Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2020

Жамбыл облысында 19 мың адам вакцина қабылдаған

156 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысында коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық қарқынды жүргізілуде. Мұндағы басты мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан да өңірде тұмауға қарсы вакцина егу жұмыстары жылдағыдан ерте, яғни 15 қыркүйектен басталып кетті. Содан бері бір аптаның ішінде облыс бойынша 19 000-ға жуық азамат вакцина қабылдаған, деп хабарлайды Egemen.kz

Жамбыл облысында 19 мың адам вакцина қабылдаған

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдегі медицина мекемелерінің  қызметкерлері екпені өздеріне бірінші болып салдырған. Сондай-ақ, медициналық ұйымдар сапалы әрі тиісті зертханалық сынақтан өткен вакцинамен қамтылған. Дәрігерлер күз айларында жедел респираторлық вирустық инфекция мен тұмаудың өршитінін айтуда. Сондықтан да биыл халықты вакцинациялау аса маңызды. Өйткені, мамандар коронавирус індеті тұмаумен қабаттасып, эпидемиологиялық жағдайды асқындыруы мүмкін екенін ескертеді.

Вакцина – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің пакетіне кіреді және халықтың белгілі бір тобы үшін тегін жүргізіледі. Атап айтқанда,  созылмалы ауруы бар 18 жасқа дейінгі балаларға, медицина қызметкерлеріне, жүкті әйелдер мен балалар үйлерінің және мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілеріне, мүгедектер мен созылмалы ауруы бар адамдарға, сондай-ақ, 60 жастан асқан қарияларға тегін салынады. Тұмауға қарсы жоспарлы екпе егу жұмыстары қараша айына дейін жалғасады.

 

Жамбыл облысы