Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Жалпы, саясат – көздеген саяси мүдде жолында жалған шындық сомдайтын өнер. Мақсатқа жетудің барша амалы жақсы. Біз белгілі бір елді саясатына қарап емес, мүддесіне қарап танимыз, демек, түсінеміз. Саясат өзгереді, мүдде қалады. Бірақ саяси мүдде жалпы мүддеден бөлек. Әуелі халық мұратынан туған саяси мүдде кейін дербес қатысушыға айналды.
Қауіп төніп тұрған қоғамды ағымдағы саясатына бағындыру әлдеқайда оңай, бірақ дүние жүзін бөлшектеген идеологиялық концепт күшейгеніне не әлсірегеніне қарай жылдар өте келе қайта түзіледі.
Идеология – жеткізуші, тасымалдаушы құрал. Бірақ, саяси құндылықтар өзгеруі идеологиялық насихат мазмұнын жаңадан қалыптастыра бастайды. Саясат – мүдденің туындысы. Мүдде – мемлекеттің қозғаушы күші. Тіпті қорғаушы күші де (өзін өзі сақтау инстинкті). Немесе жаны. Мүддесі (арман-қиялы, мақсат-мұраты) анық, тұрақты, мәңгілік мемлекеттер ұзақ жасайды.
Мүдденің бір аты – жоспар. Біз – бірге атқарған ұжымдық жоспардың тетіктеріміз. Ұжымдық жоспар – бірлескен жоба немесе ұлттық бағдарлама. Мемлекет ұлттық мүддені саясатқа айналдырады.
Жоспарсыз ел – жолсыз көлік. Қайда бара жатқанын білмейді. Бірақ қабылданған, бекітілген жоспардың жүзеге асуын қадағалайтын бір құрылым бар, ол – мемлекет. Қолында – билік. Жұртты жұмылдыратын күшке ие.
Алайда ұлтты біріктіре алмаған ұран, демек, халық мүддесіне қайшы. Мемлекет мүддесі мазмұн тұрғысынан халық мұратынан тұруы тиіс. Мемлекет мүддесі дегеніміз – ұлт мұраты.
Құрушы, басқарушы қызметін мемлекет органдарына жүктеген қоғам оны бақылап-қадағалауға құқылы. Мемлекет күші халық тілегінен туындайды. Мемлекет – ұйымдастырушы. Сондықтан мемлекеттік аппарат қолында орындауға мәжбүрлейтін хақ бар.
Кез келген жоспар – заң. Жүзеге асуы тиіс, бұл – мемлекет мүддесі. Демек, ұлттық мүдде. Қоғам мен мемлекет қарым-қатынасы өзара бақылап-қадағалауға құрылады.
Заң орындалуы тиіс, оған мемлекет жауапты, орындатуға міндетті. Бір тараптан, заңбұзушылық жазалануы тиіс, бірақ заңды саналы түрде орындаған жақсы. Сонда қоғам өседі.
Жазаны атқаратын – мемлекет. Бар кілтипан осында: жазаның бір функциясы – қорқыныш.
Қорқыныш – қоғамдық сананың да, тұлғалық сананың да бір-бір бөлшегіне айналды. Қауіпті тенденция. Бір қорқыныштан құтылып жатса, бір қорқыныш келіп жатады. Қорқыныш бүгінгі қоғамда ағыл-тегіл. Қорқыныштан құтқаратын – мәдениет. Оның ең үлкен миссиясы сол, мәдениет нәзік бола тұра қара күшке қарсы күреседі.
Мәдениет – қалың тарихтың жұқа қабаты.
Заң орындаушылық – мәдениеттің үлкені. Жазаны еске салудың қажеті жоқ. Сана – қоғамның тірегі, мәдениет – мемлекет қазығы. Мәдениетіне қарап мемлекетін танитын заман келді.
Бұрын мәдениет техникалық табыстың көзі, қайнары, қозғаушысы болатын, қазір – нәтижесі. Мәдениет – мүдде. Түпкілікті ұлттық мүдде – мәдениет. Саясаттың ар жағында мәдениеттер күресі жатыр. Бірақ техникалық табыс дүниені өзгертті. Поп-мәдениет жер-жерге оңай тарап, көшірме нұсқаларын түпкілікті біркелкілендірді. Жеңіл әуен, тез жатталатын сөз, ләззат көруге, рақат кешуге шақырған тақырып, жылдам жылтылдаған бейнекөріністер, төсек қатынасына емеурін білдірген тұманды атмосфера, түрлі талғам тоғысқан ашық-шашық киім үлгісі – ұлттық шекараларды бұзып, сахналарға ұмтылды, саналарды жаулады, салт-дәстүрлерді, ұлттық әуендерді ығыстырды, жергілікті таным-түсініктерді тұғырынан түсіріп, технологиялық жетістіктер өзгерістер туына айналды.
