Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2020

Түркістанда Саттар Ерубаев атындағы шығармашыл жастар байқауы өтті

469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында облыстық  Саттар Ерубаев атындағы шығармашыл жастар байқауы өтті. Облыстың 16 аудан-қаласынан жиналған 14 пен 28 жас аралығындағы дарынды жастар сынға түсіп, үздіктері анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістанда Саттар Ерубаев атындағы шығармашыл жастар байқауы өтті

«Жастар ресурстық орталығы»  ұйымдастырған байқауға қатысушылар  «Жас қолөнер шебері», «Жас көркемсөз оқу шебері», «Жас мүсінші»,  «Жас әнші», «Жас дизайнер»,  «Жас айтыскер ақын»,  «Жас ғалым»,  «Жас спортшы» сынды 8 номинация бойынша өзара сайысқа түсті. Оның ішінде «Жас көркемсөз оқу шебері», «Жас әнші» және «Жас айтыскер ақын» номинациялары бойынша сайыстар офлайн, қалғандары онлайн түрде  өткізілді. Әділқазылардың айтуынша, онлайн форматтағы байқаулар  қатысушыларды әділ бағалау мен оларды мұқият саралауға мүмкіндік берген.

Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде NurOtan партиясы Түркістан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев  қазіргі жастардың бастамашылдығы мен белсенділігіне ризашылығын білдірді.«Түркiстан топырағы еш уақытта дарынды тұлғалардан кенде болған емес. Сондай ұлдардың бiрi – Саттар Ерубаев екені сөзсіз.  Ол өзінің небәрі 23 жыл жасаған қысқа ғұмырында қазақ  халқына, соның ішінде жастарға рухани азық, күш беретiн еңбек қалдыра білген тұлға. Соның ішінде «Менiң құрдастарым» романы әдебиетсүйер қауымның iздеп жүрiп оқитын туындысына айналды. Осындай тұлғаның түбі бір  түркі жұртының төрі саналатын Түркiстанда туылғанын мақтан тұтуымыз керек», деді Бейсен Тәжібаев.  Ал «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Амалбек Өміртай мұндай байқаулар жастардың шығармашылық қабілетін оятуға жол ашады  және талантты жастарды анықтауға көп септігін тигізетінін айтып өтті. 

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.