05 Қараша, 2013

Сот ісін жүргізудегі олқылықтар

304 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Мемлекеттік тілдің адымын аштырмай отыр

Судьялардың алғашқы съезі сонау 1996 жылы өткен еді. Содан бері елімізде сан сындарлы өзгерістер болғаны белгілі. Енді көп ұзамай Қазақстан Судьяларының VІ съезі өтеді. Алайда, сан сындарлы өзгерістер болып жатқанымен «әттеген-ай» дейтін тұстардың барлығы да жанға батады. Соның бірі – тіл мәселесі.

01-Сот исин жургизу-3

 

Мемлекеттік тілдің адымын аштырмай отыр

Судьялардың алғашқы съезі сонау 1996 жылы өткен еді. Содан бері елімізде сан сындарлы өзгерістер болғаны белгілі. Енді көп ұзамай Қазақстан Судьяларының VІ съезі өтеді. Алайда, сан сындарлы өзгерістер болып жатқанымен «әттеген-ай» дейтін тұстардың барлығы да жанға батады. Соның бірі – тіл мәселесі.

01-Сот исин жургизу-3

 

Сот ісін жүргізудегі мемлекет­тік тілдің тағдыры туралы ойлар Қылмыстық істер жүргізу ко­дексі­нің жаңа жобасымен таныс­қан­нан кейін қайта туындады. Әри­не, мемлекеттік тілдің күн­делікті өмірдегі орны мен қол­да­ны­луы ту­ралы аз айтылып та, аз жа­зылып та жатқан жоқ. Алайда, елі­міз­де­гі тілдік идеология, тілдік сая­сат орыс тіліне, орыс тілділердің сұ­ра­нысын қанағаттандыруға ғана­ басымдық беруде. Солардың кө­ңілін аулап, бабын тапсақ, елде сый­лас­тық пен келісім орнайды деген қағида үстем болып келеді. Мем­ле­кеттік тілді меңгеруге байла­ныс­ты қазақстандық қоғам бүгін­гі күні тілдік принцип бойынша қа­зақ тілді және орыс тілді болып екіге бөлінуде. Мемлекеттік тіл­дің өз мәртебесіне лайықты бол­­мауының бір себебі – қазақ хал­қы тұрғындардың 70 пайызына жуы­­ғын құраса да, қазақ тілінде «ана тілі» ретінде сөйлейтін қазақ­тар­дың­ санының төмен болып қала беруінде.

Орыс тілді тұрғындар қазақ тіліндегі бұқара­лық ақпарат құралдарында көтерілетін мәсе­ле­лерге қызықпайды, сондықтан да хабарсыз. Әрине, тілді таңдау адамдардың жеке басының мүдделеріне байланысты. Яғни, адамдар қызме­тінің, мансабының өсуін, тағы басқа талаптарын қамтамасыз ететін тілді таңдайды. Нарықтың заңы, соның ішінде тілдер нарығының талабы да осындай. Біз орыс тілді қоғамда өмір сүрудеміз. Біз дүкенде, кинотеатрда, ойын-сауық, спорт кешендерінде тек осы тілді пайдаланамыз. Демек, қазақ тіліне деген сұраныс та, қажеттілік те, мұқтаждық та жоқ. Тілдің иесі, өз мұрагері – қа­зақтар сөйлемесе, оның қайта түлеуі мүмкін бе? Тілді қолдану барысында ғана, яғни сөйлеу тілі арқылы адамдардың бір-бірімен қарым-қаты­нас жасауы арқылы байланысқа түсетіні ақиқат.