Технология, техника, әсіресе, ғылымда ұлттық белгі жоқ, мәдениет тұрғысынан – ғаламдық қауіптердің бірі. Комфортын татқан смартфондар дәмінде біз аңғармайтын у бар.
Дәстүрдің бәрі еңбекке құрылған, алайда, технологиялық ізденістер табысқа жетудің ұзын жолын қысқартады. Жаяудың орнына атты келеді, ат орнына – автомобиль, автомобиль орнына – пойыз, пойыздың орнына – ұшақ, ұшақтарды ракеталарға ауыстырамыз.
Техниканы басқару оңтайландырылды. Автомат электронды сатыға жетті. Енді адамның өзін машиналар қадағалайтын болды.
Ғылыми-техникалық және технологиялық сан салалық революциялар Жер бетіне электронды мәдениет орнатты. Оның салдары көп.
Бірі – адамның өзгермегенін паш етті. Түрлі катастрофалар кезінде әуелі қоғамның ең нәзік, ең жіңішке, ең ұзақ қалыптасқан қабатын су шайып кетеді. Демек, мәдениет-өнерді қорғау керек, үнемі күзетте, назарда ұстаған жөн, адам санасы – адам мәдениетінің биік көрінісі, жоғары дамуына жеткен жоқ. Не белгілі бір бөлігі жете алмады. Себебі, жаза әлі күнге шейін бар.
Өкінішке қарай, қорқытпай заң жүз пайызға орындалмайды. Санамен емес, зорлықпен жеткен тәртіп. Социалистік елдер тәжірибесі сана бейқамдығын, көңіл алалығын, қоғам дәрменсіздігін көрсетті.
Бірақ қорқыту әрекеті кісілікті жақтаушы категория емес. Ежелгі, ескі түсінік. Яғни қоғам көне заманғы шараларды әлі күнге шейін қолданып келеді.
Қоғамды, ұжымды, адамды қорқыту, қоқан-лоқы жасау арқылы басқару адамзат топтасып өмір сүрген кезден бері, ес жиып, етек жапқалы астыртын да, жария да жүргізіле бастады. Мыңжылдықтар бойы.
Қазір күшейді, себебі тетік көбейді. Электронды бұқаралық ақпарат құралдары көз ілеспес жылдамдықпен хат-хабар, ақпар-мәлімет тарататын техникалық-технологиялық қабілетке ие болды. Қорқыныш бұқаралық сипат алды. Бірін-бірі қорқытады.
Қорқыныш қауіп-қатерді үйіп-төгеді. Қоғамда қорқыныш көп. Ғылым түрленген сайын қорқыныштың да түрлері көбейіп келеді. Адам мен машина арасы, қарым-қатынасы күрделене түсті. Терең қорқыныш бірте-бірте орнайды.
Басы – уайым, соңы – қайғы. Болмашы нәрседен болмысы қалыптасады. Емдемеген елеусіз дерт сезімнен көрініп, санаға шабады, оны жаулағанда, дүниетаным өзгереді.
Бірте-бірте машиналардың өзі қауіп төндіре бастайды, біздің пост-заманда кез келген мәселе ғаламдық кеңістіктің проблемасына айналады. Өйткені электронды әлемге енген күллі ақпарат қолды болады, екі жақ та пайдаланады.
Сонымен, қорқыныш не? Меніңше, дүлей апат. Біз қорқыныш апатына ұшырадық. Ғылым, жоғары технологиялар дамыған сайын басымызға қара бұлт қаптайды, күн туады.
Қорқыныш қалың сор болды. Оны жеңбесе, ол, әрине, – қуаныштан үстем, еркіндіктен басым. Үрей елдің ішкі жан сарайын аласапыран етеді. Қорыққан адам оң шешім қабылдай алмайды. Ойлануға да, әрекет жасауға да қабілетсіз. Бұл – төніп келе жатқан қатердің залалы. Немесе біздің реакциямыз. Дәлірек, көрсеткен қарекетіміз. Бір сәттік қауіптен зәресі ұшқан пенде кейін қорқа келе үнемі үрейленіп жүретін болады. Өзін өзі сақтау инстинкті тудырған психо-физиологиялық ахуал.
Қорқыныштың кісілік мақсаты да бар – адам жанын құтқарып қалу. Біз қорқудың арқасында қалыптасқан жағдайды тез арада бағалап, не істеу қажеттігін шамалаймыз.
Яғни қорқыныш біз тұспалдаған не анық тақап келе жатқан қауіп-қатердің салдары.
Бірақ кетпейтін, өшпейтін қорқыныш бар, ол қауіп сейілгеннен кейін де біздің көңілімізді алаңдатып тұрады.
