Алматы облысындағы Есік қаласының тұрғыны, жергілікті педагогикалық колледждің ұстазы Ермек Төлепованың 18 жылдан бері пайдаланып келе жатқан 507 шаршы метр жері бар. Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің 2003 жылғы 21 тамыздағы №321 қаулысына сәйкес Е.Төлепова 03-054-007-669 кадастрлық нөмірі және 0230904 нөмірлі мемлекеттік акті алды. Жер учаскесінің жоспары да осы мемлекеттік актіде тайға таңба басылғандай көрсетілген. Заңда көрсетілген тәртіппен аудандық әділет басқармасынан тіркеуден де өткен. Барлық құжат тап-тұйнақтай. Жыл сайын егінін салып, өнімін алып, алақандай жердің аз да болса қызығын көріп келе жатқан. Бірақ өзінің осы бір құйтақандай жеріне бөтен біреу көз салып, құжат жасап соттасуы мүмкін-ау деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген еді. Өкінішке қарай, солай болды. Жоғарыда көрсетілген 507 шаршы метр жердің 450 шаршы метр телімін даулаған Қажыман Шаяхметов аудандық сотқа талап-арыз түсіріпті. Сол күннен сот сергелдеңі басталды. Еңбекшіқазақ аудандық сотының судьясы Н.Ыдырысбеков үстіміздегі жылдың 21 қаңтарында шешім шығарады. Шешім Шаяхметов Қажыманның Төлепова Ермекке, Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне, Есік қаласының әкіміне, Еңбекшіқазақ аудандық жер қатынастары бөліміне, Еңбекшіқазақ аудандық әділет басқармасына, аудандық сәулет және қала құрылысы басқармасына әкімнің қаулысын, жер телімінің (Е.Төлеповаға тиісті – Ш.Ә.) мемлекеттік актісін және оның тіркелуін жарамсыз деп тану туралы талап-арызын қанағаттандырған. Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің 2003 жылғы 21 тамыздағы №321 қаулысы, 2003 жылғы 10 желтоқсандағы жер теліміне жекеменшік құқығын беретін №0230904 санды мемлекеттік актімен оның аудандық әділет басқармасындағы мемлекеттік тіркеуі жарамсыз деп танылған. Керісінше, Е.Төлепованың Қажыман Шаяхметовке және жоғарыда аталған мемлекеттік мекемелерге қатысты талап-арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Өзінің редакцияға жолдаған арызында Е.Төлепова аудандық соттың бұл шешімімен келіспейтінін және өзінің құқығы бұзылғандығын айтады. Сотқа қатысқан прокурор А.Омаров осы іске қатысты апелляциялық наразылығында сот шешімін бұзып, қайта қарауға жіберуге сұраған. Себебі, бірінші сатыдағы сот Төлепованың көрсетпелеріне толық баға бере алмаған. Сонымен кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
Талапкер Е.Төлепова Алматы облыстық сотына апелляциялық шағым түсіреді. Бұл шағымда Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің 2003 жылғы №321 санды қаулысына сәйкес Е.Төлеповаға Есік қаласы, Абай көшесіндегі нөмірсіз үйдегі мекен-жайдан көлемі 507 шаршы метр болатын жер телімі берілген. Осы құжат негізінде Е.Төлепова мемлекеттік акті алған және бұл құжатты заңда көрсетілген тәртіппен аудандық әділет басқармасынан тіркеуден өткізген. Ал Қ.Шаяхметовке дау болып отырған жер телімі Е.Төлеповадан әлдеқайда кеш, атап айтқанда бұл жер телімі Қ.Шаяхметовке 2005 жылы 28 маусымда берілген. Оның жер теліміне деген құқығы 2006 жылы ғана тіркеуден өткен. Сөйтіп, сот кезінде дау болып отырған жер теліміне меншік құқығы Е.Төлеповада Қ.Шаяхметовтен бұрын пайда болғандығы анықталғанымен, сот шешімі керісінше қабылданып отыр. Бірақ сот тарапы бұл мән-жайды назарға алмаған. Осы жағдайды сарапқа салар болсақ, жер учаскесінің берілу мақсаты ешқандай маңызға ие емес. Олай дейтініміз, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 28 шілдедегі “Соттардың жер заңдарын қолдануының кейбір мәселелері туралы” нормативтік қаулысының төртінші бабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғаларының жер учаскесіне тиісті құқықтары туындайтын құжаттар жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар болып табылады, оларға, атап айтқанда, әкімдердің жер учаскесіне құқық беру туралы құқықтық актілері және тағы басқа құжаттар жатқызылады. Ал жер учаскесінің берілу мақсаты көрсетілген жер учаскесіне жекеменшік құқық беретін акт тек осы құқықты куәландыратын құжаттар болып табылады.
