Қазақтың біртуар ақыны, халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің туғанына биыл 85 жыл. Осыған орай ақынның құрметіне Қапшағай қаласында бюст орнатылып, "Қазақтың Қадыры" кітаптың тұсаукесері өтті.
Ақын мүсіні қоладан құйылған. Ескерткіштің Қапшағайда ашылуы тегін емес, өйткені дәл осы жер ақын Қадыр Мырза Әлінің туып, өскен жері Ақ Жайықты еске салады. Бюстің ашылуына ақынның жақындары, ізбасарлары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Шараны Қадыр Мырза Әлі атындағы қоғамдық қоры ұйымдастырған.
"Демалуға келген адамдар тек қана суға шомылып кету үшін емес, қазақтың мәдениетімен сусындауға, әдебиетімен жақынырақ танысуға осы демалыс орны үлкен жағдай жасап тұр ғой деп ойлаймыз. Бүгінгі іс-шара соның алғашқы бастамасы деп есептеймін", деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қадыр Мырза Әлі атындағы қоғамдық қор кеңесінің төрағасы Мереке Құлкенов.
Ақын көзі тірісінде өзінің 70 жылдық мерейтойында "Маған түк те керегі жоқ, сенсеңіз" атты өлеңін оқып береді. Сол сәті фотосуретке сәтті түсіп қалған екен. Мүсінші ақын бейнесін сол суретке қарап жасаса керек.
"Бюстті жасауда мен үшін ақынның өр мінезін, көзқарасын, халықтың адамы болғанын дұрыс жеткізе білу керек болды. Оның еңселі бейнесін, өлең оқып тұрған сәтін алып шығуға көп көңіл бөлдім. Мүсін халық көңілінен шығады деген үміттемін", деді мүсін авторы Тимур Ермұхаметов.
"Жалпы ағаларың скульптураға өзі келіп тұрған адам. Ешқандай қиындықсыз жасауға болады. Былайша айтқанда "типаж". Маған ұнады. Әуелде дайын болмай тұрғанда эскизін маған көрсеткен. Ең дайын болғандағысы осы, өздеріңіз көріп тұрсыздар. Өте керемет, келісті, әдемі шыққан", деді Қадыр Мырза Әлінің жары Салтанат Мырзәлиева.
Бұдан бөлек ақынның шығармашылығы туралы шағын кітап көрме ашылып, демалыс аймағына шыршалар егілді. Қадыр Мырза Әли 50-ден астам поэзиялық жинақтардың, әдеби-сыни және балалар кітаптарының авторы. Қазақ оқырмандарын әлем халықтарының жұмбақтарымен таныстырған аудармашы. Оның өлшеусіз еңбегі келешек еншісіне мәңгі мұра болып қалары анық.