Саматәлі мен Санатәлі Төлтаевтар 1999 жылы 11 қарашада дүниеге келген. Алматы қаласында спорт әлеміне қадам басып, қазірде ел ішіндегі жарыстарда Маңғыстау облысының, халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғап жүрген былғары қолғап шеберлері.
Қос боксшы жасөспрімдер мен жастар арасында бақ сынаған барлық дүбірлі додада топ жарып, ересектер арасында да үмітті ақтап жүр. Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан спартакиадасында да жеңіс тұғырына көтеріліп үлгерген қос бауыр бүгінде Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміздің жан-дүниесі спортқа жат болмаған. Тіпті егіз ұлды әкесінің өзі спортқа жетектеп алып келген.
«Біз әулетіміздің, ата жолын жалғастырушылармыз. Себебі атамыз да, әкеміз де, ағаларымыз да кезінде бокспен шұғылданған былғары қолғап шеберлері. Спортқа келуімізге де әкеміз себепші болды. Кішкентай кезімізден тынымсыз, бұзық, көп төбелесетін болғандықтан әкеміз күштеріңді балаларға емес, залда шығарыңдар деп, бокс залына әкелді. Сөйтіп 9 жасымызда бокс мектебінің есігін аштық», деп есіне алды Саматәлі.
«Отбасымыз спортпен етене таныс болғандықтан, кішкентай кезімізден бізді жақындарымыз қолдап отырды. Отбасымыздың әрбір мүшесі шын жанкүйеріміз атанып, тілеуімізді тілеп жүреді. Сондықтан бір үйден екі баланың бірдей бір спортпен шұғылданып жүргені ешқандай мәселе туындатпады. Керісінше, ата жолын жалғастырушы болғандықтан бізге жылы шырай танытты. Бір үйден бауырлардың, егіздердің бір спорт түрімен шұғылданғанының кемшілігі жоқ сияқты. Екеуміз де бір спортқа қызыққандықтан бірге талқылап, жаттығуды бірге жасаймыз. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып отырамыз», дейді Санатәлі.
Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2017 жылы Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында ағайынды Төлтаевтар сары құрлықтың мықтысы атанды. Бір қызығы, бұл қазақ боксының тарихында ағайынды боксшылардың бір чемпионатта тұңғыш рет топ жаруы еді. Сол жылы Ғалым Кенжебеков баптаған Қазақстан жастар ұлттық құрамасы Азия біріншілігіне толық құрамда қатысып, жалпы саны жеті медаль олжалады. 60 килодағы Саматәлі финалда жергілікті тай боксшысы Сакда Руамтамды ұтса, Санатәлі (64 кг) өзбекстандық былғары қолғап шебері Билолбек Мирзараҳимовті жеңді.
Ең алғашқы жарысына 10 жастарында қатысқан егіздердің ә дегенде жолдары бола қоймапты. Қала ішілік жарыста бақ сынған ағайындылардың екеуі де жүлдеге қол созым жерде сүрініп, турнирді екінші орынмен аяқтаған. «Жарыста жеңіліс тапқанымызға қарамастан еңсемізді түсірмей, екінші орынды қанағат тұттық. Керісінше, біздің алтынға қол созым жерден тоқтағанымыз келесі жарыста жеңімпаз атануға түрткі болды. Нәтижесінде, қатемен жұмыс істеп, олқылықтың орнын толтырдық. Ұтылып қалған жарысымыздан кейін бірден келесі додада жеңімпаз атанып, топ жарып шықтық», дейді Санатәлі. «Жарыс барысында бір-бірлеріңді алмастырып, рингке шыққан кездерің болды ма?», деген сұрағымызға «Кішкентай кезімізде де, ес жиып ересек болғалы да ондай алаяқтық жасап көрмеппіз», деп жауап берді.
Ағалы-інілі Төлтаевтар спорттағы жолын ағайынды-боксшы Кличколар сынды сәтті жалғастырғанды қалайды. Шаршы алаңда екеуі бірдей қарсылас шақ келтірмей, үздіктер көшін бастағылары келеді. Болашақта ел мақтанышы Геннадий Головкинге ұқсағысы келетінідерін де жасырмайды.