Сондықтан бүгінгі күні тіл саясатын асқан көрегендікпен жүргізу – мемлекетіміздің қалып­тасуын және оның қауіпсіздігін жүйелі түр­де жүргізудің басты шарты. Тіл саясатын жүргізу дегеніміз – мемлекетке атау берген, сол елдің көпшілігін құрайтын ұлттың мүд­десін қорғау, саны басым ұлтпен санасу. Мем­лекеттік тіл деген түсінік, менің пайымдауым­ша, сол мемлекеттегі ресми шаралар, ұлтаралық және қоғамдық қарым-қатынастың барлық аясындағы кездесулер тек қана сол мемлекеттік тілде кедергісіз өткізілуі тиіс деген сөз. Мемлекеттік тілдің ресми функциясы сол тілдің өзінде болуы тиіс. Ұлтаралық қарым-қатынас тілі де тек мемлекеттік тіл болғаны жөн. Сонда ғана «Тіл туралы» заңда көрсетілген «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы» болып табылатын мемлекеттік тілді меңгерудің сұранысына, мемлекеттік тілді білу қажеттілігіне, тілдік орта қалыптастырудың алғышарттарына қол жеткізетін боламыз.

Мемлекеттік тіл – ерекше рухани құндылық. Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық іс жүргiзу ко­дексінің 30-бабына, Азаматтық іс жүргiзу ко­дексінің 14-бабына сәйкес «Қазақстан Респуб­ли­касында қылмыстық және азаматтық сот ici мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi. Ал қажет болған жағ­дайда сот iсiнде мемлекеттік тiлмен қатар орыс тiлі және басқа тiлдер қолданылады» делінген.

Заңның басты қасиеті оның басқа нормативтiк актiлерден жоғары екендiгiнде және қалай оқылса солай қолданылуға жататындығында. Егер заңның мәтініне зер салып қарасақ, мемлекетiмiзде сот ici мемлекеттiк тілде, яғни қазақ тiлiнде жүргiзiлуге тиiс. Мемлекеттiк тiлмен бiрге орыс және басқа тiлдер қолданылуы мүмкін. Онда да қажет болған жағдайда ғана. Сот iciн мемлекеттiк тiлде жүргiзу және қажет болған жағдайда басқа тiлдердi қолдану түсініктерін теңестіріп қарауға болмайды. Сондықтан да бiз, Қазақстанда сот iciн жүргiзу тiлi мемлекеттік тіл – қазақ тiлi деп анық айтуымыз керек.

Ресейдің Қылмыстық іс жүргiзу кодексінің 18-бабында: «Қылмыстық сот iciн жүргiзу орыс тiлiнде, сонымен қатар, оның құрамына кіретін республикалардың мемлекеттiк тiлдерiнде жүр­гiзiледi» делiнген. Демек, Ресейде сот ici орыс және құрамына кіретін басқа республикалардың тiлiнде жүргiзiледi. Бұл даусыз. Себебi, Ресей Федеративтiк Республика.

Кешегі Кеңес Одағының құрамынан шыққан Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Молдова сияқты мемлекеттердің қылмыстық істер жүргізу ко­декс­­терінде сот ісінің тек мемлекеттік тілде жүр­гізілетіні, сот ісі жүргізілетін тілді білмей­тіндер аудармашымен қамтамасыз етілетіні бекітілген.

Ал біздің мемлекетімізде неге қылмыстық iстердi тергеу және сотта қарау мемлекеттік тілде емес, негiзiнен қажет болған жағдайда қолданылатын орыс тiлiнде осы күнге дейiн жүргізіліп келе жатыр?! Неге сот ici мемлекеттік тiлде жүргiзiледi деген заңның талабын басқаша түсiндiруге тырысамыз?

Оған, менің ойымша, төмендегi жағдайлар әсер етуде. Бiрiншi жағдай. Қазақстан Респуб­ликасы Қылмыстық іс жүргiзу кодексінің 30-ба­бының және Азаматтық іс жүргiзу кодек­сінің 14-бабының мәтінінде орын алған iшкi қай­шылықтар. Аталған баптардың бiрiншi бөлiгi сот ici мемлекеттік тiлде жүргiзiлетiндiгiн көрсетсе, екiншi бөлiгi бiрiншi бөліктің маңызын жоятын нормалардан тұрады. Қылмыстық іс жүргiзу кодексінің аталған бабының бірінші бөлігінде «Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу мемлекеттік тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған жағдайда сот iсiнде мемлекеттік тiлмен бiрдей орыс тілі немесе басқа да тiлдер қолданылады», деп көрсетілген.