Е.Төлепова апелляциялық шағымында сот шешім қабылдаған кезде істі Шаяхметовтің пайдасына шешудің негізгі дәлелі ретінде Тоқатаев атындағы орта мектептің жылыту қазандығы орнын (котельный) Еңбекшіқазақ аудандық жылу жүйелері кәсіпорны (ЕАЖЖК) мекемесінің өкілі Б.Ауғамбаевтың Шаяхметовке қарыз болған жалақысы есебінен беру туралы келісім-шарты мен оны өткізу-қабылдап алу туралы актіні назарға алып отырғаны жөнінде айтады. Соттың бұл тұжырымы дұрыс емес. Себебі, ЕАЖЖК мекемесі сол кезде осы жылу қазандығы орнын өз атына тіркеуден өткізбеген. Оған меншік құқығы болмаған. Сондықтан ЕАЖЖК мекемесінің аталған жерді басқа біреуге беруге құқығы жоқ. Осы жағдайларға байланысты соттың тұжырымымен келіспейтін Е.Төлепова апелляциялық шағымында Ауғамбаев пен Шаяхметов екеуінің арасында жасалған келісім-шарт пен өткізіп-қабылдап алу актісі жекеменшікке құқық белгілейтін құжаттар қатарына жатпайтынын айтады. Жекеменшікке құқық белгілейтін құжат болуы үшін осыған уәкілетті тиісті органдардың шешімі болуы керек. Яғни, Шаяхметовке дау болып отырған жер телімі берілген кезде оның от жағатын орынға (котельный) оның ешқандай меншік құқығы болмаған. Сонымен қатар осы аталған келісім-шарт пен өткізіп-қабылдап алу актілеріне сәйкес Шаяхметовке тек от жағатын орын (котельный) ғана берілген. Бұл құжаттарда жер телімі көрсетілмеген. Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігі жанындағы жылжымайтын мүлікті жекешелендіру комиссиясының 2007 жылғы 23 шілдедегі №902 “Азамат Шаяхметов Қажыманға жылжымайтын мүлікті – Тоқатаев атындағы орта мектептің от жағатын орнын жекешелендіру туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы” шешіміне сәйкес, Шаяхметов осы от жағатын орынды осы шешім негізінде-ақ жекешелендіріп алған. Өткізу-қабылдап алу актісіне сәйкес бұл от жағатын орын тек 2008 жылдың 18 ақпанында ғана пайдалануға берілген. Яғни, Шаяхметовтің осы от жағатын орынға меншік құқығы жер телімі берілген уақытта емес, тек 2007 жылы ғана пайда болған.
Сот өз шешімінде “сот отырысы кезінде дау болып отырған жер телімінің үстінде Тоқатаев атындағы орта мектептің от жағатын орны орналасқандығы және осы жер телімі от жағатын орыннан бос болмағандығы толығымен анықталды” деп көрсеткен. Жоғарыда айтылғандай, осы дау болып отырған жер телімі Шаяхметовке берілген кезде аталған от жағатын орынға оның ешқандай меншік құқығы болмаған. Сондай-ақ соттың “от жағатын орын дау болып отырған жер телімінің үстінде орналасқан” деген тұжырымы да дұрыс емес. Е.Төлепованың атына берілген жер телімінің мемлекеттік актісіне сәйкес от жағатын орын оның жер телімінің үстіне орналаспаған. Оған берілген жер телімі барлық сәулет-құрылыс, санитарлық нормаларды сақтай отырып, от жағатын орынды айналып өткен.
Сот шешімінде Қ.Шаяхметовке жер телімін берген кезде Еңбекшіқазақ аудандық әкімшілігі, жер қатынастары бөлімі және Шаяхметовтің өз тарапынан Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабының талаптары толығымен орындалған деп көрсетіп, Шаяхметовтің атындағы кадастрлық істегі барлық құжаттарды тізіп шыққан. Бірақ, неге екені белгісіз, сот дау болып отырған жер телімі Е.Төлеповаға берілген кезде де жоғарыда көрсетілген уәкілетті органдар тарапынан және Е.Төлепованың тарапынан Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабының талаптары толығымен орындалғандығын назарға алмайды. Неге? Жауабы жоқ сұрақтың бірі осы.
