Экономика • 21 Қыркүйек, 2020

Инвестиция игілігін көре алмай отыр

281 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өңірлерге инвестиция тарту, зауыттар ашып, кәсіпорындар құру бүгінгінің негізгі талабы. Бұл ретте аймақтың ахуалы жақсарып, жұмыссыздардың саны азаяр еді. Түрлі инвестициялық жобаларға мемлекет тарапынан қолдау да жеткілікті. Тіпті әр облыстың өзіндік бренді қалыптасып, нарық бәсекесінде де бағы жануы мүмкін.

Инвестиция игілігін көре алмай отыр

Қазіргі таңда Жамбыл облысында жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба бар. Аталған жобалар еліміздің «2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірдің Индустрияландыру картасына енгізілген. Осы жобалар шең­берінде аймақта 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бағдарлама аясында өткен жылы 4,5 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылып, 350 тұрақты жұмыс ор­ны ашылған болса, биыл жалпы құны 84,9 млрд теңгені құрайтын 13 ин­вес­тициялық жоба жоспарланып, 1 424 жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл – әрине, жақсы. Мұндай жобалар өңірдің әлеуе­тін арттырып, экономикасын көтеру­де өзіндік маңызға ие.

Алайда соңғы жылдары өңірде ин­вес­­тициялық жобаларды іске асыру бары­сында түрлі мәселе орын алып, жос­пар­ланған көрсеткіштерге қол жеткізу мүм­­­кіндігі төмендеген. Облыстық кәсіп­­кер­лік және индустриалды-инно­ва­ция­лық дамыту басқармасының бас­шы­сы Аспандияр Сейсебаевтың айтуын­ша, аталған бағдарлама аясында 2015-2019 жылдар аралығында іске асы­рыл­ған 31 жобаның 20 жобасы ғана жос­пар­ланған қуаттылығын 50 пайыздан ғана жоғары игерген болса, қалған 11 жоба әртүрлі себептермен тоқтап тұр екен. Мәселен, жылдық қуаты 300 мың тонна болатын Талас ауданындағы «Жамбыл Недр» ЖШС жобасы 2015 жылы іске асы­рыл­ғанмен, 2016-2019 жыл­дар аралы­ғында толық қуатта жұмыс іс­темеген. Ал жыл басынан бері, тіпті тоқтап тұр. Басқарма басшысы аудан әкімдігі тарапынан жобаны іске қосу бойынша нақты жұ­мыс жүргізілмей отырғанын жеткізді. Сол сияқты Мойынқұм ауданындағы «Ертай» қорғасын-цинк концентратын өндіру жобасы да 2018 жылы іске асы­рыл­ғанымен, осы күнге дейін аудан әкімдігі кәсіпорынның өндірген өнім көлемі туралы ақпарат ұсына алмай отыр. Сонымен қатар Жамбыл ауданында 2016 жылы іске асырылған «Оңтүс­тік халал тағамдары» ЖШС де қазір жұмыс істемейді. Тоқтап тұрған кәсіпорындар Тараз қаласында да бар. Ал Шу ауданындағы мия тамырын өң­дей­тін шағын зауыттың, Меркі ауда­нын­дағы қант зауытының жұмысы шикі­зат тап­шылығына байланысты кіді­ріп тұр. Кезінде осы жобалардың бәрі іске ас­қан­да өңірдегі әкімдіктер тарапы­нан сү­йін­шіленген. Кәсіпорындарға ин­вес­­тиция тарту арқылы жергілікті тұр­ғын­­дардың жұмыспен қамтылатыны ай­тыл­­ған. Бірақ «жанбай жатып сөнген» зауыт­тардың бүгінгі тағдыры әкімдерді ой­лан­дырмайтын сыңайлы.

«Егер қала, аудан әкімдері бағ­дарлама аясында іске асырылып жатқан жобаларға толық талдау жүргізіп, бақылауға алған жағдайда өнеркәсіп көлемінің өсуіне қол жеткізуге болар еді. Тараз қаласы мен аудан әкімдері әр жобаның іске қосылуына мән беріп қана қоймай, оның ары қарай шикізатпен қамтамасыз етілуіне де көңіл аударуы керек. Өндірілген өнімдерін өткізу және экспорттық ахуалына мониторинг жұмыстарын жүргізіп, толық жобалық қуатына шығуына ықпал ету мақсатында «Жол картасын» әзірлеуі қажет», дейді А.Сейсебаев. Оның ай­туынша, бұл құжат жобаның уақытында іске қосылуына, жоспарланған өндіріс көлеміне шығуға, өзекті мәселелердің дер кезінде шешімін табуға ықпал етеді.