Сонымен қатар, қылмыстық іс жүргізу заңы қылмыстық iс жүргiзiлген тiлдi бiлмейтiн немесе жеткiлiктi бiлмейтiн тараптарға сотта өзiнiң ана тілінде немесе олар бiлетiн басқа тiлде өтiнiш жасауға, түсiнiк және айғақтар беруге, өтiнiш бiлдiруге, шағым жасауға, iстiң материалдарымен танысуға, сөйлеу, аудармашының қызметiн тегiн пайдалану, қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы адамдарға олар үшiн заң күшiмен қажеттi iстiң басқа тiлде жазылған материалдарын қылмыстық сот iсiн жүргiзу тіліне аударуды тегiн қамтамасыз етілуін бекіткен. Заңның бұл нормалары сот ісін жүргізудің тілге байланысты қағидаттарының орындалуын толық қамтамасыз ете алады. Бұл дау тудырмайды.

Алайда, аталған баптың екiншi бөлiгiнде қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе өзге тілдерде жүргізу қажет болған жағдайда сот ісін жүргізу тілі туралы дәлелді қаулы шығарады деп көрсетiлген норма бірінші бөлігіндегі сот ісінің мемлекеттік тілде жүргізілетіні туралы нормасын басқаша түсіндіруге әкеп соғады. Себебі, осы екінші бөлімдегі нормалар арқылы заң шығарушы орган сот iciн жүргiзу тiлiн процестi жүргiзушi органның таңдауына берген. Бұдан туатын қорытынды: Заңның өзі сот iciн орыс тілінде жүргізуге жол ашып тұр. Қажетті жағдайда қолданылатын орыс тілін кез келген тергеуші өзінің қаулысымен сот ісін жүргізетін тілге айналдырып жібере алады. Бұл қылмыстық процестерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге ықпал етеді деп айту қиын.

Екiншi жағдай, сот ісін органның кейбір қызметкерлерінің мемлекеттік тiлдi жете бiлмеуiнен гөрі қазақ тілінде іс жүргізуге төселмеуінде. Қылмыстық істердің мемлекеттік тiлде жүргiзiлуi Қылмыстық іс жүргізу кодексінің істі мемлекеттік тілде жүргізуге байланыс­ты талабына емес, сонымен бірге судьяның, прокурордың, тергеушінің мемлекеттік тiлдi бiлу дәрежесіне байланысты екенін айтуымыз керек. Мемлекеттік тiлдi бiлмейтiн тергеушi, мұндай тергеушілер еліміздің барлық өңірінде кездеседі, қазақтардан орыс тілін жақсы білемін, аудармашыны қажет етпеймін деген арыз жазғызып алады да, қылмыстық істі орыс тiлiнде жүргiзедi, сондықтан да судья істі орысша қарайды. Заңда көрсетiлген орыс тiлiн қажет болғанда қолдану мүмкіндігі мемлекеттік тiлдi білмейтін cyдья мен тергеуші үшін тіптен қолайлы.

Аталған жағдайлардың салдарынан рес­публикамызда мемлекеттік тілде сот істерін қараудың қазіргі жағдайы бұдан бес жыл бұрынғы көрсеткіштерден асып, жақсарып кете қойған жоқ. Жоғарғы Сотта жинақталған мәліметтер бойынша 2008-2009 жылдары жалпы республика көлемінде қазақ тілінде қаралған сот істерінің саны 25,3 пайызды құраған екен. Ал 2012 жыл мен 2013 жылдың бірінші жартысындағы мемлекеттік тілде сот ісін қарау 25-27 пайыз болыпты.

Сот істерін мемлекеттік тілде қараудың ең төмен көрсеткіштері Солтүстік Қазақстан облысы (2,3%), Павлодар облысы (0,9%), Ақмола облысы (1,6%), Алматы қаласы (3,6%), Қостанай облысы (3,5%) және Астана қаласы (5,8%) соттарынан анық байқалады.

