Білім • 19 Қыркүйек, 2020

Асхат Аймағамбетов Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерімен кездесті

310 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президенттік жастар кадрлық резерві мүшелерімен кездесуде білім саласында болып жатқан өзгерістер жайында айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асхат Аймағамбетов Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерімен кездесті

"Президенттік жастар кадрлық резервінде көптеген талантты жастар барын көріп жүрміз. Бүгінде білім саласында президенттік жастар резервіне мүше 7 маман жұмыс істеп жатыр. Олардың жұмыстары өз нәтижесін беруде. Талантты жастардың білім саласын жетілдіруге өз үлестерін қосып жатқанына қуаныштымыз. Бізге келген кадрлық резерв мүшелері білім саласына оң өзгерістер енгізуде, яғни қазіргі уақытта білім саласына қатысты бірнеше нормативтік актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді",- деді министр.

Бұдан соң, ол білім саласындағы өзгерістерді сөз етті.

“Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тәрбие-білім саласына қатысты бірінші мәселе елімізді толықтай балабақшамен қамтамасыз ету. Оның ішінде балабақшаны көптеп ашу ғана емес, сапаға мән беру керек. Сол сияқты баланың қандай балабақшаға баратынын ата-ананың еркіне беру қажет. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде қолға алынуда. Екінші кезекте орта білім. Әсіресе қазіргі уақытта маңызды болып тұрған қашықтан оқу мәселесі. Осы орайда Президент қашықтан оқуды біріздендіруді тапсырды. Бүгінде бұл сұрақ бізде күн тәртібінде тұр және жақын уақытта ол өз шешімін табады деп ойлаймын. Келесі мәселе жоғарғы білім беру. Соңғы күндері байқап жатқандарыңыздай, біз еліміз бойынша бірнеше жоғарғы оқу орнын лицензиясынан айырдық. Оның себебі білімнің дұрыс берілмеуі және сапаның болмауы. Жоғарғы оқу орындарына да қатысты түйіткілді мәселелер барын жасырмаймыз. Біздің мақсат – осы мәселелерді жүйелі түрде шешу", - деді А.Аймағамбетов.