Е.Төлепова “дау болып отырған жер телімі маған Қ.Шаяхметовтен бұрын берілген және оған деген құқығым тіркеуден бұрын өткізілген, соған қарамай менің меншік иесі ретіндегі құқығым бұзылды” десе, сот шешімінде “Төлепованың бұл тұжырымы назарға алуға жатпайды” деп кесіп тастаған. Бірақ, Төлепованың заңды талаптары неге, қандай себептермен және қай заңға сәйкес назарға алынуға жатпайтыны сот шешімінде көрсетілмеген. Бұл не сонда, “Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарсаның” кері ме?
Қ.Шаяхметовтің өкілі сот отырысы кезінде “Есік қаласының аумағында тұрғын үйге қызмет жасау үшін жер телімін беруге рұқсат етілмейді” деп көрсеткен. Бірақ ол өзінің осы тұжырымын дәлелдейтін дәлелдеме немесе осыған сәйкес заңдық күші бар нормативтік актілерді сотқа тапсырмаған. Керісінше, мұндай тыйым салу ешқандай құқықтық актілерде қарастырылмаған. Осы сот отырысы кезінде аудандық жер қатынастары бөлімі және Есік қаласы әкімінің өкілдері өздерінің жауаптарында 2003 жылдары тұрғын үйге қызмет жасау үшін жер телімін беру тәжірибеде болғандығын, сол себепті Е.Төлеповаға берілген жер телімінің мемлекеттік актісі заңды екендігін айтқан. Бірақ бұл уәждер де сот тарапынан қаперге алынбаған. Неге? Тағы да жауабы жоқ сұрақ.
Сонымен сот шешім шығарды. Е.Төлепованың пайдасына емес, Қ.Шаяхметовтің пайдасына. Жауабы жоқ сан сұрақтардан сарсылған Төлепова сот атаулыдан түңілгендей болып еді. Соттың сергелдеңінен шаршаған ол, бәріне қолын бір сілтеп, жерден баз кешуге дейін ойлады. Бірақ, түбі бір әділдік болар деген үміті де үзілмеген еді. Бекер үміттенбепті. Оның Алматы облысы сотына жазған апелляциялық шағымы қаралып, аудандық соттың шешімі бұзылып, істі осы сотқа, бірақ басқа құрамда қарауға қайта жолдапты.
Е.Төлепованың редакцияға жолдаған арызын тексеру барысында біз Алматы облыстық сотының азаматтық істер бойынша алқасының төрағасы Е.Тотыбайтегімен кездесіп, осы іс бойынша пікірін сұраған едік.
– Азаматтық іс жүргізу кодексінің 219-бабы, бірінші бөлімінде көрсетілгендей, шешім шығарған кезде сот дәлелдемелерге баға береді, – деді Е.Тотыбайтегі, – Іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын, тараптардың құқықтық қатынастарының қандай екенін, осы іс бойынша қандай заң қолдануға тиісті екенін және қойылған талаптың қанағаттандырылуға жататынын не жатпайтынын айқындайды. Бірақ осы көрсетілген заң талаптары аудандық сот судьясы тарапынан орындалмаған. Шешім шығарар кезде талапкердің ғана уәждері қаперге алынып, жауапкердің уәждері назарға алынбаған, құқықтық баға берілмеген. Осындай және осы сияқты бірқатар кемшіліктер анықталғаннан кейін аудандық сот шешімін бұзып, істі сол сотқа, бірақ басқа құраммен қайта қарауға жолдадық...
Аудандық соттың шешімінен көңілі қалған Е.Төлепова облыстық соттың қаулысына қуанғанын жасыра алмады. “Әділдік бар екен, – дейді ол толқығанын жасыра алмай, – аудандық соттың шешімінен кейін түңіліп кетіп едім. Ақиқаттың көзі бар екен. Бірақ бұл іске әлі нүкте қойылған жоқ. Ақыры қандай боларын кім білсін?..”
Төлепованың мазасызданатындай жөні бар. Себебі бұл іс сол аудандық сотта қайта қаралатын болды. Егер облыстық соттың қаулысындағы талаптар орындалар болса, оның көңілі көншір... Ал алғашқы шешімдегідей жауабы жоқ сұрақтар ғана болса ше? Сергелдеңнің көкесі сонда болар.
Шарафаддин ӘМІР, Алматы облысы.