Алаң көңілде ақыл жоқ, ертеңіне көзі жетпейді, есін жия алмаса – созылмалы дерт. Тыныш жағдайында ғана сана – анық, дәл, түбегейлі.
Беймазалық күй – ырқыңа көнбейді, шырқыңды бұзады. Бойымызға сіңген, санамызға орныққан үрей бірте-бірте біздің өзімізді бағындырып, басқаның көмегінсіз жүріп-тұра алмайтын жағдайға жеткізеді.
Қорқыныш науқасқа айналады. Дерттің әрі физиологиялық сипаты (жүрек соғысының жиілеуі, тынысының тарылуы, көздің үлкеюі, қан қысымының артуы, терлеу, жаурау) әрі психологиялық белгілері (жағдайды түсінуден қалу, ступор, өршіп бара жатқан зиян-залалды танымау, паника, үрейлену, күйгелектену) көріне бастайды.
Әр адамның кез келген мәселеге деген реакциясы да әртүрлі. Бірінің есі шықса, бірі бірқалыпты, біртоға мінезінен айнымайды.
Оқта-текте байқалып тұрса, бұл адам денсаулығына да, өміріне де қауіпті емес, алайда теріс әсері ұзақ болса, адам біртіндеп сырқатқа ұшырайды.
Үрей дерті меңдеп, адамның мазасын ала берсе, ақырында құса, өкініш, күйініш – депрессияға ұласады, түнде қорқыныш билейді, түсіне енеді, невроз пайда болады, меланхолияға беріледі. Дүниені жат көреді.
Сондықтан қорқыныш сезімін сейілтіп, ем-дом жасау керек.
Депрессиялық өмір сүру жолын Мартин Хайдеггер үш кезеңге бөледі: редукция (объектіні өткен шақта қарастыру), конструкция (жаңа ғалам пішінін қалыптастыру) және деструкция (екі кезеңнен жақсысын алып, тоқайластыру).
Әдетте, қорқыныштың түрі көп: шын немесе өзі ойлап тапқан қорқыныш, қорғаныс хақында немесе тежеуіш ретінде, нақтылы объект не ситуация туғызған, қатты үрейден қалыптасқан, кеңістіктен қорыққан – клаустрофобия, агорафобия.
Тез өтпелі, ұзақ әрі тұрақты, сосын бала қорқынышы, сәби шақтан қалған кеселдер, әлеуметтік ауыртпашылықтан (тұрмысы нашарлық, білімсіздік, жұмыссыздық, төмен жалақы, басқа да жеке өміріне байланысты күйзелістер) өрістеген, дамыған, құлазыған күй, биологиялық топтағылар, үрей кейпіндегілер.
Жалпы, әр адамның бойында тумысынан белгілі бір қорқу түрлері болады, жалғыздық қорқынышы, жеңілістен бой тартатыны, ыңғайсыздық сезімін туғызатын хал-ахуал, жай-күйді кешуден қашқан қорқыныш. Бір рет қорқыныш дерті жанына батқан адам екінші рет бұл сырқатты көрмеуге, басынан өткермеуге тырысады. Айналып жүреді.
Адам – әлеуметтік орта қалыптастырған тұлға. Ол үнемі өз көзқарасы, ережесі, тәртібі бар басқа жандармен қарым-қатынасқа түседі.
Кез келген адам төлтума табиғатын, жеке басының ерекшеліктерін басқаға ашуға, көрсетуге қаймығады, себебі, қоршаған ортасы түсінбей қалуы мүмкін.
Қолға алған жобасын жүзеге асыруға қорқып жүріп алатын адамдар да бар. Әуелі қорқынышты не туғызатынын білу керек. Себебін тапсақ, өзінен де құтыламыз.
Қорқыныш – қауіптің өзі емес, оның анық немесе болжамды тақап келе жатқаны. «Қорыққанға қос көрінеді», дейді қазақ, өте дәл айтылған. Қос-қостап көрінген нәрседе қорқыныш көп.
Жеңудің амалы – салқынқандылық сақтап, қалыптасқан жағдайды бағалап, жылдам шешім қабылдай білу. Қорқыныштың образын бөлшектеу қажет, сонда мәні ашылады, мағынасын түсінсе, күресу де оңай.
Батырлық – қорқыныш сезіміне ие болу. Тіпті оны басқару, билеу, дегеніне көндіру. Қорықпайтын пенде жоқ, себебі қорқыныш организмнің өмірімді қайтсем сақтаймын деген ұмтылысы, жанталасы, сезімі.
Қоғам қауіпсіздігі мүшелері қорықпайтындай дәрежеге жетуі тиіс. Сонда бақытты өмір сүреміз.
Дидар АМАНТАЙ