Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2020

Алыстан жеткен алғыс

371 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өздерінің атына халықтың атынан алғыс айтылып жатса риза болып қалады. Өйткені, олар да пенде ғой. Көбінесе халық наразылығын ғана еститін олар бізге де жылы сөздер айтылады екен деп көңілдері де көтеріліп, жұмыстарына деген ынтасы да артып қалады. 

Алыстан жеткен алғыс

Ал көші-қон қызметінің инспекторы, капитан Райхан Бестаеваға алғыс хат тіпті алыстағы Польшадан жетіпті. Бұрын СҚО-ның Тайынша ауданында тұрып келіп, кейін Польшаға қоныс аударған 66 жастағы Евгения Антоновна Қазақстанға қонаққа келіп, қайта кетерінде аяқ астынан проблема болып, оның ұшаққа кешігіп қалу қаупі туады. Сол кезде капитан Райхан Бестаева оның ісіне жанашырлықпен араласып, бюрократиялық кедергілерден тез өткізіп, мәселесін шешіп береді. Қазақстандық шенеуніктің бұл ісіне риза болған поляк қызы оны ұмытпай, алғысын айтып, хат жазып жіберген екен. Онда былай делінген: "Райхан, сәлеметсіз бе?! Мен адамдарға деген ілтипатыңыз, мейірімділігіңіз үшін сізге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Кәсібилік көрсетіп, жағдайды түсінгеніңіз үшін рахмет. Осындай қызды тәрбиелеген ата-анаңызға алғысым шексіз, денсаулықтары мықты болсын. Бақытты бол! Барлық көші-қон қызметінің қызметкерлеріне көрсеткен көмектері үшін көптен-көп рахмет айтамын".

"Адамдардың ризашылығына бөлену біз үшін зор қуаныш. Менің көші-қон қызметінде жұмыс істегеніме 5 жыл болды, осы жылдар ішінде жүздеген түрлі құжат ресімдедім. Олардың әрқайсысының артында адам тағдыры тұр, егер біз өз үлесімізді қосып, адамдарға көмегімізді тигізсек, біз осыған қуанамыз", - дейді Райхан Бестаеваның өзі. 

Осындай қызметкерлер басқа да шенеуніктерге үлгі болса, қанеки.