Өкінішке қарай, азат елдің басты ордасына айналған қалада кейінгі кезде шетелдік атаулар көбейіп барады. Әсіресе жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендері Мәңгілік елдің астанасында емес, жат жерде жүргендей әсер қалдырады. Мәселен, әуежайдан түссеңіз, алдыңыздан Family Town тұрғын үй кешені шығады. Аудармасы – «Отбасы шаһары». Қазақшасынан жылылық сезіле ме, қалай?!
Содан Қабанбай батыр даңғылымен бұрылып, Мәңгілік ел көшесіне түсіп Ақордаға қарай тарта берсеңіз, оң жағыңыздан «Вена орамы» менмұндалайды. Идеяның Габсбург династиясының ордасы саналатын Вена шаһарынан алынғанын аңғару қиын емес. Бірақ бұл тұрғын үй кешенінен Аустрия астанасында кездесетін готик не барокко стилін байқау қиын.
Айтпақшы, Нұр-Сұлтанда шетелдік қалаларға еліктеп салынған тұрғын үй кешендері де жетерлік. «Барселона» ТК, «Ағылшын орамы», «Лондон» ТК деп жалғаса береді. Тұрғын үй кешені «Барселона» деп аталғанымен, ол жақтан каталониялық шаһардың элементтерін байқау қиын. Әйтпесе Барселона қаласы әйгілі архитектор Антонио Гаудидің есімімен тығыз байланысты әрі әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған туристер Гаудидің қолтаңбасы – «Саграда Фамилия» ғибадатханасын, «Каса Бальо» және «Каса Мила» ғимараттарын көруге баратыны белгілі.
Қысқасы, елордадағы ғимараттарға шетелдік атау берілгенімен, ондағы архитектуралық ерекшеліктер ескерілмей қалғаны анық аңғарылады. Әйтпесе Рим стилі, фахверк, готик, барокко стилдерінің элементтері жоқтың қасы. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, астанадағы кей тұрғын үй кешендерінің атауы қазақы ұғымға мүлдем түсініксіз. Санамалап берейік: Astoria, City Seoul, City Tokyo, Bright Star, Boston Comfort House, Castle House, Crocus City, Discovery, Dream City, Freedom, G-Park Premium, Highvill, Liberty, Millennium Park, Nova City, Panorama Park, Promenade Expo, Sunrize деп жалғаса береді.
Жоғарыда аталған тұрғын үй кешендерін салған компаниялар шетелдік атауға әуестеніп кеткенін аңғару оңай. Әйтпесе әлемнің тоғызыншы территориясы саналатын Қазақстанда тартымды жер-су атаулары да жеткілікті. Оған қоса, қазақ тілі әлемдегі бай тілдердің қатарында. Яғни, атау таңдаудан қиналмайсың. Мәселен, «Нұрлы ұя», «Нұрсая», «Ханшайым», «Айналайын», «Атамекен», «Құлагер» деген секілді ұлттық болмысымызды айшықтайтын атаулар керемет емес пе.
Бас қаланың іргетасы қаланғанда сәулеттік келбеті сан түрлі ұлт өкілдері мекендейтін қаланың еуразиялық болмысынан хабар беруі жоспарланған еді. Сондықтан шығар, Ақорда күмбезіндегі алтын қыран, Қазақ елі монументінің басындағы киелі Самұрық құс, дәстүрлі қазақ үйінің сұлбасын еске түсіретін Тәуелсіздік сарайы және көне аңыздарға арқау болған Бәйтерек – елорданың осы және басқа да көптеген көрікті жерлері ұлттық мифологиямен, халықтың тарихи жадымен тығыз байланысты.
Астананы әлемге әйгілеген ғимараттардың атауынан да қазақылықтың иісі аңқып тұрады. Британ сәулетшісі Норман Фостердің жобасы бойынша салынған, биіктігі 62 метрге жететін алып ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайы елорданың мәдени өмірінің нағыз орталығына айналды. Ашылған алып күмбез бейнесіндегі «Хан Шатыр» архитектуралық ансамблі бүгінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ұшар басына жеңімпаз Самұрық құс келіп қонған, көкке ұмтылған маңғаз мұнара «Қазақ елі» монументі Қазақстанның бүгінгі келбеті мен ертеңгі күнін бейнелейді.
Кезінде елордамыз Ақмолаға көшірілгенде еліміздегі әр аймақ қала құрылысына атсалысқаны белгілі. Сол үйлер кейінірек халық арасында «Алматының үйі», «Қарағандының үйі», «Қостанайдың үйі» деп аталып кетті. Осындайда талай сәулетшінің қолтаңбасы қалған айшықты астанамыздың қазіргі кездегі құрылысына жауаптылар ұлттық мифологияны, халықтың тарихи жадын, Ұлы даланың тарихи қайраткерлерін ескерсе дейсің...