Руханият • 18 Қыркүйек, 2020

Түркістанда "Береке, бірліктің символы - Тайқазан" көрмесі ашылды

707 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тайқазанның Түркістан қаласына қайта оралған күніне орай, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен, "Береке, бірліктің символы – Тайқазан" көрмесі ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістанда  "Береке, бірліктің символы - Тайқазан" көрмесі ашылды

Киелі Тайқазан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен 1989 жылы 18 қыркүйек күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жеткізілген болатын. Осы күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тарихи жәдігер жайлы көрме ұйымдастыру дәстүрге айналған. «Көрменің мақсаты – киелі Тайқазанның жасалу, тарихи орнына оралу және жасаған ұстаның есімі мен жасалған орнының тарихымен таныстыру, төл тарихымызды насихаттау. Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" және "Ұлы Даланың жеті қыры" бағдарламалық мақалаларында көрсетілген бағыттарын жүзеге асыру мәселелерін де қамтиды. Биылғы шараның ерекшелігі Тайқазан көшірмесін жасап жүрген танымал қолөнер шеберлерінің де жұмыстары таныстырылуда», дейді  "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры  Нұрболат Ахметжанов.

Көрме жәдігерлері арасындағы ағаштан жасалған алып Тайқазан келушілерді қызықтыруда. Көшірме авторлары – Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының ұстаздары Қыдырғали Агибаев, Пердехан Тансихов және Болат Серікбеков. Тайқазанның жеті түрлі металдан жасалғаны белгілі. Қолөнер шеберлері де соған негіздеп жеті түрлі ағашты қолданыпты. Яғни АҚШ, Оңтүстік Корея, Ресей, Өзбекстан,  Қырғызстан және еліміздің сапалы ағаштарынан  жасалған. Көшірмені жасап шығуға бір жарым жылдай уақыт жұмсаған ұстаздар мүмкін болғанша негізгі нұсқасына келтіруге тырысқандарын айтадық.

"Салмағы 300 келіге жуықтайды. Түпнұсқа Тайқазанның ою-өрнектері мен өзге де элементтерін дәл түсіріп, жазуларынан қателік жібермеу үшін арнайы мамандардың көмегіне жүгіндік. Тайқазанды оқушыларға ағаш жону, кесу, желімдеу сынды жұмыстарды үйрете отырып жасадық. Шәкірттеріміз үшін бұл жұмыс ең ерекше тәжірибе болды деп ойлаймыз", дейді ағаш шебері, ұстаз Қыдырғали Агибаев.

Көрмеге Тайқазанның құйылған орны мен 1935 жылы Ленинград (Санкт-Петербург) қаласындағы Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына алып кеткен және қайта оралған сәттерінен суреттер, жәдігердің қайта оралуына байланысты тарихи құжаттар, кітаптар, музей, қала әкімшіліктерінің Үкіметке, Жоғарғы кеңеске, Халық депутаттарына жазған хаттары мен жеделхаттарының көшірмелері, қолөнер шеберлері жасаған Тайқазан көшірмелері және әр жылдары сыйға тартылған музей қорында сақталған жәдігерлер қойылған. Карантин талаптарына сәйкес көрмеге келушілердің сақтық шаралары сақталған. Көрме бір ай бойы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілердің назарына ұсынылады.

 

Түркістан облысы