Мәселен, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі және Жамбыл аудандарында индустрия­ландыру картасы бойынша кейінгі 3-4 жылда жұмыс тіптен жоқ болып отыр. Аудан әкімдіктері кәсіпорындардың статистикалық мәліметтеріне талдау жүр­гізумен ғана шектелуде екен. Бірақ Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмір­беков осы жылғы қаңтар-тамыз айларында инвестиция көлемі 8 млрд 170 млн теңгені құрағанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 пайызға орындалады деп жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ ауданда 2020-2025 жылдар аралығында жалпы құны 14 млрд 386,5 млн теңгеге 11 инвестициялық жоба іске асырылып, 175 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланғанын жеткізді.

Сол сияқты Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұловтың айтуынша, ауданда 3 жоба нақтыланып, қолға алы­нуда. Жоба құны 1,2 млрд тең­гені құ­­райды. 162 адамды жұмыспен қам­ту жос­­парлануда. Жуалы, Жамбыл аудан­дарын­да да болашақта іске асатын жобалар бар. Дей тұрғанмен, осы төрт ауданның да әлеуеті жоғары. Тоғыз жол­дың торабында орналасқан Меркі ауда­ны­ның шипалы суы кезінде елімізге кеңі­нен танымал бол­ды. Сондай-ақ Жуа­лы ауданында өн­ді­рілетін ірімшік, өсі­рі­летін картоп та Қазақ­станға белгі­лі. Жам­был ауданында орналасқан «Аман­­гелді газ зауыты» мен балық ша­руа­­шы­лығы да осал жобалар емес. Т.Рыс­құлов ауданында егілетін алма, шие де­ген­деріңіз де инвесторларға дайын жоба. Бұдан бөлек аталған аудан­дардың ахуа­лы жақсы. Өкінішке қарай кезінде айтылған, соңынан іске асырылған жобалар көп уақыт өтпей жатып-ақ тоқ­тап қалады. Оған себеп көп. Көбінде шикі­заттың жетіс­пеуі басты мәселе. Мәсе­лен, облыс әкімдігі тарапынан аудан әкім­дік­тері­не аталған мәселеге орай 98 тап­сыр­ма беріл­генімен, оның көпшілігі орын­дал­­маған. Бұл тапсырмалардың бі­разы Тараз қаласының әкімдігіне де тиесі­лі. Қала әкімінің міндетін атқарушы Қай­сар Сарытайдың сөзіне сүйенсек, «Іс-ша­ралар жоспары жасалуда». Бірақ жоспарлар жасалып, тіпті жобалар іске қосылып жатқан жағдайдың да ақырының осындай болып жатқанын уақыт көрсетіп отыр.

Жобаны іске асырып, толық қуатына шығару үшін тек жоспар жасалып, қара­жаты мен жұмыс істейтін адам санының есептеліп қоюымен ештеңе шешілмейді. Өндіріске де, шаруашылыққа да қолай­лы Жамбыл облысының әрбір ауданын­да инвестицияның игілігін көруге мүм­кіндік мол. Бүгінде өңірде химия өнер­кәсібі, агроөнеркәсіп кешені, метал­лургия, фармацевтика, машина жасау салаларында жобалар бар. Ал енді мұндайда оның жүзеге асуы қалай болады, болашақта бүгінгідей біраз жобалар тоқтап қалмай ма деген сауалдың туатыны анық. Оның бәрін әрине, уақыт көрсете жатар. Қазіргі кезде «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ бастамасымен өңірде «Кәсіпкерлер мен инвесторларға қызмет көрсету» орта­лығы жұмыс істейді. Мұнда азаматтар 3 бағыт бойынша кеңес ала алады. Аталған мекеменің басқарма төрағасы Олжас Қаржауовтың айтуын­ша, корпорация бүгінде кеңес беру жұмысына өз мамандарын тартып отыр. Егер бұл бастама өз нәтижесін берсе, он­да өңірде тағы да жаңа жобалар жүзеге асып қалуы мүмкін.

 

Жамбыл облысы