Бұл көрсеткіштер тек соттарда ғана тілге байланысты заң талаптары орындалмай отыр деген сөз емес. Сотқа келіп түскен қылмыстық іс қай тілде тергелсе сол тілде сотта қаралады. Соттар сот ісін жүргізу тілін өзгертпейді. Республика судьяларының мемлекеттік тілде істерді қарау әлеуетіне келетін болсақ, қазіргі уақытта қызмет істеп жүрген судьялардың 80 пайыздан астамы сот істерін мемлекеттік тілде қарай алады. Облыстарда халық сотқа мемлекеттік тілде жүгінген болса немесе уәкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, барлық өңірлерде сот істерін мемлекеттік тілде жүргізуге толық мүмкіндік бар.

Демек, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу анықтама немесе тергеу жүргізетін құқық қорғау органдарына, атап айтқанда, Ішкі істер министрлігіне, қаржы полициясына және қадағалаушы орган прокуратураға, осы органдардың басшыларына тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2025 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс», деп нақты атап көрсетті. Демек, мемлекеттік тілді дамытудың жолын көрсетті. Алайда, Елбасының осы тапсырмасын және қазір елімізде демографиялық жағдайымыз түзеліп, мемлекетті құраушы ұлттың саны 70 пайызға көтерілгенін, мемлекеттік тілдің қолдану аясы күннен-күнге кеңейіп, мәртебесі көтеріліп, толыққанды тілге айнала бастағанын қылмыстық істер жүргізу кодексінің жобасын дайындап жатқан Бас Прокуратура ескермеген.

Осы сөзім дәлелді болу үшін қылмыстық істер жүргізу кодексі жаңа жобасының мемлекеттік тілге байланысты 30-бабын келтірейін: «30-бап. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тілі.

1. Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу мемлекеттік тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған жағдайда сот iсiнде мемлекеттік тiлмен бiрдей орыс тілі немесе басқа да тiлдер қолданылады.

2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе өзге тілдерде жүргізу қажет болған жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы дәлелді қаулы шығарады.

3. Iс бойынша iс жүргiзiлген тiлдi бiлмейтiн немесе жеткiлiктi бiлмейтiн iске қатысушы адамдарға сотта өзiнiң ана тілінде немесе олар бiлетiн басқа тiлде өтiнiш жасау, түсiнiк және айғақтар беру, өтiнiш бiлдiру, шағым жасау, iстiң материалдарымен танысу, сөйлеу, осы Кодексте белгiленген тәртiппен аудармашының қызметiн тегiн пайдалану құқығы түсiндiрiледi және қамтамасыз етiледi.

4. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы адамдарға олар үшiн заң күшiмен қажеттi iстiң басқа тiлде жазылған материалдарын қылмыстық сот iсiн жүргiзу тіліне аудару тегiн қамтамасыз етiледi. Сот процесiне қатысушы адамдарға соттағы айтылғандардың басқа тiлде болған бөлiгiнiң сот iсiн жүргiзу тіліне аудармасы тегiн қамтамасыз етiледi.

5. Қылмыстық процестi жүргiзушi органдар процеске қатысушыларға осы Кодекске сәйкес оларға сот iсiн жүргiзу тілінде тапсырылуы тиiс құжаттарды тапсырады. Бұл ретте қылмыстық сот iсiн жүргiзу тілін бiлмейтiн адамдар үшiн сот iсiн жүргiзудiң осы адамдар таңдаған тілінде жазылған құжаттарының куәландырылған көшiрмесi қоса берiледi».

Қолданыстағы қылмыстық істер жүргізу кодексіндегі тілге байланысты нормалармен салыстырып қарасаңыз жобаның авторлары тілге байланысты ешқандай жаңа талаптар енгізбегенін бірден байқайсыз.

Қолданыстағы кодекстің мемлекеттік тілге байланысты нормаларын еш өзгертпей сол қалпында бере салған.

Қылмыстық істер жүргізу кодексінің жаңа жобасы қабылданған жағдайда оның талай ондаған жылдар бойы қолданылатынын ескерсек, егер Парламентте Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 30-бабы осы қалпында қабылданатын болса, мемлекеттік тіл жағдайы сол «баяғы жартас бір жартас» күйінде қалайын деп отыр.

