«Учаске» операциясының мақсаты – облыстың әрбір тұрғынына, ауылдықтарға, қалалықтарға өздерінің учаскелік инспекторымен әңгімелесуге, танысуға, телефон нөмірлерін алуларына жағдай жасау, - деп атап өтті СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев.
Қазір бұл жұмыс жалғасып келеді. Облыс бойынша 5633 жер үй мен 2877 пәтер, оның ішінде 205 жалдамалы пәтер араланды. Сондай-ақ, саяжайлар бақылауда, 5 мыңнан астам саяжай үйлері тексерілді. Бұрын сотталған адамдарды, проблемалы отбасыларды, сондай-ақ қару иелерін тексеруге ерекше көңіл бөлінеді. Басты міндет – қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және уақтылы анықтау.
Солтүстік Қазақстан облысындағы барлық 289 учаскелік полиция инспектор күн сайын әкімшілік учаскелеріндегі үйлерге кіріп, тұрғындармен танысады. Сонымен қатар 202 учаскелік полиция пункттерінде азаматтарды қабылдайды. Халықтың көп шоғырлануына байланысты облыс орталығы – Петропавл қаласына қызмет көрсететін полицейлердің жүктемесі ауыр. 97 учаскелік полиция инспекторы 13 «тірек» пункттерінде қызмет көрсетеді. Биылғы 8 айдың ішінде қалалық учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен 1810 қылмыстың беті ашылып, 16 мыңнан астам түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды.
«Учаске» операциясы шеңберіндегі жүйелі профилактикалық жұмыс қыстың алғашқы күніне дейін жалғасып, 1 желтоқсанда аяқталады.