Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2020

Атырау тұрғыны түрменің ауласына мобильді телефон лақтырған

750 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл оқиға тамыз айында болған. Жақында Атырау қалалық әкімшілік сотында УГ-157/9 мекемесінің ауласына мобильді телефон, модем мен сим-карта лақтырған қала тұрғынына қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау тұрғыны түрменің ауласына мобильді телефон лақтырған

“11 тамызда түнгі сағат 3:00 шамасында мекеменің қарауылы скотчқа оралған түйіншектің мекеме ауласына лақтырылғанын хабарлап, Атырау қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Айғақ заттарды қарау кезінде 4 “Samsung” мобильді телефоны, қуаттағыш құрылғы, сим-карталар мен 2 модем табылды. Мобильді телефонда қала тұрғының суреттері сақталғаны анықталды. Түнгі уақытта жасырынып, заттардың түскен жеріне келген жазасын өтеушінің бірі ұсталды” деп хабарлады Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.

Түрмеде жазасын өтеуші заңсыз “сәлемдемені” лақтырған азаматтың аты-жөнін айтпаған. Бірақ мамыр айында “курьер” мен “тапсырыс берушінің” қысқа мерзімді кездесуі болғаны анықталды. Департаменттің полиция қызметкерлерімен бірлескен жұмысының нәтижесінде заттарды лақтырып, құқық бұзушылық жасаған азамат ұсталды.

Атырау қалалық әкімшілік сотының қаулысымен “сәлемдеме” лақтырған 25 жастағы қала тұрғынына әкімшілік жаза, ал, УГ-157/9 мекемесінің әкімшілігі “сәлемдемеге” тапсырыс беріп, қабылдамақ болған жазасын өтеушіге тәртіптік жаза қолданылды.