Оның үстіне қазір ғаламторда жүрген қылмыстық істер жүргізу, Қылмыстық және Қылмыстық атқару кодекстерінің жаңа жобаларының әлі мемлекеттік тілдегі мәтіні жоқ екенін айтқан жөн. Жобалардың авторлары оларды мемлекеттік тілге аударуды да, мемлекеттік тілде талқылауды да, жөн көрмеген.

Осы айтылғандардан туындайтын қорытынды – мемлекеттік тілге деген өгей көзқарасты өзге емес өзіміз қалыптастырып отырғанымыз ақиқат. Негізі заңдар орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылады. Біз неліктен орыс тіліне сүйенеміз, өйткені ыңғайлы, түсінікті. Қабылданып жатқан заңдардың, Үкіметтің қаулы-қарарларын қазақ тіліндегі мәтінінің кейбір нормаларын орыс тіліндегі мәтінімен салыстырмай түсіне алмайсыз. Басқа құқықтық актілерді айтпай-ақ, өзіміз жүгініп отырған Қылмыстық істер жүргізу кодексін алайық. Қолданыстағы осы Кодекстің 37-бабы «Іс жүргізуді болдырмайтын жағдайлар» деп аталады. Осы бапта қылмыстық істі қозғауға болмайтын, ал қозғалған қылмыстық іс тоқтатылуға тиіс жағдайларға «егер ол жасаған әрекет үшін жаза қолдануды жойса, рақымшылық ету актісінің салдары да»(ҚІЖК-нің 37-бабының 1-бөлігінің 3-тармағы) жатқызылған. Осыны оқып көріңіз, бұл сөйлемнің нені меңзеп отырғанын қарапайым адам емес, заңгердің де түсінуі неғайбіл. Ал орыс тіліндегі мәтініне көз жүгіртсек, онда рақымшылық ету заңына байланысты жасаған қылмыстық әрекет үшін жазадан босатылса қылмыстық істің қысқартылатынын түсінуге болады. Оның үстіне рақымшылық туралы заң әрекет үшін жазаны жоймайды, жазадан босатады. Рақымшылық заңына байланысты қылмыстық іс тоқтатылмайды. Қылмыстық іс қысқартылады. Қазақ тіліндегі аудармасының дұрыс емес екендігін біле тұра үндемейміз, оны дұрыстауға, көмектесуге тырыспаймыз. Бұл тілге деген немқұрайлықты көрсетпей ме?! Демек, қызметте жүрген көбімізге бәрібір болғаны ғой?

Осыдан бір ғасырдай бұрын Алаштың ұлы қайраткері Халел Досмұхамедұлы: «Елдің тілі бұзылуына, ең алдымен, оқығандар себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жолбасшы болады» – деп үл­кен көрегендік жасапты. Расында да, бүгін мем­ле­кеттік тіліміз өзінің мәртебелі биігіне жете алмай жатса, бұған «айрықша үлес» қосып жатқандар осы оқыған, көзі ашық өздеріміз емеспіз бе?!

Абай атамыз: «Қазақты түзеу үшін екі-ақ нәрсе керек, әуелі бек – зор өкімет және қолын­да жарлығы бар кісі» – деген екен. Сот ісін мем­лекет­тік тілде жүргізу тек соттардың жұмы­сы емес, бұл өзекті мәселеге Ішкі істер министр­лі­гі­­нің, Қаржы полициясының басшылары және Бас Прокуратура баса назар аударулары керек. Егер осы аталған органдардың басшылары қа­зақ тілінің қоғамдағы рөлін жоғары қойса, сонда ғана осы органдарда жұмыс істеп жүрген қа­зақ­­тар қазақпен қазақша сөйлесер еді, сот ісін жүр­гі­зу толыққанды қазақ тіліне ауыса бастаған болар еді.

Әділ ҚҰРЫҚБАЕВ,

Жоғарғы Соттың судьясы.