соғыс біткенше осы зауытта жұмыс жасадым.
Халықтың көптен күткен: “Соғыс бітті!” деген сөзін алғаш естігендегі жүрек толғанысын тілмен жеткізе алмаспын. Сенерімді, не сенбесімді білмей аң-таң күйде қалыппын. Бәрі де қуаныштың әсері ғой. Содан митинг болып жатқан жерге барып, жеңістің келгенін толық сезіндік. Сол күнгі елдің қуанышында шек болған жоқ. Соғыста қайтыс болған туыстар да естен шығарылмады. Бес жылға жуық болған алапат елге өз ауырлық ізін тастап кетті емес пе? Ол кезде бейнет жасаған азаматтардың кейбірі әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай келеді. Осы жағы мені сәл қынжылтады.
Соғыс бір жағынан балалық шағымыздың шаттыққа толы күндерін азайтса, бір жағынан еңбекке шыңдады. Сол еңбектің арқасында біршама жетістікке жеттім деп ойлаймын.
Жолдасым Сәлкен Түгелбаев Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан майдангер. Ереймен жерінің тумасы. 1939 жылы Ақмола қаласынан міндетті әскерге алынып, соғыс басталысымен сол алапатқа кірген. Фин, Жапон соғыстарынан кейін елге 1947 жылы оралды. Екінші топтағы мүгедек еді. Майдандас достарымен кездесе қалса, сол кездері бастарынан кешкен азапқа толы жылдарын көздеріне жас ала еске түсіретін-ді. Соғыс атаулыны ұрпақтарымыз көрмесе екен деп тілейтін.
Қазір қарап отырып, бүгінгі күнге тек шүкіршілік айтудан бір сәтке де жалықпаймын. Кейде Ереймен елінен келіп, кір жуып, кіндік кескен, оқып алғаш еңбек жолымды бастаған Астананың жанып тұрған самаладай шамдары, оның жарқын болашағын көз алдыма елестеткендей. Есілдің бойына орнатылған Кенесары бабаның ескерткіші де өте орынды қойылған деп ойлаймын. Еліміздің болашағы үшін жар құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүрген азаматтарымызға тек алғыстан басқа айтарым жоқ.
Бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әже мен отандастарыма Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында тек жақсы тілектер тілеймін. Сәбилердің шат күлкісі тиылмай, балалық шақтың бал дәмін татсын деген аналық ақ батамды айтқым келеді.
*1939 жыл. Міндетті әскер. Бірінші қатардан оң жақтан үшінші жатқан Сәлкен Түгелбаев. Ортада Михаил Хромов. Командирі жолдастарымен.
Құсни ӘБДІРАХМАНОВА. Ақмола облысы, Ерейментау қаласы.